Accessibility links

Рахмонның Путинге базынасы. Орталық Азия Ресейге жалтақтамай, өз тағдырын өзі шешкісі келеді


Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. Астана, 13 қазан 2022 жыл.
Ресей президенті Владимир Путин (сол жақта) мен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон. Астана, 13 қазан 2022 жыл.

Орталық Азия соғыстан әлсіреп жатқан бұрынғы метрополия – Ресейден алшақтап, оған қарсы батыл қадамдарға бара бастады ма? Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның Ресей президенті Владимир Путинге айтқан мәлімдемесінің астарында не жатыр? Астанадағы саммиттер Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың беделіне қалай әсер етті? Азаттық ағылшын тілінде шығатын Eurasianet басылымының Орталық Азия бойынша редакторы Питер Леонардпен осы жайлы сөйлесті.

"ЖАҢА СЕРІКТЕСТЕР ІЗДЕГЕН" ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЖӘНЕ "КЕШ ТҮСІНГЕН" ПУТИН

Азаттық: Астанада алғаш рет Орталық Азия – Ресей форматында саммит өтті. Путиннің бұл самиттен не көздегені туралы көптеген пікір айтылды. Ал сіздің ойыңызша, Ресейге бұл саммит не үшін қажет болды?

Питер Леонард: Ресей әдетте Орталық Азиядағы сыртқы саясатын екіжақты түрде жүргізеді. ТМД, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиттері үнемі өтіп тұрғанымен, ең маңызды шешімдер екіжақты кездесуде қабылданады. Сондықтан ұжымдық форматтың тағы бір түрін ойлап тапқаны маған оғаш болып көрінді.

Питер Леонард – Eurasianet.org басылымының Орталық Азия бойынша редакторы.
Питер Леонард – Eurasianet.org басылымының Орталық Азия бойынша редакторы.

Меніңше, Путин басқа халықаралық серіктестер аймаққа "5+1" форматымен келетінін көрді. Мұны (елдердің аймаққа осы форматпен келетінін) жиында Тәжікстан президенті Рахмон да кекесінмен жеткізді. Осылайша бұған дейін мұндай форматтан сырт қалған Путин енді бұдан шет қалғысы келмеген сияқты. Ресей екіжақты қарым-қатынасты кеңейтіп, жалпы Орталық Азияны қамтитын бағытқа мән беру керегін кеш түсінгендей. Өйткені Орталық Азиядағы интеграциялық процесстер қарқын ала бастады, бәлкім, бұл кей адамдар қалағандай жылдам жүріп жатпаған шығар, бірақ аймақаралық диалог дамып жатқанын көріп отырмыз. Түркіменстан Қырғызстанға электр энергиясын сата бастады, Өзбекстан мен Қырғызстан шекара мәселесін шеше бастады. Орталық Азия басшылары арасында талқылау көбейді. Халықаралық серіктестер үшін аймақпен ұжымдық форматта келіссөз жүргізу маңызды. Меніңше, Путин мұны кешірек барып түсінді.

Азаттық: Саммиттің қалай жоспарланғаны және іс жүзінде қалай өткенін ескерсек, жиын қаншалықты сәтті болды деп ойлайсыз?

Питер Леонард: Алғаш рет өтетін саммиттер әрқашан тәжірибе, сынақ іспетті. Сондықтан ол сәтті немесе сәтсіз өтті деуге келмейді, әдетте оның өткенінің өзі жеткілікті. Бұл "енді бізде прецедент бар, осы бағытты ары қарай жалғастырсақ болады" дегенді көрсететіндей.

Дәл осы саммитке тоқталсақ, бұл Путин үшін өте қиын уақытта өтті. Оның халықаралық беделі тарихта бұрын-соңды болмаған төмен деңгейде. Оны былай қойғанда, Ресейдің ең сенімді одақтастары – Орталық Азия басқа стратегиялық серіктестерді тартып, қарым-қатынасты әртараптандыру жолдарын қарастырып жатыр. Путиннің дәл осы уақытта келгені сәтсіз дер едім. Меніңше, мұндай саммит бес-он жыл бұрын өтсе, бұл пікірі бір жерден шығатын президенттердің емен-жарқын, жылы кездесуі болар еді. Бірақ дәл қазір оқшауда қалған ірі және басқыншыл елдің президенті жаңа серіктестер іздеген кішірек елдердің президенттерімен кездесті.

Солдан оңға қарай: Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Ресей президенті Владимир Путин, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон және Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов. Астана, 14 қазан 2022 жыл.
Солдан оңға қарай: Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Ресей президенті Владимир Путин, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон және Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов. Астана, 14 қазан 2022 жыл.

Азаттық: Көптеген Батыс басылымдары "Орталық Азия енді Ресейдің ықпалындағы аймақ емес", "Ресей өзін күшейтеді деп есептеген соғыс оны керісінше әлсіретті", "постсоветтік тәртіп өзгерді" деп жазып жатыр. Сіздің ойыңызша, саммит Ресейдің әлсірегенін және Орталық Азия Мәскеуден алыстап жатқанын көрсетті ме?

Питер Леонард: Иә, бірақ бұл процесс саммиттен және Ресей Украинаға басып кіргеннен бұрынырақ басталды деп есептеймін. Меніңше, Ресейдің Орталық Азиядағы ықпалының әлсіреуі ұзақ процесс әрі ол тек Украинамен байланысты емес. Сондықтан Украинадағы соғыс рөлін асыра бағалау қауіпті. Қытай бар екенін ескеру керек. Қытайға көпшілік мән бере бермейді. Қытай туралы сөз қозғағанда, дәл Ресей ықпалына қатысты айтылатын "үй сыртындағы қора" тәрізді қорлайтын сөздерді қолданбайсыз. Орталық Азия географиялық тұйықтан шығып, Парсы шығанағы, Үнді мұхитындағы елдермен қарым-қатынас орнатқысы келеді. Яғни Үндістан, Пәкістан, Таяу Шығыс, Иран, Біріккен Араб Әмірлігі, Қатар тәрізді елдермен экономикалық, сауда-саттық байланысты жолға қойғысы келеді. Осы бағытта бірқатар инфрақұрылымдық жоба іске асқан кезде, Орталық Азияны біреудің ықпалындағы емес, өз тағдырын өзі шешетін аймақ деуге болады.

РАХМОН МӘЛІМДЕМЕСІНІҢ АСТАРЫНДА НЕ ЖАТЫР?

Азаттық: Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон саммитте Ресей басшысы Путинге айтқан сөзінде Орталық Азия елдерін құрметтеуге, аймақ елдеріне "Совет одағындай саясат ұстанбауға" шақырды. Рахмонның бұл мәлімдемесін сарапшылар әрқилы талдап жатыр. Бірі Ресей әлсіреп жатқанда Рахмон Путин алдында батылдық танытты десе, енді бірі бұл шын мәнінде Рахмонның тәуелсіздігін көрсетпейді, Ресей бізге назарын көбірек бұрса, қарайласса дегенді өтінді дейді. Ал сіздің ойыңызша, мәлімдеменің астарында не жатыр?

Питер Леонард: Біріншіден, бұл жоспарда болмаған нәрсе екені анық. Себебі ол сөзін қағазға қарамай айтты. Әдетте мұндай саммиттерден адамдар қағаздан оқып отырған тұсын ғана халыққа теледидардан көрсетеді. Адамдар қағаздан оқымаса, бұл сөйлеп отырған адамның саясат, стратегия немесе ұстаным туралы толық пайымын көрсетпесе де, сол адамның пікірі екенін түсінесіз. Меніңше, бұл бес минуттық қызуқанды мәлімдеме Тәжікстанның Ресейге саясаты түбегейлі өзгергенін көрсетпейді. Дегенмен, әрине, бұл Тәжікстан президентінің алаңдаушылығын, кейігенін аңғартады. Оның мәлімдемесінен қайшылық байқайсың. Бір жағынан бұл елдер тәуелсіз бола тұра Ресейдің оларға тәуелді, вассал ретінде қарағанынан көңілі қалып кейігендей. Рахмон әлдебіреу бізге не істеу керегін нұсқап, бұйыратын кішкентай ел емеспіз дегенді ашық айтты. Меніңше, оның бұлай шамдануына негіз бар. Ресейге қазір одақтастар мен серіктестер керек, бәлкім, ол (Рахмон) сол себепті өзін батыл сезінетін шығар. Тәжікстан тәрізді елдер өз тәуелсіздігін қорғап қалу жолында бұрын-соңды мұндай мықты позицияда болмаған.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (сол жақта) Ресей президенті Владимир Путин және Қырғызстан президенті Садыр Жапаровпен кездесіп отыр. Астана, 13 қазан 2022 жыл.
Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон (сол жақта) Ресей президенті Владимир Путин және Қырғызстан президенті Садыр Жапаровпен кездесіп отыр. Астана, 13 қазан 2022 жыл.

Бірақ екінші жағынан ол Ресеймен қарым-қатынасты біржолата үзіп тұрған жоқ. Ол керісінше "бізге көбірек қаржы құйыңыздар, ақша берсеңіздер ол ақталады, кері қайтады" дейді. Ол тап бір ескі көлік сатып тұрған саудагер тәрізді сөйледі. Әрине, шындығына келгенде, Тәжікстан – жемқорлыққа батқан, экономикасы нашар, аса авторитар, даңғой және қатыгез диктатор басқаратын диктатура. Сондықтан оның көбірек ақша құй деп өтініш айтуы ақылға қонымсыз нәрсе. Өйткені Тәжікстанға көбірек ақша құйсаң, оның көп бөлігі ұрланады. Осылайша бұл біртүрлі оғаш және қайшылыққа толы мәлімдеме болды.

Дегенмен айналып келгенде, Ресей оқшауда қалып, серіктестерді қажет ететіндіктен, Тәжікстан сияқты шағын елдердің президенттеріне мұндай мәлімдеме жасайтындай батылдық бітті. Ал Ресей шағын серіктестердің мұндай әрекетіне мойынсұнуға дайын.

Азаттық: Мұндай оғаш мәлімдеме Путинге қалай әсер етті? Ол өзін жайсыз сезінді ме?

Питер Леонард: Әрине. Бұл ретте әуесқой психология тұрғысынан қарасақ, әлемдегі ең ірі ел, ядролық державаның президенті болсаңыз, басқалар сізге құрметпен қарайды деп күтетіңіз анық. Путиннің ішіне кіріп шыққаным жоқ, бірақ жұрт құрмет көрсетпесе, бұл оның абырой-беделіне соққы болып тиеді. Осы мәлімдеме кезінде өзін қалай ұстағанын бақсақ, өзін жайсыз сезініп, ашуланғаны анық. Түнгі ұйқысы тыныш болмаған болуы мүмкін.

Сөйте тұра мұндай іс-шараларда шын мәнінде не қалай өтетінін кім білсін... Журналистер мен телеоператорларды бөлмеге бес минутқа кіргізіп, президент алдын ала дайындап қойған сөздерін айтқан соң қайта шығарып жібереді. Тілшілер шығып кеткен соң жиындағылар ашылып сөйлей бастайды. Рахмон дәл сол сияқты камера жоқ жерде ашылып сөйлеуі мүмкін. Бұл ретте Путиннің өзін-өзі қалай ұстағанын түсіндірудің тағы бір жолы, "қап, мына кісіні тағы да тыңдауға тура келіп тұр" дегенге ұқсас. Бірақ Путин Рахмонның сөзіне байыппен қарап, шындап қабылдайды деп ойламаймын. Ол оған аса алаңдамауы ықтимал.

"РЕСЕЙ ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ИНТЕГРАЦИЯСЫНА МҮДДЕЛІ ЕМЕС"

Азаттық: Биыл жазда Қырғызстанда Орталық Азия елдері басшыларының саммиті өтті, оның басты мақсаты – аймақтағы ынтымақтастық пен интеграцияны жолға қою еді. Дей тұрғанмен жиын соңында Тәжікстан мен Түркіменстан достық пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюдан бас тартқан соң, аймақтағы бес елдің ынтымақтастығы жайлы үміт үзілді. Бірақ Ресейдің араағайындығымен де аймақ интеграцияға бара қоймады. Олай болса Орталық Азия елдеріне Ресеймен біріккен формат не керек?

Питер Леонард: Орталық Азия елдерінің саммитіне лайықты көңіл бөлінбеді, бәлкім, оның себебі сіз айтқан Тәжікстан мен Түркіменстанның бірлескен келісімге қол қоюдан бас тартқанынан болған шығар. Ол саммиттің Астанадағы саммитпен ұқсас жері, Тәжікстан тәрізді елдер негізінен "бізге ақша немесе мына келісімшартты бер" дейді. Яғни олардың басқа елдермен қарым-қатынасы "бізге мынаны берсең, мынаны аласың" дегенге негізделеді. Одақтар бұлай жұмыс істемейді, басқа төрт елмен бірге ынтымақтасқанда ондай қарым-қатынас жүрмейді. Бұл спорт командасы тәрізді анағұрлым ауқымды топта атқарылатын жұмыс. Рахмон қарым-қатынасты транзакция тәрізді алыс-беріске негіздейтіні анық. Оның аймаққа қатысты қандай да бір ойы бар деп ойламаймын.

Сұрағыңызға келсек, Ресей интеграция жобаларына мүдделі емес деп есептеймін. Себебі ол кейінгі 30 жыл бойы аймақтағы стратегиялық ойыншы болғанда ондай интеграцияға мүдделі болмаған. Егер ол Орталық Азия интеграциясына мүдделі болса, бұл мәселені күн тәртібіне бұдан бұрынырақта шығарар еді. Сондықтан Ресей интеграцияның бастамашысы немесе қолдаушысы деуге келмейді.

Авторитарлы елдер жабық және көп нәрсеге күдіктене қарайтындықтан, интеграция кейінгі уақытқа дейін күн тәртібіне шықпады. Себебі Өзбекстанды бұған дейін көршілерді ұнатпайтын, күдік-күмәні көп басшы басқарды. Ол қайтыс болған соң ынтымақтастық мәселесінің беті бері қарағандай болды. Бәлкім, бұл Орталық Азияда кейінгі он жылда болған ең үлкен өзгеріс шығар. Бұл интеграция жобасын ілгерілетуге көп септігін тигізді. Әрине, әлі де кедергі баршылық. Елдердің ойлау жүйесі де, басқару жүйесі әлі де авторитарлы. Бұл процессті баяулатады. Бірақ түбінде аймақтың пешенесіне интеграция жазылған деп есептеймін.

Азаттық: Ресей президенті Путин Тәжікстан президенті Рахмонды "Ресей мен Тәжікстан арасындағы стратегиялық серіктестікті дамыту және аймақтағы тұрақтылықты сақтауға қосқан үлесі үшін" "Отан алдындағы еңбегі үшін" медалімен марапаттады. Бұл Тәжікстан ме Қырғызстан шекарасындағы қақтығыстан кейін болды. Бұдан кейін Қырғызстан ҰҚШҰ жаттығуын өткізуден бас тартты. Рахмонды марапаттау Ресейдің "бөліп ал да, билей бер" деген саясатын көрсете ме?

Питер Леонард: Путин Рахмонға үшінші дәрежелі марапат берді, бір ай бұрын Гурбангулы Бердімұхамедовты төртінші дәрежелі медальмен марапаттады. Меніңше, марапатқа анау айтқандай көп мән берудің қажеті жоқ. Марапат бұл жай ғана баланы алдарқату үшін берілген ойыншық, сыйлық іспетті. Бұл Ресей үшін "менің досым болғаның үшін сені бағалаймын" деудің жолы. Бірақ мұның астарында "бөліп ал да, билей бер" саясаты жатыр деп санамаймын. Меніңше, [Тәжікстан мен Қырғызстан арасындағы] шекара мәселесін Ресей алаңдауға тұрмайтын ұсақ-түйек дүние деп есептейді. Ресей "бұл жергілікті мәселе, оған араласу қажет емес, өздері шешсін" деп санауы мүмкін. Қырғызстанда Путин Рахмонға шекарада қақтығыс бастауға рұқсат етті деген теория көп айтылатынын білемін. Бірақ оған дәлел жоқ.

Шекарадағы мәселеге Кремльдің қатысы жоқ деп ойлаймын. Шекарадағы оқиға екі ел келіссөз жүргізе алмағандықтан, мәселені шеше алмағандықтан болды. Сондықтан Қырғызстан немесе Тәжікстан мыңдаған шақырым жерде отырған біреуді айыптаса, бұл жауапкершілікті басқа біреуге ысырумен бірдей. Сол себепті мұндай теорияларға мән бермеймін. Өйткені айналып келгенде өзіңізді бөліп тастап билеуге рұқсат етсеңіз, сіз бұған өзіңіз келістіңіз деген сөз. Қысқасы, олар (Қырғызстан мен Тәжікстан) толыққанды саяси жүйесі бар тәуелсіз мемлекеттер. Олар бір тарап екінші тарапқа қарсы шығатын, қақтығыс тудыратын ойынға қарсы тұра алуы керек.

Азиядағы іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес саммиті. Астана, 13 қазан 2022 жыл.
Азиядағы іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес саммиті. Астана, 13 қазан 2022 жыл.

Азаттық: Астанада Азиядағы іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес саммиті, ТМД саммиті мен Орталық Азия – Ресей саммиті өтті. Халықаралық басылымдарда Тоқаев осы саммиттерді өткізу арқылы өзін аймақ көшбасшысы етіп көрсеткісі келетіні жазылды. Саммиттердің қалай өткені Тоқаевтың осы үмітін ақтады ма, оның беделіне шын мәнінде септігін тигізді ме?

Питер Леонард: Меніңше, Қазақстан саммиттер өткізуге тым құмар. Тоқаев үшін Астананың мұндай іс-шаралар өткізетін орын болып қала бергені жақсы. Бұл халықаралық беделге үлес қосады, септігін тигізеді. Бірақ қынжылтатыны, мұндай саммиттер назарды басқа жаққа бұрады. Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі артып келеді, халықаралық басылымдарда Қазақстан Ресейден батыл түрде алшақтап жатқаны, Ресейдегі мобилизациядан қашқан азаматтарды қабылдағаны жайлы мақалалар шығып жатыр. Яғни Қазақстан Ресейден біртіндеп алшақтайтын табанды саясат жүргізіп жатқандықтан, халықаралық аренада әлемге ашық, жағымды, принципшіл болып көріне бастады. Бірақ, әрине, ел ішіндегі ахуал ондай жағымды емес. Тоқаев баршаны өзінің ұлы реформатор екеніне иландыруға тырысып жүр. Алайда оның реформасы көңіл көншітпейтінін көрсететін дәлелдер бар. Қарашада президент сайлауы өтпек, сол сайлауда ол көпшілік дауыспен жеңетіні анық. Өйткені оның қарсыластары көпшілікке беймәлім. Алдағы жылы парламент сайлауы өтпек, ол да іш пыстырарлық, бірсыдырғы болатын түрі бар, себебі мықты оппозициялық партиялар қатыспайтын тәрізді. Бірақ қателесуім де мүмкін.

Осылайша Қазақстанды мұқият бақылайтын адам мынандай қайшылықты байқайды: бір жағынан мемлекеттің халықаралық бейнесі жарқын, ашық, қазіргі заманға сай, халықаралық конференциялар мен саммиттер өткізе алатындай жақсы беделге ие. Дегенмен екінші жағынан саяси тұрғыдан әлі дамымаған, жабық және бұрынғы тұзаққа түсіп қалуы мүмкін Қазақстан бар. Осы екі бейне бір-біріне мүлде кереғар.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG