Accessibility links

Владимир Путин жетпіске толды. Жиырма жылдан артық билікте отырған оған ресейліктердің көзқарасы өзгерді ме?


Ресей президенті Владимир Путиннің Украинадағы соғысқа байланысты 21 қыркүйекте әскери мобилизация жариялағаны билік басында отырғанына 23 жылға жуықтаған, жасы 70-ке келген авторитар басшыға елдің көзқарасын түбегейлі өзгерте алады деп топшылайды сарапшылар.
Ресей президенті Владимир Путиннің Украинадағы соғысқа байланысты 21 қыркүйекте әскери мобилизация жариялағаны билік басында отырғанына 23 жылға жуықтаған, жасы 70-ке келген авторитар басшыға елдің көзқарасын түбегейлі өзгерте алады деп топшылайды сарапшылар.

7 қазанда Ресей президенті Владимир Путин 70 жасқа толды. Осы күнге дейін ол оппозицияны басып-жаншып, Украинаға басқыншылық жасаған соң елдің болашағына балта шапқандай болды. Ресей әскерінің соғыстағы сәтсіздіктері мен халық құптай қоймаған мобилизациядан соң жұрттың Путинге көзқарасы өзгеруі мүмкін дейді сарапшылар.

Биыл 70 жасқа толған Ресей президенті Владимир Путиннің мерейтойы авторитар лидердің жиырма жылдан астам уақытқа жалғасып келе жатқан билігінің ең күрделі проблемаларымен тұспа-тұс келіп отыр. Ол Украинаға басқыншылық жасай отырып, таразының бір басына соғысты, ал екінші басына бар жинаған атақ-даңқы мен беделін қойды.

Владимир Путин оппозиция өкілдерін аяусыз басып-жаншып, ең белсенділерін елден қуды. Соған қарамастан, халық қолдауына ие болып келген оның рейтингі енді төмендеуі мүмкін. Қазір Украинадағы соғыс бір адамның қолына шоғырланған саяси жүйенің әлсіз тұсы болып отыр. Путиннің жоғарғы билікте отырғанына 23 жыл болды, осы уақыт ішінде ол Ресей президенті және премьер-министрі лауазымын атқарды.

"Жағдай түбегейлі өзгерген деп жорамал жасап отырмын" деді "Левада-Центр" тәуелсіз зерттеу агенттігінің социологы Лев Гудков. Ол Путиннің 21 қыркүйекте әскери мобилизация жариялағаны жағдайды түбегейлі өзгерте алады деп топшылайды.

"Мобилизация бәріне тиіп жатыр... Мобилизацияның жариялануы жағдайды түбегейлі өзгертті: соғыс Ресейдің ішіне келді" деді ол.

Путин соғысты үдете түсті
please wait

No media source currently available

0:00 0:03:08 0:00

Ресейдің басқыншылығы Украина билігі мен халқының қарсылығына тап болды. Өткен айда Украина күштерінің Харьков облысындағы қарсы шабуылы Ресей әскерін кері шегінуге, Путинді мобилизация жариялауға мәжбүр етті. Ол бірнеше ай бойы мұндай қадамға бармайтынын айтумен болған еді.

Кремль ашқан соғысқа Батыс та реакция білдіріп, Ресейге санкция салды. Ал Швеция мен Финляндия НАТО одағына кірді.

Ресей халықаралық қауымдастықтан бұрын-соңды былай оқшауланған емес.

"Путин 24 ақпаннан бері цугцвангта (шахмат ойынында қандай жүріс жасаса да позиция жақсармайтын жағдайда қалу – ред.) отыр" деді Ресей мемлекеттік думасының бұрынғы депутаты, оппозициялық саясаткер Дмитрий Гудков. Ол Ресейдің Украинаға басып кірген күнін айтып отыр. "Мәңгі цугванг. Бұл шахматта кез келген қадамның жағдайды нашарлататынын білдіреді".

"ЖАППАЙ НАРАЗЫЛЫҚ ТА, ҚАРСЫЛЫҚ ТА БОЛҒАН ЖОҚ"

Халықаралық қауымдастықтан оқшауланғанымен, Владимир Путиннің Ресейдегі жағдайы осы күнге дейін мығым көрінді. Бұған Кремльдің бір жылдан астам уақыт бойы ұйымдасқан және белсенді оппозициямен күресуінің де әсері болды.

"Ресейдің Украинадағы қылмыстық соғысы қоғамның шектен шыққан орыстарды жек көрушілердің өзі айтпаған сипатын ашты" деп жазды академик, Эстония парламентінің мүшесі Михаил Лотман Азаттықтың Орыс қызметіне жазған мақаласында. Ол мародерлік пен әскери қылмыстар туралы кең тараған ақпараттың ресейліктерге әсер етпегенін айтады.

"Ресей қоғамы не істеді? Реакция білдірген жоқ немесе білдірмегендей болды" деп жазды ол. "Жаппай наразылық та, қарсылық та болған жоқ".

Ресей Украинада оккупациялаған жерлерін өз аумағына қосты
please wait

No media source currently available

0:00 0:02:28 0:00

Ресейдегі сауалнама қатты шектелген және мұқият түсіндіруді қажет етеді. Дегенмен, "Левада-Центр" 2022 жылдың басым бөлігінде Владимир Путиннің рейтингі 80 пайыздан түспегенін тіркеген. Тамызда бұл көрсеткіш 83 пайыз болған.

"Украинада соғыс басталған соң [қолдау] көрсеткіштері артты" деді Гудков. "Адамдар әскери держава ретінде күш пен қуатын көрсетуді мақтан тұтқан".

Бірақ қыркүйекте Путинді қолдаушылар 77 пайыз болды.

"24 ақпанда Украинаға басып кіргенге дейінгі уақытқа қарағанда қазір Путинді ресейліктердің көбі қолдамайды. Бірақ бұған әскери сәтсіздіктер мен мобилизация да әсер етіп жатыр" деді Гудков. "Мобилизациядан кейін жағдай жылдам өзгереді деп ойлаймын".

"ШАРАСЫЗДЫҚ СЕЗІМІ БОЛДЫ"

Ресейліктер үшін Путиннің билігіне ашық қарсы шығу – психологиялық қадам екені сөзсіз. Билік басына келген алғашқы жылдары Владимир Путин мемлекеттік пропаганда құралдарын пайдаланып, орталықтандырылған билік, "заң диктатурасы" секілді құндылықтарды насихаттады. Сөйте тұра, демократия, сөз бостандығы ұранға айнала бастаған 1990 жылдарға күйе жағуға тырысты.

Бірақ кейінгі жылдары Путин орыстың даралығы, орыс ұлтшылдығы, Ресей билігінің халықаралық аренадағы орны, мәдени консерватизм мен АҚШ-ты сынап-мінеу секілді сценарийге көшті деп жазды Корнелл университетіндегі саясаттану профессоры Валери Банс 2017 жылы әзірлеген "Ресейдегі түрлі-түсті революция мүмкіндігі" деген баяндамасында. "Мұндай тактика Ресей оппозициясына жік салып, оны патриоттар мен сатқындар арасында таңдау жасауға мәжбүрледі".

2012 жылдан бастап Кремль шетел агенттері туралы заң қабылдап, өзгеше ойлайтындардың бәрін сатқын деп жариялай бастады. Ресейде саяси диссиденттер не түрмеге қамалады, не көршілері, туыстары, әріптестері мен жұмыс берушілері тарапынан сынға ұшырап, кремльшіл жасақшылардың қудалауына тап болады.

Кейінгі апталарда Украинадағы соғысты Ресей мен Батыс арасындағы күрес ретінде сипаттаған Путин оның ұлтшылдық пиғылына қызыққан оңшыл радикалдардың әрекетіне үнсіз еркіндік берді.

Өрт қауіпсіздігі жөніндегі инженер, 35 жастағы Тимур Сайфулмулюков басқыншылықтан кейінгі қоғам санасындағы өзгерістерге мысал бола алды. Томск қаласында тұратын ол 24 ақпанға дейін саясатқа бей-жай қарағаны сонша, Ресейдің Украинаға басқыншылық жасағанын ертеңінде бір-ақ естіген. Мұны естігенде оның бойында қарсылықтан гөрі апатия сезімі басым болған.

"Шарасыздық сезімі болды" дейді ол Азаттықтың Сибирь.Реалии сайтына берген сұхбатында. "Ештеңе істей алмайтыныңды сезесің. Путин режимімен келіспейтіндер туралы естігенмен. Оларға қарсы қылмыстық іс ашылғанын, түрмеге қамағанын естігенмін. Екіұдай сезім болды: бір жағынан ештеңе істеуге болмайды деп ойлайсың, екінші жағынан бірдеңе істеуге болатындай көрінеді".

Жаз бойы Сайфулмулюков үнсіз болған.

Ал Путин мобилизация жариялаған соң ол соғысқа қарсы екенін жазған қағаз ұстап, Томск қаласының орталық көшесіне шығып, жолды жапқан. Шамамен екі минуттан кейін оны "жол қозғалысын бұзды және қарулы күштерге жала жапты" деген айыппен қамауға алған.

Сайфулмулюков наразылыққа шығу шешімін әйелі қолдамағанын айтады.

"Бұл оған психологиялық тұрғыда ауыр тиді" деді ол. "Елімізде болып жатқан мәселелерге жеке жауапкершілігімізді талқылап, әртүрлі қорытындыға келдік. Мен бұл жауапкершілікті сеземін, ал ол ештеңе істеудің қажеті жоқ деп ойлайды. Ықпал ету тетігі де, өміріңді қатерге тігудің мәні де жоқ".

"БИЛІК ҚАУІПТІ ТҮСІНДІ"

Украинаға басқыншылық жасамай тұрып Владимир Путиннің билігі саяси оппозицияны барынша басып-жаншыды. Путиннің бұйрығымен Федералды қауіпсіздік қызметі (ФСБ) уламақ болғанын айтқан оппозиция лидері Алексей Навальный түрмеге қамалды. Оның жемқорлыққа қарсы қоры мен өңірлердегі бөлімдері "экстремистік" ұйым деп танылды. Оны жақтайтын ең белсенді адамдар қылмыстық жазаланудан қауіптеніп, елден кетті.

Бұрын өзгеше ойлайтындар мен оппозиция желілерінің ошағы болған "Мемориал" секілді тәуелсіз қоғамдық ұйымдар қудалауға ұшырап, оған мүше болу мемлекетке опасыздық жасаумен теңестірілді.

"Белсенді наразылықтардың негізгі проблемасы олардың тек жеке әрекеттерді қажет етпейтінінде жатыр" деді ресейлік саясаттанушысы Владимир Гельман "Медуза" басылымына берген сұхбатында. Ол Финляндиядағы Хельсинки университетінде Ресей саясатынан сабақ береді. "Наразылықтар әртүрлі топтар арасындағы үйлесімділікті және әріптестікті қажет етеді. Бұл жағынан алғанда [Ресейдегі] жағдай жаман".

Жергілікті наразылық акцияларын қоғамға танымал белгілі бір адамдар ақпарат алмасу желілерін қолдана отырып ұйымдастыра алады. "Бірақ бұл наразылықтардың мүмкіндігі жеке жағдайлар шеңберінен шықпайды" деді Гельман.

"Үйлестіру мүмкіндігі 2022 жылдың ақпанына дейін күрт қысқарды" деді ол Ресей басқыншылықты бастаған уақытты айтып. "Билік кез келген ұйымдасқан құрылымдардың қаупін түсінді және оларды кез келген жолмен әлсіретуге тырысты. Бұл олардың қолынан келді де".

Бұл жағдай үнемі өзгеріп жатқан сияқты. 4 қазанда Навальныйдың негізгі жақтастары Ресейде Путинге және соғысқа қарсы оппозицияның үйлестіру орталығы ретінде жұмысын қайта жандандырып жатқанын мәлімдеді. "Сирена" Телеграм каналы Навальныйдың командасы "Путин режимі жеті айға созылған соғыс пен мобилизациядан соң әлсірегеннен кейін" осындай шешім қабылдағанын айтты.

"Левада-Центр" зерттеуі Ресейдегі халықтың Кремль бақыламайтын, Кремльдің цензурасын айналып өтуге тырысып жатқан ақпарат көздеріне көбірек жүгіне бастағанын көрсетті дейді Гудков. Ол "балама каналдарды" қолданатын респонденттердің саны бірнеше ай бұрынғыға қарағанда 7-8 пайыз артып, 22 пайызға жетті дейді.

"БИЛІККЕ ЖІК ТҮСЕРІ АНЫҚ"

Халықтың жаппай қарсы шығуына тек моральдық мәселенің себеп болуы сирек. Постсоветтік елдердегі түрлі-түсті революция көбіне сайлаудың даулы қорытындысынан кейін болған. Бұған биліктегі элита ішіндегі текетірес те ықпал етеді. Кей топтар билікке қарсы шығатындарды қолдап жатады.

Ресей тарихында да солай болған. 1905, 1917, 1991 және 1993 жылғы наразылықтар әлсіреген және жік түскен билікке қарсы тиімді болды. Наразылықтарды әлеуметтік және саяси топтар қолдады.

Бұл феномен Путин дәуірінде де байқалады. 2004 жылдың аяғы мен 2005 жылдың басында ондаған мың адам биліктің әлеуметтік реформаларына қарсы шықты. Наразылыққа шыққандардың көбі Путиннің отставкасын талап етті. Оларды ашық немесе жасырын түрле аймақтардағы губернаторлар, коммунистік партиялар мен басқа да күштер қолдады.

Жәрдемақы дағдарысы Кремльді билік вертикалын нығайту шарасын қабылдауға итермеледі. 2011 жылы парламент сайлауында биліктің алаяқтығы белгілі болғанда, Ресей түрлі-түсті революцияға жақын қалды. Билікте наразылықты басуға қажет құралдың бәрі болды және биліктегі элита арасына бөлініс болған жоқ.

Дегенмен, қазір жағдай Путиннің 2014 жылы Қырымды басып алғанына қарағанда басқа дейді оппозиция өкілі Гудков.

"Кремль жинаған шенеуніктер мен депутаттарға қарағанда, олардың жүзінен ешқандай қуаныш нышанын көрмедім" деді Гудков Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында. Ол 30 қыркүйекте Украинаның төрт облысын Ресей құрамына қосуға арналған Мәскеудегі жиынды айтып отыр.

"Элита ішіне жік түсті деуге әлі ерте, бірақ Путин жүйесі шытынап барады" дейді Гудков.

"Бөлініс міндетті түрде болады, себебі біз билікке бәсекелес орталықтардың құрылып жатқанын көріп отырмыз" деді ол. "Бірақ әзірге бәрі Путиннің маңайына шоғырланған".

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG