Accessibility links

Мәскеу Қазақстан көмегімен санкцияларды айналып өтпек пе? Орталық Азия елдері Ресейден теріс айнала ма?


Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей басшысы Владимир Путин. Сочи, 19 тамыз 2022 жыл.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев және Ресей басшысы Владимир Путин. Сочи, 19 тамыз 2022 жыл.

Батыс басылымдары осы аптада Мәскеу Қазақстанмен шынайы қарым-қатынасын жасырып, Батысқа «Нұр-Сұлтан одақтасын сатып кетті» деген пікірді таңып жатыр деген болжамын жазды. Бұдан бөлек Орталық Азия елдері Мәскеуден теріс айнала ма деген сұраққа жауап іздеді. Сонымен қатар Қытай көліктері неліктен елдің нарығын жаулай бастағанына үңілді.

"КРЕМЛЬДІҢ ҚАЗАҚСТАН ЖАЙЛЫ НАРРАТИВТЕРДІ СЫРТҚА ТАҢУЫ"

Саясаттанушы Ақас Тәжуітов Eurasia review басылымында Қазақстандағы саяси процестер мен әлеуметтік ахуал жайлы сыртқы аудиторияның көзқарасын қалыптастыруға Ресей тікелей әсер етіп жатқанын жазады. Автордың ойынша, Ресей сыртқа «Қазақстан одақтасын сатып кетті» деген нарративті таңуға мүдделі, ондағы мақсат – Қазақстанның көмегімен Мәскеуге салынған Батыс санкцияларын айналып өту.

Автордың ойынша, Кремльдің түпкі мақсаты – Қазақстанды Беларусь тәрізді «Одақтас мемлекетке» тартып, өзіне ыңғайлы елге айналдыру. Бірақ қазір қандай да интеграциялық бастамаларды іске асыруға қолайлы уақыт емес екенін Мәскеу жақсы біледі. Осы себепті Мәскеу

Қазақстанға қатысты мына екі міндетті іске асыруға кірісті: біріншіден, Ресей Батыс санкцияларын Қазақстанның көмегімен айналып өту үшін Нұр-Сұлтанмен қарым-қатынасы шын мәнінде қандай екенін жасыру. Екіншіден, жұрт назарын бұратын және халықты адастыратын пропаганда жүргізу. Ондағы мақсат − қазіргі режимге көмектесу үшін балама саяси күштерді әлсірету.

Тәжуітовтің пайымдауынша, Мәскеу Қазақстанды Батысқа жол ашатын мүмкіндік ретінде пайдаланғысы келеді. Бірақ Ресей саясаткерлері ондай пиғылын жасыру үшін «Қазақстан Еуразия экономика одағы мен Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымындағы одақтастарын сатып кетті», сондықтан жаза қолдану керек деген көзбояуға салып жүр.

Автор жақында Ресей Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевтің «ВКонтакте» әлеуметтік желісіндегі парақшасында «Қазақстан − жасанды мемлекет» деген жазбасын мысал ретінде келтіреді. Бұл жазба Ресей президенті Путиннің 2014 жылы айтқан «қазақтарда мемлекеттілік болмаған» деген мәлімдемесімен және елге территориялық талап қойған Ресей Думасының депутаттары Никонов пен Федоровтің пікірімен үндес. Медведевтің парақшасындағы жазба ізінше ғайып болды, оның көмекшісі Осипов парақшаны әлдебіреулердің бұзып кіргенін хабарлады. Дегенмен Тәжуітов бұл жазба Кремльдегі саяси технологтары әдейі ұйымдастырған қойылым болуы мүмкін деген пікірдің бар екенін жазады. Мәселен, Glavred.info сайты GeneralSVR Telegram-арнасына сілтеме жасап, Медведевтің парақшасын ешкім бұзбағанын хабарлады. Бұл Telegram-арнаның жазуынша, Медведевке Путин атынан КСРО-ны жаңғырту туралы жазба жазу жөнінде «ұсыныс» келіп түсті, мәтін дайындалып, оны президент әкімшілігі мақұлдаған.

Автордың топшылауынша, «Қазақстан билігі мен билік төңірегіндегілердің бұған қатысты реакциясы әлсіз болғанына қарағанда, Ақорданың саяси технологтары бұдан хабардар болған». Медведевтің парақшасындағы жазба Қазақстанда әлеуметтік желі қолданушыларының теріс реакциясы мен қызу пікірталасын тудырды, сөйтіп, бұл Украина мен Батыс саясаткерлері мен журналистерінің Қазақстандағы ахуал жайлы пікіріне әсер етпей қоймады

АҚШ-тағы Wall Street Journal тілшісі Эван Грешкович аты-жөнін атамаған қазақстандық шенеунікке сүйеніп, ел қорғаныс бюджетін 918 миллион долларға арттырғанын хабарлады. Одан бөлек Мәскеудің геосаяси амбициясынан қауіптеніп, НАТО елдерімен әріптестікті дамытуға талпынып жатқанын жазды. Ал осы басылымның тағы бір журналисі Шелби Холлидей Қазақстан Мәскеумен қарым-қатынасын сүзгіден қайта өткізіп, Түркия және Қытаймен әскери ынтымақтастықты күшейтіп жатқанына назар аударды.

Тәжуітовтің ойынша, АҚШ басылымындағы мұндай мақалалар Ресейдің аймақтағы үстемдігіне қауіп төндіретіндей болып көрінеді. Бірақ бұл ақпаратты «таратқандар» дәл осындай пікір қалыптасса деген мақсатты көздеген. Бір жағынан Батыс авторлары мен сарапшыларының пікірлері Ресей Украинаға соғыс ашып, Мәскеудің Батыспен қарым-қатынасы ушығып тұрғанда олардың Қазақстаннан не қалайтынын немесе күтетінін көрсетеді. Бірақ екінші жағынан Батыс тілшілері Қазақстандағы оқиғаларды Ресейдің көзімен көреді. «Қазақстан Ресейге қарсы қатаң ұстанымда, Мәскеумен қарым-қатынасын қайта сүзгіден өткізіп жатыр» деген нарратив – осының бір мысалы.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІ МӘСКЕУДЕН ТЕРІС АЙНАЛА МА?

«Еуропа елдері Ресей Украинадағы қатыгездігін басқа жерде қайталамауы үшін және Мәскеудің ғаламдық ықпалына соққы жасауы үшін белгілі бір іс-шараларды қолға алуы керек. Еуроодақ пен оған мүше мемлекеттер басымдық беруге тиіс аймақтардың бірі – Орталық Азия». Бельгияның Еуроодақтағы тұрақты өкілі қызметін атқарған Жан де Рюйт EUObserver газетіне жазған мақалада осындай ой айтады.

Бельгияның бұрынғы дипломаты Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Түрікменстан Ресеймен бұрыннан тығыз қарым-қатынас ұстанып келе жатса да, соңғы кездері Орталық Азияда бірқатар саяси өзгеріс болды, аймақ нағыз бетбұрысты кезеңнің алдында тұр деп есептейді.

Орталық Азия елдері басшылары "Көшпелілер" этнокешенді ауылында. Солдан оңға қарай: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан басшылары: Қасым-Жомарт Тоқаев, Садыр Жапаров, Шавкат Мирзияев. Ыстықкөл, 20 шілде 2022 жыл.
Орталық Азия елдері басшылары "Көшпелілер" этнокешенді ауылында. Солдан оңға қарай: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан басшылары: Қасым-Жомарт Тоқаев, Садыр Жапаров, Шавкат Мирзияев. Ыстықкөл, 20 шілде 2022 жыл.

Бес елдің ешқайсысы Ресейдің Украинаға басып кіруін қолдаған жоқ. Аймақ мемлекеттері өз ұстанымын қорғау арқылы Ресейдің соғысы мен ықпалына төтеп беріп жатыр. Автор аймақ елдері басқа ойыншыларға бет бұруы мүмкін, сондықтан Еуроодақ та осы процестен шет қалмай, қатысуы керек деп есептейді.

«Еуропа мен Батыс аймақ елдеріне Ресейден алшақтау прагматикалық таңдау екенін көрсетуі керек. Бұл геосаяси басымдықтарды былай қойғанда, Еуропа мен Орталық Азияға басқа да пайда әкелер еді».

Орталық Азия мен Еуроодақ арасында сауда-саттық жолға қойылғанына қарамастан, екі тарап та бір-бірін экспорт нарығы ретінде толық пайдаланбай отыр. Орталық Азияны дамыту жобаларына қатысса, Еуроодақ Қытай мен Ресей ықпалы басым нарыққа шығып, аймақ экономикасын әртараптандырып, цифрландырып, модернизациялай алар еді.

Автордың жазуынша, Қазақстан және Түрікменстанмен ынтымақтастық Еуропаны Ресейдің мұнайы мен газына тәуелділіктен құтқара алады. Бұл бағытта Еуропа белгілі бір шараларды қолға алды. Мысалы, қазақ мұнайының Еуропаға экспортына Ресейге қарсы санкциялар әсер етпеуі үшін бар күшін салды. «Бірақ орта мерзімде одан да көп нәрсе жасалуы керек. Қазақстан Каспий арқылы мұнай экспортының дәліздерін әртараптандыруы үшін қаржы және техникалық көмек берілуге тиіс».

Сондай-ақ экс-дипломаттың ойынша, теңдік, адам құқықтары, төзімділік, елді жақсы және тиімді басқару тәрізді Батыс құндылықтарын дамытуға да мән беру қажет.

«Дипломатия, серіктестік пен ептілікті үйлестірсе, Ресейдің Украинаға басып кіруі аймақ пен Мәскеу ықпалы үшін бетбұрысты кезең болуы мүмкін. Бұл айналып келгенде, Ресей егемен елдерге қауіп төндірмейтін әлемнің негізін қалауы мүмкін».

ҚЫТАЙ КӨЛІКТЕРІНІҢ ҚАЗАҚСТАН НАРЫҒЫН ЖАУЛАУЫ

Eurasianet басылымы Батыс санкцияларының салдарынан Ресей зауыттары Қазақстанға көлік жеткізуді тоқтатты, енді нарықты Қытай автомобильдері жаулай бастағанын жазады.

Автокөліктерді сату саласында жұмыс істейтін Astana Motors компаниясы жақында Чунциннен Changan автокөліктерін импорттай бастайтынын хабарлады. Көліктер қыркүйектен бастап қытай зауыттарынан тікелей жеткізілмек. Автомобиль жасаушы Chery компаниясы Қазақстан нарығына былтырғы жылдың аяғында шыққан. Қазақстанның автомобиль бизнесі қауымдастығының мәліметінше, шілдеге қарай ол елдегі ең танымал көліктердің ондығына кірді. Одан қымбатырақ Haval 2021 жылдың сәуірінде нарыққа шықты, ал Jac пен Lifan бірнеше жылдан бері сатылымда.

Экспортқа жіберілген қытайлық Lifan көліктері.
Экспортқа жіберілген қытайлық Lifan көліктері.

Қазақстанның автомобиль бизнесі қауымдастығы 2021 жылы сатылған жаңа көліктердің 3,4 пайызы қытай брендтері болса, 2022 жылдың алғашқы жеті айының өзінде былтырғы жылмен бірдей қытай көліктері сатылғанын жеткізді.

Мұның бір себебі, қытай көліктерінің жарнамасы болса, екінші себеп елде таңдау көп емес. Танымал жапон немесе еуропалық көлік брендтері сатылымда жоқ. Бұл көліктердің көпшілігі Ресей зауыттарында шығарылатын, санкциялардың кесірінен оларды жасап шығару тоқтатылды. Бұл Қазақстандағы автомобиль мен автобөлшектер тапшылығын тудырды. Қытай компаниялары осы тапшылықтың орнын толтыруға кіріскендей. Қытайдан көлік небәрі 18 күнде жеткізіледі.

Алматыда шығатын «Зу рулем» басылымының редакторы Алексей Алексеевтің басылымға берген сұхбатына қарағанда, соғысқа байланысты көлік тапшылығы сақталса, Қытай автомобиль компаниялары Қазақстанға көлік сатуды өсіре бермек.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG