2026 жылдың жазынан бастап Қазақстан QazETA жүйесін (Electronic Travel Authorization – саяхаттап келген кейбір елдердің азаматтарына электрондық рұқсат беру) енгізуді қолға алды. Ол бойынша, шетел азаматы Қазақстан аумағына кірерден кемінде 72 сағат бұрын электрондық рұқсатты белгіленген тәртіп бойынша рәсімдеп, мемлекеттік шекарадан өтуге рұқсат алғанын алдын ала растауы шарт.
Жаңа жүйе әзірше тестілеу режимінде жұмыс істеп тұр, яғни шетелдіктерге электрондық рұқсат рәсімдеуге кеңес беріледі, бірақ ешкімді міндеттемейді. QazETA ресми порталының мәліметінше, осы уақытқа дейін шетел азаматтары берген 100 мыңға жуық өтініш өңделген.
"Электронды рұқсат 180 күнге жарамды. Шетелдіктердің Қазақстанда нақты болу мерзімі қолданыстағы көші-қон заңына сәйкес реттеледі. Ал ETA рұқсаты берілсе де, ол республика аумағына енуге кепілдік бермейді. Елге кіру туралы түпкілікті шешімді шекаралық бақылаудан өткен кезде Қазақстанның уәкілетті мемлекеттік органы қабылдайды" деп хабарлады сыртқы істер министрлігі.
Мобилизация кезінде ресейліктер ағынын бөгеу үшін бе?
ETA рұқсаты екіжақты визасыз режим орнатылған елдердің азаматтарына берілмек. Ондай елдердің қатарына Еуропа мен Таяу Шығыс елдері ғана емес, оларға қоса Қазақстанның жақын көршілері – Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Ресей де кіреді.
Электрондық рұқсат алу ақылы болмақ. Нақты құны әлі анықталған жоқ, бірақ алғашқы мәліметтерде 8 доллардан 20 долларға дейінгі аралықта болады деп айтылған. Мұндай шешімнің экономикалық себептері де болуы мүмкін: Астана өз қазынасын толтыруға тырысады. Бірақ мұның саяси астары бары да анық дейді адам құқықтарын қорғаушы Сергей Дуванов.
"Осы шешімнің қабылдануына Ресей билігі мүдделі болды, себебі бұл оларға пайдалы. 72 сағат – адамның Қазақстан шекарасынан өту ниетін бақылау үшін жеткілікті уақыт. Ал осы уақыт ішінде, мысалы, оларды ұстау операциясын жүргізуге болады. Ол үшін тек тыйым салса жетіп жатыр" дейді Дуванов.
Статистика деректеріне қарағанда, биылғы жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанға жарты миллионнан астам ресейлік келген. Бұл бұрынғы жылдардағы әдеттегі көрсеткіштен сәл жоғары, бірақ 2022 жылдың күзінде Ресей "ішінара" мобилизация жариялаған кезде болған мигранттар ағынымен салыстырғанда төмен. Сол жылы бір ғана қыркүйек айында Қазақстан 400 мыңнан астам Ресей азаматын қабылдаған еді. Мұндай жағдай Ресей мен Грузия шекарасында, әсіресе Верхний Ларс өткізу бекетінде де болған, онда бірнеше күн ішінде Ресейден шығып кетуге асыққан адамдар бірнеше шақырымға созылған кезекте тұрды. Дегенмен, Қазақстанға келіп жатқан шетелдіктер саны салыстырмалы түрде қалыпты болғанымен, көші-қонның экономикалық салдары қазірдің өзінде сезіліп отыр.
"Әңгіме ең алдымен жылжымайтын мүлік нарығы жайлы болып отыр. Бұған мүлікті сатып алу, сату және жалға беру кіреді. Статистика мәліметінше, сұраныстың артуына байланысты биыл пәтерді жалға беру ақысы айтарлықтай өскен, – деп түсіндіреді экономист, "Ulagat Consulting Group" компаниясының басшысы Марат Қайырленов. – Әрине, мұны студенттер оқуға келетін кездегі маусымдық фактор деп айтуға болады. Алайда ондай өсім тамыз айының аяғына қарай, яғни оқу жылы басталғанға дейін болатын. Ал жалға беру ақысы тамыз айының басында өсе бастағаны, меніңше, дәл сол ресейлік релоканттарға байланысты".
Ресейде мобилизацияның жаңа толқыны болуы мүмкін екенін тәуелсіз сарапшылар мен ресейліктердің өздері қызу талқылап жатыр. Кремль шенеуніктері Ресей қорғаныс министрлігімен келісімшартқа отырған еріктілер саны жеткілікті екенін көрсететін Бас штабтың мәліметтеріне сүйеніп, ондай жоспар жоқ деп бірнеше рет мәлімдеді. Қыркүйек айының басында Бішкектегі саммитте Ресей президенті Владимир Путинге биыл күзде мобилизация болуы мүмкін бе деген сұрақ тағы да қойылды. Путин ондай сөзді "сандырақ" деп атап, аты-жөнін атамаған әлдебір адамдарды Ресейге ақпараттық шабуыл жасады деп айыптады.
Егер 2022 жылдың күзінде болған жағдай қайталанса, Қазақстан енгізіп жатқан міндетті электрондық рұқсат мемлекеттік шекарадан өтуге талпынған Ресей азаматтарының жолындағы елелулі кедергіге айналуы кәдік.
"Ресей азаматтарының Қазақстанға ағылуына мобилизация ғана емес, оған қоса мысалы, азық-түлік нарығындағы дүрбелең де түрткі болуы мүмкін, – деп санайды Марат Қайырленов. – Ресейліктердің азық-түліктің, тіпті күнделікті өмірдегі ең маңызды саналатын өнімдердің қымбаттап кеткені жайлы арыз-шағымдарын қазірдің өзінде көріп отырмыз. Бұған қоса оларды Украинадағы жылу электр станцияларын қиратқан шабуылдарға қарымта ретінде Украина қарулы күштерінің Ресейдің стратегиялық инфрақұрылымдарын соққыға алуы қысы ерекше қатал Ресейде қалудың мәні қалды ма деп ойлануға итермелейді. Электр қуатының өшуі өмір сүру сапасына өте қатты әсер ететінін айта кеткен жөн".
Орталық Азиядағы көршілердің базынасы
Қазақстанға ақылы электронды рұқсат алып кіру тәртібі көрші Қырғызстан мен Өзбекстан азаматтарына да әсер етеді. Әлеуметтік желіде Қазақстан билігінің шешімін көршілеріне қырын қабақ танытатын қадам ретінде қабылдаған өкпе-ренішке толы пікір көбейді. Әсіресе Қазақстан азаматтары Қырғызстан мен Өзбекстанға ешқандай қосымша алым төлемей кіріп жатыр ғой деген уәж жиі айтылады.
Осыған байланысты QazETA миграция сүзгісіне ғана емес, оған қоса ең жақын көршілерімен қарым-қатынастағы шиеленіс көзіне айналуы да мүмкін. Қырғызстанның әлеуметтік желілерінде жұрт Астананың жоспарларына ашық түрде наразылық білдіріп, оны өзге елдердің азаматтары есебінен пайда тапқысы келеді деп айыптады. Енді біреулер тіпті Бішкекті Қазақстан азаматтарына дәл осындай шара қолдануға шақырған.
Көршілердің наразылығы түсінікті де: ауқымды миграция толқынын тудырмайтындар да Қазақстанға кіру үшін ақы төлеуге мәжбүр болады. Алайда, сарапшылардың пікірінше, негізгі себеп Ресейге байланысты.
"Тек ресейліктер үшін" бөлек кедергі енгізгендей болмас үшін Қазақстан билігі визасыз режимі бар елдердің бәріне қолданылатын бірыңғай ереже жасады. Бұл құпиялық үшін қажет болды, – дейді құқық қорғаушы Сергей Дуванов. – Енді қазақстандық шенеуніктер бұған ресейліктер мен Путиннің еш қатысы жоқ деп қымсынбай айта алады, себебі ереже бәріне ортақ. Әрине, өзгелер үшін қолайсыз екені айқын, бірақ бұл жерде саясат басты рөл атқарады, сондықтан мұның жауабы анық – саяси астарды жасыру".
QazETA жүйесін әзірлегендер бұл жай ғана Қазақстанға қауіпсіз және жылдам кіруге арналған қызмет дейді. Шетелдік азаматқа Қазақстанға кіруге рұқсат алу үшін мобильді құрылғысына арнайы қосымшаны жүктеп орнатуға, телефон нөмірін тіркеуге, растауға, ETA жүйесіндегі тиісті қызмет түрін таңдауға, төлқұжатын немесе қосымша қабылдаған басқа құжатты сканерлеуге я суретке түсіруге, жеке деректерін тексеруге, сапар мақсатын, Қазақстанға келетін күнді және байланыс ақпаратын көрсетуге, қажет болған жағдайда қосымша құжаттар жүктеуге, содан кейін өтінішін электронды жолмен жөнелтіп, оның жағдайын қосымша арқылы бақылауға тура келеді. QazETA веб-сайтында құжаттарды өңдеу 10 минут алатыны айтылған.
Қазақстан билігі нақты қай күннен бастап QazETA жүйесі елге келетін шетелдіктер үшін міндетті және ақылы болатынын әлі айтқан жоқ.
Жаңа ережені кезең-кезеңімен енгізудің алдын ала кестесі ашық дереккөздерде жарияланды:
- 2026 жылғы 1 қарашадан бастап – Қазақстанның халықаралық әуежайларында елге келетін шетел азаматтары үшін;
- 15 қарашадан бастап – Еуразия экономика одағының сыртқы шекараларындағы автокөлік бекеттері арқылы өтетіндер үшін;
- 30 қарашадан бастап – Қазақстанның Еуразия экономика одағы елдерімен, соның ішінде Ресеймен шекарасындағы автокөлік жолаушылары үшін;
- 15 желтоқсаннан бастап – теміржолмен (пойызбен) және теңіз жолымен келетін жолаушылар үшін міндетті талапқа айналмақ.
Жаңа ереже міндетті талап ретінде қолданысқа енгеннен кейін әуе компаниялары жолаушы ұшаққа отырар алдында оның ETA рұқсатын тексеріп, егер онысы жарамды болмаса, ұшаққа мінгізбеуге құқылы болады деп айтылады.
Әзірше жаңа жүйе пилоттық режимде жұмыс істеп жатыр. Ал толық енгізілгеннен кейін бұл ереже шекара арқылы жасалатын миллиондаған сапарға әсер етеді және, көрші елдердегі реакцияларға қарағанда, Қазақстан осы әрекетімен кімді бақылағысы келеді деген сұрақ әлі талай айтыс-тартысқа себеп болатын сыңайлы.