Accessibility links

CNN: АҚШ Қара теңізге кемесін жібермекші


Ресей ұстаған украин әскери кемелері Керчь портында тұр. 28 қараша 2018 жыл.
Ресей ұстаған украин әскери кемелері Керчь портында тұр. 28 қараша 2018 жыл.

Америкалық CNN телеарнасы АҚШ Қара теңізге әскери кеме жіберуді жоспарлап отырғаны туралы хабарлады. Бұл Ресей Керчь бұғазында украиналық үш кеме мен олардың экипаждарын ұстағаннан кейін Мәскеу мен Киев арасындағы жағдайдың шиеленісуіне байланысты.

CNN желтоқсанның 5-і таратқан ақпарат бойынша, америкалық әскерилер АҚШ Мемлекеттік департаментінен Жерорта теңізін Қара теңізбен жалғайтын Босфор және Дарданелл бұғаздары арқылы кеме жөнелтуі ықтимал екені туралы Түркияны ескертуді сұраған. Аты-жөні аталмаған үш ресми тұлғаның айтқанына сілтеме жасаған телеарна ақпаратының растығына көз жеткізу мүмкін болмады.

Ұзақ жылдардан бері қолданыстағы келісімге сәйкес, Қара теңізге тікелей шығатын су жолы жоқ елдер бұл аймаққа әскери кемелерін жіберу жоспары туралы 15 күн бұрын Түркияны ескертуі тиіс. Аты-жөні аталмаған екі шенеуніктің CNN телеарнасына айтуынша, бұл әлі түпкілікті жоспар емес және түрік жағына ескерту АҚШ әскери-теңіз флоты кемесіне аталған аймақтан өтуіне мүмкіндік туғызу үшін жолданған.

"Біз алтыншы флоттың жауапты аймағына, соның ішінде Қара теңіздегі халықаралық сулар мен әуе кеңістігінде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін әрдайым операциялар өткіземіз. Біз халықаралық құқық пен нормаларға сәйкес еркін іс-қимыл жасау құқымызды пайдаланамыз", - деп мәлімдеген Еуропада орналасқан АҚШ алтыншы флотының ресми өкілі Кайл Рейнс.

Құрамына Қара теңіз аймағындағы бірнеше мемлекет енетін НАТО альянсы мен АҚШ әскери кемелерін, Ресейдің алаңдаушылық білдіруіне қарамастан, Қара теңізге шолғындап қайтуға ұдайы жіберіп отырады. 2008 жылы Ресей мен Грузия арасындағы қарулы жанжал кезінде Вашингтон Тбилисиді қолдау үшін Грузия жағалауына АҚШ алтыншы флотының флагмандық USS Mount Whitney кемесін жіберген.

Америкалық ұшақтар мен дрондар Қара теңіз жағалауын, соның ішінде 2014 жылы Ресей аннексия жасап алған Қырым түбегі жағалауы төңірегін шолып ұдайы ұшып өтеді. Ресейлік ұшақтар америкалық ұшақтарды тұрақты түрде бақылауында ұстайды.

АҚШ-тың әскери кемесін Қара теңіз аймағына жіберу жоспары туралы хабар қарашаның 25-інде болған оқиғадан кейін Киев пен Мәскеу арасындағы жағдай бұрынғыдан да шиеленісе түскен тұста тарады. Сол жолы Ресей Керчь бұғазынан өтпекші болған украиналық кемелерге оқ атқан. Мәскеу украиналық үш кеме және 24 теңізшіні ұстап, оларды "мемлекеттік шекараны бұзды" деп айыптаған. Ресей Украина кемелерінің Азов теңізі мен аса маңызды Мариуполь портына баратын су жолын жапқан.

2003 жылы жасалған келісім бойынша, Ресей мен Украина Азов теңізі акваториясын бірлесіп пайдалануға келіскен. Бірақ, 2014 жылы Қырым түбегін аннексиялаған соң және Керчь бұғазы арқылы түбекті тікелей жалғайтын көпір салғаннан кейін Ресей украин кемелерінің Азов теңізіне барар жолын біртіндеп шектей бастады.

CNN дерегі бойынша, бұған дейін америкалық USNS Carson City кемесі Қара теңізге соңғы рет қазанда енген.

Әйткенмен, желтоқсанның 4-і күні Украина инфрақұрылым министрі Владимир Омелян Ресей Азов теңізіндегі украин порттарына бөгетті ішінара алып, кей украин кемелеріне Керчь бұғазы арқылы өтуіне рұқсат бергені туралы хабарлаған.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG