Accessibility links

Тәжікстан соты шетелдегі оппозициялық топты "террорлық ұйым" деп таныды


Шетелдегі тәжік оппозициялық саясаткерлері. Варшава, қыркүйек, 2018 жыл. Көрнекі сурет.
Шетелдегі тәжік оппозициялық саясаткерлері. Варшава, қыркүйек, 2018 жыл. Көрнекі сурет.

Тәжікстан жоғарғы соты эмиграциядағы тәжік оппозиционерлерін біріктірген Тәжікстан ұлттық альянсын "экстремистік және террористік ұйым" деп танып, тыйым салды. Альянс өкілдері билік негізсіз шешім қабылдады деп санайды.

СОТ ПРОКУРАТУРАНЫҢ ӨТІНІШІН ҚАНАҒАТТАНДЫРДЫ

Тәжікстан жоғары соты Тәжікстан ұлттық альянсын "экстремистік әрі террористік ұйым" деп тануды және 2019 жылғы тамыздың 15-інен бастап ел аумағында қызметіне тыйым салуды сұраған Бас прокуратураның өтінішін қанағаттандырды. Бұл туралы ақпарат қазанның 11-і -күні тарады деп хабарлайды Азаттықтың Тәжік қызметі (Озоди радиосы).

Сот шешімі бойынша, Тәжікстан аумағында аталған ұйымның вебсайты бұғатталып, оның жұмысы жайлы видео және өзге материалдарды елге енгізуге тыйым салынады.

Тәжікстан үкіметі өз саясатына қарсылық білдірген кез келген ұйымды экстремистік деп жариялауды әдетке айналдырған.
Шарофиддин Гадоев

2018 жылы қыркүйекте Еуропа одағы аумағында тұратын тәжік оппозициясының белсенділері 2018 жылы қыркүйекте Варшавада құрған Тәжікстан ұлттық альянсына Душанбе тыйым салған "Тәжікстан ислам жаңғыру партиясы", сонымен бірге "Тәжікстанның еркін ойлы конгресі", "Тәжікстанның дамуы және реформа" қозғалысы, "Орталық Азия мигранттары конгресі" енген. Кезінде Тәжікстаннан кетуге мәжбүр болған бұл ұйымдардың жетекшілері қазір шетелде тұрады.

"Тәжікстанның дамуы және реформа" қозғалысының басшысы Шарофиддин Гадоев қазанның 14-і күні Озоди радиосына берген сұхбатында Тәжікстан жоғарғы сотының шешімін "негізсіз" деп атады.

Шарофиддин Гадоев.
Шарофиддин Гадоев.

"Сот құқықтық негізі жоқ шешім қабылдады. Тәжікстан үкіметі өз саясатына қарсылық білдірген кез келген ұйымды экстремистік деп жариялауды әдетке айналдырған" деді Гадоев.

Оның сөзінше, Тәжікстан ұлттық альянсы мүшелерінің ешқайсы ешқашан экстремизм, терроризм және тәртіпсіздіктерге шақырмаған.

"Біз әңгімемізде террорлық іс-әрекеттерге шақыру ешқашан болмаған. Біз Тәжікстанда демократиялық қоғам орнатуға және реформа жүргізуге шақырып жүрміз. Біз сот шешіміне қарамастан қызметімізді жалғастыра береміз" деді билік тыйым салған альянс құрамындағы қозғалыстың жетекшісі Шарофиддин Гадоев.

Ол Тәжікстан ұлттық альянсы сот шешімінің құқықтық аспектілерін зерттейтінін және оған байланысты ресми ұстанымын басқарма мүшелерінің жиынынан соң жария ететінін айтты.

АЙЫПТАУДЫ ЖОҚҚА ШЫҒАРАДЫ

Тәжікстан ұлттық альянсы тобы оппозициялық күштерді біріктіруді, адам құқықтарын сақтауды, еркін, ашық және әділ сайлау өткізуді, Тәжікстанда демократиялық өзгерістерге әкелетін реформаларды жүзеге асыруды мақсат тұтатынын айтады.

Тәжістан билігі мен мемлекеттік БАҚ Тәжікстан ұлттық альянсын ислам партиясының "мұрагері" деп бірнеше рет атаған. Оппозициялық топ бұл тұжырыммен келіспейді.

Халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар ресми Душанбені өзгеше ойлайтындарды қудалап, үкіметке сын айтатындарды басып-жаншиды деп сынайды. 2014 жылы билік оппозициялық "24 тобын" "террористік әрі экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ұйымның негізін қалған Умарали Куватовты 2015 жылғы наурызда Түркияның Стамбул қаласында белгісіз біреулер атып өлтіріп кеткен.

Тәжікстанда ұзақ уақыт ықпалды партиялардың бірі саналып келген оппозициялық "Тәжікстан ислам жаңғыру партиясы" (ТИЖП) 2015 жылы Тәжікстан сотының шешімімен "террористік ұйым" деп танылып, қызметіне тыйым салынған. ТИЖП басшылығы ұйымның атына айтылған барлық айыптауларды жоққа шығарады. Партия лидері Муxиддин Кабири 2015 жылдан бері шетелде тұрады.

Тәжікстанда 1990 жылдары болған азамат соғысы кезінде билік пен ТИЖП бір-біріне қарсы соғысты. Кейін қабылданған бейбіт келісім бойынша, ТИЖП мен оның соғыс кезіндегі одақтастарына үкіметтен орын берілді. Ал билік партияны "террористік ұйым" деп таныған соң ұйымның бірнеше мүшесі, тіпті олардың адвокаты да қылмыс жасаған деген айып тағылып ұзақ мерзімге түрмеге қамалды. Тыйым салынған партияның кей мүшелерін шетелден елге жеткізгеннен кейін соттаған. Биыл мамырда Тәжікстан билігі Душанбеден 25 шақырым қашықтағы Вахдат қаласындағы қатаң режимдегі түрмедегі бүлікті басу кезінде қаза тапқан 29 тұтқынның арасында "Ислам жаңғыру партиясының" үш мүшесі бар деп хабарлады.

Душанбенің ТИЖП қызметіне тыйым салу туралы 2015 жылы қабылдаған шешімі әділетсіз әрі саяси астары бар деп сынға қалған. Партия лидері Муxиддин Кабири 2015 жылдан бері шетелде тұрады. Батыс елдері ТИЖП-ны террорлық ұйымдар тізіміне қоспаған. 2018 жылы қыркүйекте Женевада Адам құқығы жөніндегі БҰҰ кеңесінің 39-сессиясында БҰҰ-ның жоғары комиссары Мишель Бачалет: "Бізге Орталық Азия елдерінен, соның ішінде Тәжікстаннан хабарлама келеді. Онда өз пікірін айту құқығын қолданған азаматтарға қауіп төнетіні, оларды қамап, қатыгез қарым-қатынас жасайтыны айтылады" деп мәлімдеген.

Азаттықтың Тәжік қызметі соңғы жылдары Еуропа елдерінен босқын мәртебесін сұрайтын тәжік азаматтарының саны күрт көбейген деп хабарлайды.

Президент Эмомали Рахмон Тәжікстанды 1994 жылдан бері үздіксіз басқарып келеді. Халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар Тәжікстан билігін елде адам құқығын жүйелі түрде бұзып отыр деп сынайды. Душанбе оны жоққа шығарады.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG