Accessibility links

"Болар іс болды". Қырымның 10 жыл бойғы аннексиясына Астананың көзқарасы


Қырым аннексиясына 9 жыл толуына орай өткен шарада суретке түсіп тұрған әйел. Ресей, Санкт-Петербург, 18 наурыз, 2023 жыл.
Қырым аннексиясына 9 жыл толуына орай өткен шарада суретке түсіп тұрған әйел. Ресей, Санкт-Петербург, 18 наурыз, 2023 жыл.

Осыдан 10 жыл бұрын Ресей Қырымды аннексиялады. Түбекті басып алмас бұрын территорияны Украинадан бөлу туралы референдум өтті. Әлемнің көптеген елі оны мойындаған жоқ. Қазақстан екіұшты тұжырымды алға тартты. Осы он жыл ішінде Астанада Қырым тақырыбы қалай өрбіді және елде оған қалай қарайды?

"Қырым кімдікі?" Қырым түбегінің аннексиясынан кейін бұл саяси көзқарасты анықтайтын сұраққа айналды. "Украинаныкі" деген жауап сіздің Кремль саясатының қарсыласы екеніңізді білдіреді. "Ресейдікі" десеңіз, оны жақтаушысыз.

Бірақ бәрі бірдей нақты жауап бермейді. Кейде "Ол біржақты мәселе емес" деген жауап алуға болады. Бұл жауап қазір мемге айналып кеткен.

Тіпті кейде бүтін бір мемлекеттердің жауабында біржақтылық болмайды.

Украинаға тиесілі түбек басып алынғаннан кейін Астана "БҰҰ Жарғысына сәйкес халықаралық құқықтың іргелі қағидаттарын ұстанатынын" мәлімдеді. Сонымен бірге ол "Қазақстан Қырымда өткен референдумды осы автономиялық республикада өмір сүретін халықтың еркін таңдауы деп қабылдады және қазіргі жағдайда Ресей Федерациясының шешіміне түсіністікпен қарайды" деп атап өтті.

СЫРТҚЫ САЯСИ ФАКТОРЛАР

Қазақстан Қырымды Ресейдің бір бөлігі деп ресми түрде мойындаған жоқ.

Аннексия болған тұста елді Нұрсұлтан Назарбаев басқарып тұрған. Ол бұл тақырыпты барынша айналып өтуге тырысты.

Қазақстандық БАҚ 2018 жылы Петропавлда өткен Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумында Назарбаев хаттамасының қызметі Ресей тарапы әкелген Қырым көпірі бар стендті (Ресей мен Керчь бұғазы арқылы түбекті байланыстыратын көпірді Ресей Президенті Владимир Путиннің досы кәсіпкер Аркадий Ротенберг салған; Украина құрылысты заңсыз деп санайды) "бірдеңемен" жауып тастауды өтінген деп жазды. Мәскеу бұл көпір – елдің мақтанышы деп, өтініштен бас тартты. Нәтижесінде Назарбаев пен Путиннің туристік көрмені аралау бағыты сол бір қырсық шалған стендтті айналып өтетіндей етіп өзгертілген.

Керчь көпірі.
Керчь көпірі.

2019 жылы наурызда Назарбаев өз өкілетін Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырғанын шетелдік БАҚ көп жазды. Олар президенттің көзі тірісінде орнын басқаға беруін Орталық Азиядағы тұңғыш оқиға деп бағалады. Тоқаев президенттікке келгеннен кейін қайта-қайта батыс медиасына сұхбат берді. Солардың алғашқысы – немістің Deutsche Welle хабар таратушысы одан Қырымды аннексиялауға қатысты көзқарасын сұрады. Бұл бәрі күткен сұрақ болатын.

"Қырымдағы жағдайды аннексия деп айта алмаймыз. Болар іс болды. Аннексия – Қырымға қатысты айтылған тым ауыр сөз", – деп жауап берді кәсіби дипломат, бұрынғы БҰҰ бас хатшысының орынбасары Тоқаев.

Киев оның бұл пікіріне алаңдап қалды. Ресей саясаткерлері болса, Тоқаевтың сөзін құптап, тіпті кейбір Батыс басшыларын одан "үлгі алуға" шақырды.

Қазнет шуылдап қоя берді: қолданушылар Тоқаевтың сөзінен ресейшіл пиғыл аңғарғанын, Қырым туралы сұраққа Қазақстанның екінші президенті атанған, өзін ұзақ жылдар бойы жоғары деңгейлі дипломат деп танытқан адам бұлай жауап бермеуі керек екенін айтты.

Назарбаев Қырым мәселесі бойынша өкілетін тапсырғаннан кейін пікір білдіруді жөн көрген: америкалық режиссер Оливер Стоунның "Қазақ. Алтын адамның тарихы" фильміне енген сұхбатында ол Қырымды Ресейдің бір бөлігі ретінде мойындаудың салдары бар екенін, Астана одан мейлінше аулақ болғысы келетінін айтты.

"[Қырымда] референдум болды. Біз Қырымды Ресейдікі деп мойындамадық, өйткені одан кейін маған Осетияны, Абхазияны, Косовоны мойындау керек болды. Косово да бізге мойында деген өтініш айтты", – деп мәлімдеді Назарбаев.

БҰҰ бас ассамблеясы 2014 жылы Қырымда өткен референдумды заңсыз деп танып, ол түбектің мәртебесін өзгертуге негіз бола алмайды деді. Құжатқа 100 ел дауыс берді. Қазақстан қалыс қалды.

Кейін де БҰҰ-дағы дауыс беру кезінде Астана Ресей тарапына сын айтылған резолюцияларды қолдаған жоқ. Мәселен, 2022 жылдың желтоқсанында Ресей Украинаға толық басып кіргеннен кейінгі дауыс беру кезінде Қазақстан "Украинадағы уақытша басып алынған Қырым автономиялық Республикасы мен Севастопольдегі адам құқықтарының жағдайы" құжатына қарсы шыққан Беларусь, Иран, Солтүстік Корея және Сирия сияқты тағы тоғыз елдің қатарында болды. Резолюцияда Ресейге Украинаға қарсы агрессияны дереу тоқтату және ел аумағынан қарулы күштерді шығару туралы талап болған еді.

ІШКІ САЯСИ АСПЕКТІСІ

2019 жылы желтоқсанда Тоқаев жоғарыда атап өткен Deutsche Welle-ге берген сұхбатында сондай-ақ Қырым аннексиясы мен Украинаның шығысында басталған, Ресейдің сепаратистерге әскери көмек берген қақтығыс Қазақстанға қауіп төндірмегенін айтты. Ол еліміздің"Ресей Федерациясымен арадағы қарым-қатынасы толықтай сенімге құрылған, біз тату көршіміз" деді және Астана "Ресей басшыларының даналығы мен адамгершілігіне" сенім артатынын да қосты.

Әйтсе де 2014 жылы болған оқиға ішкі саяси процесстерге әсер етпей қоймады. 2015 жылы күшіне енген жаңа Қылмыстық кодекске "Сепаратистік әрекет" деген жаңа бап енгізілді. Бұл бап бойынша, ең ұзақ жаза – 15 жыл түрме.

Кейінгі жылдары орыс диаспорасының көптеген өкілі тұратын Ресеймен шектес аймақтарда он шақты Қазақстан азаматы сепаратистік әрекеті үшін сотталды. Көбіне оларға интернетте пікір білдіргені, дәлірек айтсақ, Ресей басшылығын Қазақстанның солтүстік, батыс пен шығысындағы қалалар мен аудандарды өз аумағына қосып алуға шақырған үндеулері үшін жазаланды. Расында да қарапайым азаматтардың осы сынды пікірлері Ресей насихатшыларының үндеуі мен Мәскеу саясаткерлерінің мәлімдемесін қайталаған еді. Олар Қазақстанның солтүстік облыстарын орыс халқының "тартуы" деп, кейбірі тіпті территорияларды "кері қайтарсын" деген талап та қойды.

Қырым аннексиясынан соң үш жылдан кейін Қазақстан билігі азаматтардың оңтүстіктен солтүстік аймақтарға "өз еркімен көшу" бағдарламасын іске қосты. Ресми түрде адамдарға "жұмыс күші мол аймақтан" "жұмыс күші тапшы аймаққа" көшу ұсынылды деген ақпарат берілді. Бірақ шынтуайтында бағдарлама орыстілді солтүстік аймақтарға оңтүстіктегі этникалық қазақтарды көшіруді көздеген-тін.

Бірнеше жылдың ішінде кем дегенде тоғыз мыңға жуық адам көшірілді. 2024 жылы бағдарламаның сәтсіз деп танылғаны да рас: қоныс аударғандар мемлекеттен субсидия алды, бірақ жұмыс орнының жетіспеуіне байланысты жұмыс таппай, туған жеріне кері оралды. Солтүстікте демографияның төмендеуі мәселесі әлі де өзекті.

Қырым тақырыбы Қазақстанның білім мен мәдениет саласын да шарпып өтті.

2015 жылы күзде Азаттық Қазақстан мектептерінің география мен тарих пәні оқулықтарында аннексияланған Қырым Ресей Федерациясының субъектісі ретінде көрсетілгені туралы материал жариялады. Содан кейін Украина елшілігі Астанаға мектептердегі оқулықтарды кері қайтару туралы үндеу жолдады. Оқулық әзірлеумен айналысатын "Мектеп" баспасы түзетулер енгізді. Келесі оқу жылында Қырымды Ресей аумағы ретінде көрсеткен абзацтар оқулықтан толық алынды.

2022 жылғы желтоқсанда Алматыда "Россия. Нам 30 лет" фильмінің көрсетілімі өтті. Фильм кейіпкерлері Қырымның аннексияланғанын қолдап, Ресей президенті Владимир Путинді мадақтайды. Көрсетілімге қала оқушыларын шақырды. БАҚ бұл мәселені көтере бастағанда шенеуніктер гимназия директоры оқушыларды білім басқармасының келісімінсіз жібергенін, сол үшін директорға сөгіс жарияланғанын айтқан. Кейін Ресейдің Алматыдағы бас консулдығы мен "Россотрудничество" (Мәскеу қаржыландыратын, шетелде, әсіресе постсоветтік елдерде орыс тілі мен орыс мәдениетін дамытумен айналысатын агенттік) өкілдері мектептерге идеологиялық фильмге оқушыларды шақыру туралы ұсыныс жасағаны мәлім болды.

Россотрудничество 2023 жылы жазда аннексияланған Қырымға балалар жіберумен де айналысты. Бұл Ресей мұнай базалары мен түбектегі әскери нысандарды жарып, Украина жерін толық басып ала бастаған шақ болатын. Оқушыларды түрлі халықаралық конкурстар өткізілетін "Артек" лагеріне орналастырды.

Қазақстанның білім министрлігі сапарға еш қатысы жоғын, жауапкершілік әуел баста-ақ оқушылардың ата-аналарына жүктелгенін мәлімдеді. Артынан ата-аналармен "сұхбат жүргізуге" уәде берді.

Бұдан кейін де қазақстандық оқушыларды Қырымға апару толастамады.

УКРАИНАМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСТЫҢ ӘЛСІРЕУІ

2022 жылы Ресей Украинаның тағы төрт облысын басып алды. Майдан шебі бірнеше жылдан бері мүлдем өзгерген жоқ. Сарапшылардың көбі соғыста Ресей әлсіреп барады деген пікір айтады. Бұл жағдайда Кремльдің Орталық Азия елдеріне ықпалы сөзсіз бәсеңдейді. Саясаттанушылар да Орталық Азия астаналарының Мәскеуден алшақтай бастағанын байқаған.

Бірақ Британ зерттеушісі, Chatham House-тің Еуразия бойынша маманы Кейт Маллинсон іс жүзінде Қазақстан Ресейден алшақтамады деп санайды. Керісінше солтүстіктегі көршіміздің ықпалы артты: Ресейдің Қазақстан экономикасына ықпалы өсіп, ірі уран кен орнына қол жеткізді, елде тіркелген компаниялар арқылы санкция салынған өнімдерді алып отыр деп жазған болатын Маллинсон ақпанның соңында жарияланған мақаласында. Сарапшы алдағы "күрделі геосаяси онжылдықта" да бұл тренд жойылмайды деген болжам айтады.

Астананың Киевпен қарым-қатынасы да әлсіреген. Соғыс болған екі жылдың ішінде Тоқаев Украинадағы әріптесі Владимир Зеленскиймен төрт рет телефон арқылы сұхбаттасты: 2022 жылы – екі рет, 2023 жылы – бір рет және 2024 жылы – бір рет (Қазақстан Президенті Путинмен он шақты рет кездесті).

Владимир Путин (сол жақта) және Қасым-Жомарт Тоқаев II Еуразия экономика форумында. Мәскеу, Ресей. 24 мамыр 2023 жыл.
Владимир Путин (сол жақта) және Қасым-Жомарт Тоқаев II Еуразия экономика форумында. Мәскеу, Ресей. 24 мамыр 2023 жыл.

Украинаның Қазақстандағы елшісінің орны бір жарым жылдан бері бос тұр. 2022 жылғы қазанда Петр Врублевский бұл лауазымнан шеттетілген болатын. Оған елшінің Қазақстан блогеріне берген даулы сұхбаты себеп болды. Соғыста Ресей агрессиясына тойтарыс беремін деп азаматтарынан айырылып отырған мемлекеттің елшісі "Қазір неғұрлым көп орыстың көзін жойсақ, балаларымыз соғұрлым аз жапа шегетін болады", – деген болатын.

Қазақстан СІМ Врублевскийдің кешірім сұрағанын растады. Мәскеу Украина дипломатын елден қууды қатаң түрде талап етті. Ақыры Врублевский Қазақстаннан кетті. Оның орнына сол күйі ешкім тағайындалмады.

XS
SM
MD
LG