"Он бес шақырым жетпей құлаған"
Ресейлік "Ангара" әуекомпаниясына тиесілі Ан-24 маркалы жолаушы ұшағы бейсенбі күні таңертең Хабаровскіден ұшып шыққан. Жол-жөнекей Благовещенск қаласына қонып, кейін Тындаға бет алған ұшақ діттеген жерге жақындаған кезде, жергілікті уақыт бойынша таңертеңгі сегіз жарым кезінде онымен байланыс үзіліп қалған.
Алдын ала дерек бойынша, ұшақта экипаждың алты мүшесі және 43 жолаушы (бесеуі – бала) болған.
Ұшақты іздеп шыққан "Росавиация" тікұшағы Тында қаласынан 15 шақырымдай қашықта жерде жанып жатқан ұшақ бөлшектерін байқаған, деп хабарлады төтенше жағдайлар қызметі.
Ұшақтағы адамдардан ешкім тірі қалмаған деп хабарлады РИА Новости агенттігі.
"Алдын ала ақпарат бойынша, бәрі қаза тапқан. Әзірге тікұшақ апат болған жерге қона алмай жатыр, өйткені тау баурайындағы ол жерге жету қиын. Ол жерде өрт болып жатыр,– деген ТАСС агенттігі сөйлескен адам.
Baza telegram-каналы Ан-24 ұшағы алғашқы талпынысында әуежай алаңына қона алмай, әуеде екінші айналымға кеткен кезде онымен байланыс үзілген деп хабарлады.
Жолаушы ұшағының апатқа ұшырауына не себеп болғаны әзірге белгісіз.
Жарты ғасыр жасаған ұшақ
ТАСС агенттігі апатқа ұшыраған Ан-24 жолаушы ұшағы 50 жыл пайдаланылып келгенін және жарамдылық мерзімі 2036 жылға дейін ұзартылғанын жазды.
The Insider дерегінше, биыл қаңтарда "Ангара" әуекомпаниясының бас директоры жаңа техника болмағандықтан 50 жыл бұрынғы Ан-24 және Ан-26 ұшақтарын пайдалануға рұқсат сұраған. Басылым әңгімелескен әуе сарапшылары жарты ғасыр пайдаланылған ұшақтарда апат жиі болатынын айтқан.
Ресейдің тергеу комитеті Қылмыстық кодекстің 263-бабы 3-бөлігі бойынша (әуе кемесін пайдалану және қозғалыс қауіпсіздігі ережелерін бұзу салдарынан үш және одан көп адамның қазасына себеп болу) қылмыстық іс қозғады. Әуекомпаниясында ұшақ апатына байланысты тергеу амалдары жүріп жатыр деп хабарлады басылымдар.
Мәскеу Украинаға қарсы кең ауқымды басқыншылық соғыс бастағаннан кейін Ресейдегі азаматтық авиация қиындыққа тап болды. 2022 жылдың ақпан айынан бері Ресей мен Батыс елдері арасында тікелей әуе рейстері жоқ. Ресейге салынған санкциялар оның ұшақтарына Батыс елдеріне ұшуға тыйым салған. Boeing және Airbus компаниялары Ресейге бөлшектер жеткізуді тоқтатып, ал ресейлік әуекомпаниялардың ұшақтарына техникалық қызмет көрсетуді және қолдауды доғарған. Украинаға қарсы басқыншылық соғысы басталғанға дейін ресейлік әуекомпаниялар флотының басым бөлігі Boeing және Airbus ұшақтарынан тұратын.
Былтыр қарашада ресейлік басылымдар елдегі әуекомпаниялар өзінде бар Airbus A320/А321neo ұшақтарының жартысын пайдалануды тоқтатқанын, Батыс санкцияларының салдарынан тасымалдаушылар ұшақ қозғалтқыштарын жөндеуде қиындыққа ұшырағаны жайлы жазған.
ПІКІРЛЕР