Accessibility links

Трамп пен Путиннің қол алысуының астарында не бар?


АҚШ президенті Дональд Трамп (оң жақта) пен Ресей президенті Владимир Путиннің алғаш рет кездесудегі қол алысуы. Гамбург, 7 шілде 2017 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп (оң жақта) пен Ресей президенті Владимир Путиннің алғаш рет кездесудегі қол алысуы. Гамбург, 7 шілде 2017 жыл.

Мәскеу мен Вашингтон басшылары арасындағы келіссөздер қашанда әркез тарих, әскери қуат пен әлемдік тәртіп орнатуға бақталастық көзқарас тұрғысынан өлшенсе де, Владимир Путин мен Дональд Трамптың алғашқы кездесуін тарихи оқиғаға балауға болады.

Қос ядролық державаның екіжақты қарым-қатынасы соңғы отыз жыл бедеріндегі төмен деңгейде болуы қырғи-қабақ соғыс стиліндегі әскери текетіресті жаңғыртуы мүмкін деген қауіп туғызады. Жарты жыл бұрын президенттік міндетіне кіріскен Дональд Трампқа АҚШ барлау қызметінің америкалықтардың президенттік сайлауына Ресей араласты деген қорытындысы біршама қырсығын тигізді, сол сайлаудың нәтижесінде ол Ақ үйге билікке келген еді.

Қазір президенттігінің үшінші мерзімін атқарып отырған Владимир Путин Ресей қарулы күштерін жаңғыртуға тырысып жатыр, көпшілікке кеңінен танылған. Бірақ ел экономикасы қиындыққа кезіккен, тұрғындар қартайып барады, сыбайлас жемқорлық тамырын тереңге жайған, елдің саяси жүйесі Путиннің жеке басына барынша тәуелді.

Трамп Кремльмен ортақ тіл табысу қажеттілігі туралы бірнеше рет мәлімдеген. Оның сөзінен жақсы қарым-қатынас пен оң әдісті қызметіне пайдалы санаған бұрынғы АҚШ басшыларының сарыны байқалады. 2008 жылы Ресей Грузияға шабуылдағаннан кейін Барак Обама Путинмен қарым-қатынасты "қайта жүктеуге" тырысып көрді. 2001 жылы Путиннің көзіне үңілген кіші Джордж Буш "оның жан әлемін көрдім" деп мәлімдеген. Путинге дейін Ресейді басқарған Борис Ельцинмен ағайынгершілік қарым-қатынаста болған Билл Клинтон оның президенттігіне қолдау білдірді – әсіресе қиындыққа толы 1990 жылдары тікелей жәрдем жасады.

Егер тарихтың қайталануына жол бермеуге Трамптың шамасы жетсе, онысы салмағы айтарлықтай жетістік болмақ. Екі ел басшыларының кездесуінен соң келесідей бес түрлі түйін жасадық.

КЕЗДЕСУГЕ КІМДЕР ҚАТЫСТЫ?

Кездесу қарсаңында америкалық сарапшылар мен ресейлік бақылаушылар Путин мен Трамптың кездесуі өтетін бөлмеде олармен бірге кімдер болатыны туралы сырттай тон пішіп, бас қатырған еді. Нәтижесінде кездесуге екі мемлекеттің дипломатиялық қызметі басшылары – Рекс Тиллерсон мен Сергей Лавров және аудармашылар қатысты.

Трамп пен Путин келіссөз бөлмесінде қол алысып отыр. Гамбург, 7 шілде 2017 жыл.
Трамп пен Путин келіссөз бөлмесінде қол алысып отыр. Гамбург, 7 шілде 2017 жыл.

Бақылаушылардың көбі кездесуге қатысады деп болжаған Ақ үйдегі Ресей жөніндегі бас маман Фиона Хилл оңаша отырысқа кірген жоқ. Осы себепті АҚШ тарабы тіл, тәжірибе мен путиндік прагматизмді, сонымен бірге Ресейдің ішкі динамикасын терең түсінуден құр қалды.

Тиллерсон Ресей туралы әжептәуір жақсы білгенімен, ол ExxonMobil мұнай алыбын басқарған және ресейлік "Роснефть" мемлекеттік мұнай компаниясымен келісімшар жасасқан кәсіпкер. Ал Ресейде президент үш рет ауысса да әлі сыртқы істер министрі қызметінде отырған Лавровтың АҚШ-пен дипломатиялық қарым-қатынас жасау тәжірибесі сонау Брежнев кезеңінен бастау алады.

ҚОЛ АЛЫСУ

Трампты бақылаушылар үшін президенттің қол алысуы, ишара білдіруі тәрізді іс-қимылы оның әлемдік лидерлермен қарым-қатынасындағы бейресми көрсеткішке айналған. Трамптың Жапония премьер-министрі Синдзо Абэмен 19 секунд бойы қол алысқаны, Германия канцлері Ангела Меркельдің қолын алмай қалғаны, Франция президенті Эммануэль Макронмен "аяусыз амандасқаны" президенттің шетелдік әріптестеріне не жеткізбек болғанын түсінуге тырысқан әуесқой психологтарға біраз азық болды.

Путинмен оңаша кездесу алдындағы фотосессия кезінде қол алысуы алдыңғылардай емес, рәсімдік сипаты бәсеңдеу болды. Оның алдына Трамп "үлкен жиырмалық" жетекшілерімен кездескенде бұдан гөрі еркіндеу бейресми амандасқан болатын. Қысқа видеороликте лауазымды тұлғалар үстел маңына жиналған кезде Трамптың Путинге қол созып жатқаны, сосын шынтағынан қағып, жымиғаны бейнеленген, кейінгі көріністе Трамп өзімен қатар тұрған Путинді арқасынан қағып жатыр.

- Сізбен бірге болу маған үлкен құрмет, - деді Трамп Путинге.

Путин оған "сізбен кездескеніме қуаныштымын" деп жауап берді.

- Олардың арасында өте айқын, оңды химиялық реакция болды, - деді кейін журналистерге Тиллерсон.

Ал олардың бірінші қол алысуы ше? Шамамен екі секундқа жетер-жетпес уақытқа созылған тәрізді.

ТАҚ-ТҰҚ, ТАҚ-ТҰҚ

"Үлкен жиырмалық" саммитімен салыстырғанда маңызы сәл төмен кездесуге әуелде 35-40 минут уақыт жоспарланғаны, алайда әңгімелесу 2 сағат 15 минутқа созылғаны хабарланды. Бұл демек президенттер ауа-райы мен қандай галстук таңдағаны туралы әңгімемен шектелмегенін аңғартады.

Абэмен кездесуді күтіп отырған журналистерге берген сұхбатында Путин Трамп екеуінің Украина, Сирия, терроризммен күрес туралы сөйлесіп, киберқылмыс пен киберқауіпсіздік мәселелерін талқылағанын жеткізді. Бірақ кездесудің жай-жапсарын айтпады.

Трамп пен Путиннің кездесуі туралы видео:

АҚШ пен Ресей күштері "Ислам мемлекеті" экстремистік тобына қарсы қосарласа, бірақ әртүрі жолмен күрес жүргізіп жатқан Сириядағы жанжалға қатысты келісім туралы қауесет Трамп пен Путиннің кездесуі аяқталғанға дейін-ақ тараған. Кейінірек Лавров баспасөз мәслихатында қос президенттің соғысты тоқтату туралы келісімі шілденің 9-ынан бастап Сирияның кейбір аумақтарында күшіне енетінін мәлімдеді.

Екі елде де аты-жөнін атамаған ресми тұлғалар таратып жатқан маңызды ақпараттарға қоса жақын күндері Мәскеу мен Вашингтоннан тағы да көптеген мәлімдемелер айтылуы мүмкін. Тиллерсон қос президенттің кездесуінің ұзаққа созылуының себебі туралы қойылған сұраққа: "олар талқылайтын мәселелер көп болғандықтан" деп жауап берді.

АЙТЫЛМАЙ ҚАЛҒАН ЖАЙТТАР

Әдеттегідей, мұндай жоғары деңгейдегі кездесулерде әңгімеге арқау болған мәселелермен бірге айтылмай қалған дүниелер де өте маңызды. Лавровтың сөзінше, өткен жылдың желтоқсанында Обама әкімшілігі америкалық сайлауалды науқанға Ресейдің араласуы ықтимал деген күдікке жауап ретінде алып қойған екі ресейлік дипломатиялық саяжайды қайтаруға АҚШ тарапынан әлі келісім берілген жоқ. Вашингтонның ол ісіне шағым айтқан Ресей қарымта ретінде АҚШ-тың Мәскеудегі дипломатиялық меншігін тартып аламыз деп қоқан-лоққы жасаған.

АҚШ-тың Украина бойынша арнайы өкілін жаңадан тағайындауына қатысты Лавров еш пікір білдірмеді. Арнайы өкіл Украинадағы жанжалды доғару мақсатын көздейтін Минск келісімін жүзеге асыру үшін тағайындалған. Бірақ, оның комментарийлері мен Тиллерсонның сөзіне қарағанда, Минск келісіміне қол қойған Ресей, Украина, Франция мен Германияны міндеттемелерін орындауға мәжбүрлейтін келісім болған емес.

Сонымен бірге "қырғи-қабақ соғыс" кезінде жасалған қару-жарақты бақылау келісімі тәрізді Мәскеу мен Вашингтон арасында келіспеушілік тудыратын өзге де жайттар жайлы айтылмады.

Сондай-ақ Трамптың Польшаға жасаған сапары да ауызға алынбады. Гамбургке барар алдында жол-жөнекей Варшаваға соққан Трамп Ресейдің ежелгі дұшпаны – НАТО-ға толық қолдау танытатынын мәлімдеп, Ресейді кейбір еуропалық елдерге тұрақсыздық әкелді деп айыптаған. Бұған қоса Трамп "Патриот" зымыранға қарсы қорғаныс жүйесін поляк әскерилеріне сатуды қолдады және Ресейге өш мемлекеттің оңшыл үкіметіне жоғары баға берді.

ЕҢ ҮЛКЕН КЕДЕРГІ

Трамп пен Путиннің қарым-қатынасында ең үлкен кедергіге айналған мәселе (екеуі де оны терістейді) – Ресейдің 2016 жылғы АҚШ-тағы сайлауалды науқанға араласқаны. Тиллерсон атап өткендей, Трамп кездесу басында өзін алаңдатқан сайлауға килігу мәселесі туралы айтқан. Тиллерсонның сөзінше, орыстардың бірі – не Путин, не Лавров ондай іс-әрекеттің болғанына дәлел сұраған.

"Президент Ресейдің қатысы бар екенін Путинге бірнеше рет айтты. Путин ондай араласудың болғанын терістеді, менің ойымша, оның бәрі өткен әңгіме", - деп мәлдімдеген журналистерге Тиллерсон.

Лавров болса Путиннің сайлауға араласпағандары туралы Трампқа нақты ескерткенін мәлімдеді. Оның айтуынша, екі тарап та киберқылмыс пен киберқауіпсіздік мәселелерін шешу үшін бірлескен жұмыс тобын құруға келіскен.

Владимир Путиннің баспасөз мәслихаты жайлы видео:

Путин Трамп жайлы: "Ол жауабыма қанағаттанды"
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:29 0:00

Бірақ тарихқа көз жүгіртсек, өткен шақта мұндай талпыныстан ештеңе шықпағанын көреміз. Орыстар мен америкалықтар кибермәселені шешу үшін бұрын да күш біріктірген. Бірақ Ресейдің үкіметтік агенттіктері ресми және бейресми жобаларға ресейлік хакерлерді тартып, ал АҚШ ірі компьютерлік шабуылдар жасағаны үшін ресейлік хакерлердің ізіне түсіп, оларды экстрадициялаумен аяқталған.

Ресейдің АҚШ сайлауына араласуы – тараптар үлкен мүдде танытатындай проблема емес тәрізді. АҚШ барлау қауымдастығы айтқандай, Ресей өз мүддесі үшін сайлауға араласқанын мойындаса Трамптың президент сайлауындағы жеңіске жетуін күмәнді етіп, оның заңдылығына шәк келтірері анық. Ал Путин үшін Ресей АҚШ-тағы сайлауға ықпал етті деп мойындау Вашингтонмен байланысы бар көптеген еуропалық елдерде де осындай жағдай қайталанып жатыр дейтін көптеген сарапшылардың күдігін шындыққа айналдырар еді. Және бұл америкалықтар тарапынан қарсы шараларға ұласуы мүмкін.

XS
SM
MD
LG