Қырғызстан билігі Интерполға тәуелсіз басылым "Клооптың" негізін қалаушылардың бірі Ринат Тухватшинді тұтқындау туралы өтініш берген. Интерпол өтініштің саяси астары бар деп санап, кері қайтарды. Бұл жөнінде Ұйымдасқан қылмыс пен сыбайлас жемқорлықты зерттеу орталығы (ОССRP) жазды.
"Бейсенбі күні OCCRP-ге Бішкектің Интерполға Ринат Тухватшинге "қызыл хабарлама" (red notice) беруді сұрап, қайырылғаны белгілі болды... "Қызыл ескерту" ұйымға мүше елдердің билігін іздеудегі адамды қамауға міндеттейді" деп жазылған хабарламада.
Жұма, 31 қазанда Интерполдың ресми өкілі Сэмуэл Хит Қырғызстаннан өтініш түскенін растап, бірақ қабылданбағанын айтты.
"Интерполдың жарғысында біздің жүйемізді саяси мақсаттарда пайдалануға тыйым салатын қатаң ережелер бар, сондықтан біз "қызыл хабарлама" туралы өтінішті қабылдамадық" деді ол.
Ал Ринат Тухватшиннің өзі бұл елдің беделіне нұқсан келтіретінін айтқан.
"Бұл әлем бойынша қауіпті қылмыскерлерді іздеу үшін құрылған, бірақ біздің билік оны журналистерді қудалау үшін қолдануға көшті, нақты жағдайда мені [қудалап отыр]. Мен одан қорықпаймын, себебі ешқандай жаман нәрсе жасаған жоқпын және заң бұзған жоқпын. Менде бәрі жақсы болады деп ойлаймын. Бірақ бұл елдің беделіне нұқсан келтіреді" деді ол.
Kloop.kg – 2007 жылы журналистер негізін қалаған тәуелсіз онлайн-басылым. Басылым 2010 жылғы төңкерістен жедел хабар беріп танылған. Кейінгі жылдары жоба журналистік зерттеулерге басымдық берген. 2023 жылғы қыркүйекте басылымның сайты бұғаттала бастады. Ал 2024 жылғы ақпанда сот "Клооп Медиа" қоғамдық қорын жою туралы қаулы шығарды. Сол жылы тамызда Жоғарғы сот алғашқы инстанция үкімін күшінде қалдырды.
Жуырда Бішкек соты Temirov Live, Kloop.kg ("Клооп Медиа" қоғамдық қоры) және "Айт, айт десе" медиа жобаларының материалдарын және осы баспасөз құралдары жетекшілерінің қызметін "экстремистік" деп таныған.
Қыркүйек айында сот "Клооптың" екі есепшісін кінәлі деп танып, 5 жыл түрмеге кесіп, үш жылдық пробациямен еркіндікте қалдырған. Операторлар Александр Александров пен басылымның бұрынғы қызметкері Жомарт Дулатовты бес жыл түрмеге кесті.
Құқық қорғаушылар Жапаров билігі тұсында елде сөз бостандығын тұншықтыру талпынысы күшейіп, журналистерді қудалау үдегенін айтады.
 
 
