Accessibility links

Венада Мұсаев пен Кошляк босатылды


ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев сотта тұр. Вена, 14 сәуір 2015 жыл.
ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев сотта тұр. Вена, 14 сәуір 2015 жыл.

Вена соты "Нұрбанк" ісі бойынша айыпталған Әлнұр Мұсаев пен Вадим Кошлякті босатты. Австрия прокуратурасы мен жәбірленуші жақтың адвокаттары бұған қарсы.

Шілденің 10-ы күні Вена сотындағы алқа билер айыпталушылар - Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) бұрынғы төрағасы Әлнұр Мұсаев пен ҰҚК-нің бұрынғы офицері Вадим Кошляктің алматылық екі банкир Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновтің өліміне қатысы жоқ деп таныды. Бұл туралы Азаттыққа Мұсаевтың адвокаты Мартин Махрер хабарлады. Бұл істі Вена округтік қылмыстық соты сәуірдің ортасынан қарай бастаған.

Адвокат Махрердің сөзінше, Мұсаев тағылған барлық айып бойынша кінәсіз деп танылған. Кошляк та "кісі өлтіру" айыбы бойынша кінәсіз деп танылып, тек "кісі ұрлау" айыбы бойынша кінәлі ретінде 16 айға сотталғанымен, қамауда отырған мерзімі ескеріліп, сот залынан босатылған.

Мұсаев пен Кошляк бір жылдан астам уақыт Венада қамауда отырған еді. Австриялық прокурор Беттина Валлнердің ұйғарымынша, екеуі бұл істе басты айыпталушы болған Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі Рахат Әлиевке "Нұрбанктің" топ-менеджерлерін "өлтіруге көмектескен".

Прокурор Маркур Бергхаммер бүгін соттың Мұсаевты ақтап, Кошлякке ішінара шартты жаза кескеніне қарсылық білдіргенін хабарлады.

Сотта екі банкирдің жесірлері Армангүл Қапашева мен Шолпан Хасенованы қорғаған Lansky, Ganzger partners адвокаттық фирмаларының қызметкерлері Азаттыққа Вена прокуратурасымен бірге сот шешімін заңсыз деп тану туралы шағым түсіргенін хабарлады.

Адвокаттық фирма Азаттыққа берген комментариінде заңгері Габриэль Ланскидің: "Мен Республика Жоғарғы соты сот үкімін заңсыз деп тану туралы шағымымды қанағаттандырады деп үміттенемін. Сондықтан әлі де кеш емес. Қорғаушылардың жеңіске жеттік деп қуануы әлі ерте" деген сөздерін келтіреді.

Осы фирманың адвокаты Анна Цейтлингер Азаттыққа Вадим Кошляктің Рахат Әлиевпен бірге 2007 жылы 9 ақпанда Жолдас Темірәлиевті Алматыдағы "Кең дала" бизнес орталығында ұстап, кейін "күзетпен байлаулы күйде басқа жаққа апаруға және оған ерекше зардап шектіруге қатысы бар" деп танылғанын мәлімдеді.

Бұл істе басты айыпталушы Қазақстанның Австриядағы бұрынғы елшісі, Қазақстан президентінің бұрынғы күйеубаласы Рахат Әлиев болған. Әлиев өзіне тағылған айыптардың "саяси астары бар" деп, мойындаудан бас тартқан. Рахат Әлиев биыл ақпан айының 24-інде Венадағы абақты камерасында асылып тұрған өлі күйінде табылған еді. Оның өлімінің себебі әлі тексеріліп жатыр.

Венадағы тергеу кезінде Әлиев, Мұсаев пен Кошляк «Нұрбанктің» топ-менеджерлері Жолдас Темірәлиев пен Айбар Хасеновті 2007 жылдың ақпанында ұрлап әкетіп, өлтірген деп айыпталған. Темірәлиев пен Хасеновтің сүйектері екеуі жоғалып кеткен соң төрт жылдан кейін Алматыдан табылды деп хабарланған еді.

(Мәтінді қазақша әзірлеген - Айбек Бейсебаев)

XS
SM
MD
LG