Accessibility links

Трамп АҚШ-та туған балаға бірден азаматтық беруді доғармақ. Бұл мүмкін бе?


АҚШ паспортын алуға ұмтылатындар көп, одан бизнес жасап, "босану туризмін" жолға қойғандар да бар. Дегенмен, жұрттың бәрі АҚШ-қа паспорт үшін ғана бара бермейді. Дональд Трамптың жаңа жарлығы Америкаға пана іздеп барған шарасыз иммигранттар мен олардың балаларына көп қиындық туғызуы мүмкін.

20 қаңтарда ант бергеннен соң бірер сағаттан кейін президент Дональд Трамп сайлауда берген уәделерін орындау мақсатында көп жарлыққа қол қойды, солардың бірі – АҚШ-та дүниеге келген балаларға бірден азаматтық беруді көздейтін ереженің күшін жою туралы.

"АҚШ азаматтығының мәні мен құндылығын қорғау" деп аталған жарлық ата-анасының азаматтығы да, елде заңды тұрып жатқанын дәлелдейтін құжаты да жоқ адамдардың балаларына азаматтық беруге шек қойды. Бұл – иммиграциямен күресуге бағытталған шаралардың бірі.

30 күннен соң, яғни 19 ақпанда күшіне енетін бұл жарлық құқықтық мәртебесі жоқ ата-анадан, соның ішінде елде пана берілгенімен, тұрақты тұрғын құжатын алмағандардан, H-1B жұмыс визасымен тұрып жатқандардан туатын балаларға әсер етпек.

Құқық қорғау ұйымдары Трамп осындай жарлық шығаратынын алдын ала біліп, оны күшіне енгізбеу үшін федералдық сотқа шағымдар түсірді. Олар бұл жарлықты АҚШ мемлекетінің ұстанымдарына қайшы келетін қатыгез құжат деп санайды.

Демократиялық партия өкілдері басқаратын 22 штат, Колумбия округі және Сан-Франциско қаласы сотқа шағым берген.

Вашингтондағы Америка университетінің құқықтану профессоры Джайеш Ратодтың Азаттыққа айтуынша, соңында бұл іс Жоғарғы сотқа жіберілуі мүмкін. Трамп президенттігінің алғашқы мерзімінде Жоғарғы соттағы 9 судьяның 3-еуін тағайындаған, содан бері сот оңшыл бағытқа қарай ойысқан.

"Менің ойымша, бұл прецедент қалыптастырып, оны федералдық соттарда қарастыру үшін жасалып жатыр. Жоғарғы сот бұл мәселені қарастырып жатса, таңқалмаймын", – деді Ратод Азаттыққа.

ҚҰЛДЫҚ ТАРИХЫ

АҚШ-та құлдыққа тыйым салынғаннан үш жыл өткен соң, 1868 жылы Конституцияға енгізілген 14-түзету бойынша, "Америка Құрама Штаттарында не оның юрисдикациясы жүретін аймақтарда туған және натуралданған барлық адам Америка Құрама Штаттарының және өзі тұрып жатқан штаттың азаматы болып саналады".

Бұл түзету афроамерикалықтарға нәсіліне бола АҚШ азаматтығын беруге тыйым салатын Жоғарғы соттың 1857 жылғы қаулысының күшін жойды. Оған дейін афроамерикалықтардың еш құқығы мен бостандығы болмаған еді.

14-түзетудің қазіргі интерпретациясы бойынша, дипломаттардың балаларынан басқа АҚШ аумағында туған барлық балаға бірден осы елдің азаматтығы беріледі. Бұған Қытайдан келген заңды иммигранттар отбасында туған Вонг Ким Арктың 1898 жылғы арызы себеп болған.

Қытайға барып, Америкаға оралмақ болған оны АҚШ азаматы болмағаны үшін елге кіргізбей қойған. Вонг Ким Арк 14-түзету бойынша АҚШ азаматы саналатынын айтып, сотқа жүгінген. Жоғарғы сот оның талабын орынды деп тауып, соның арқасында прецедент қалыптасқан.

Әсіресе тұрақсыздық жайлаған, репрессияшыл елдердің бақуатты адамдары бұл заңды өз мақсатына пайдаланған. Олар жұбайларын АҚШ-қа босануға жіберіп, соның арқасында баласына сол елдің азаматтығын алғызып алатын. Бұл тактика кең тарағаны сондай, бұл тіпті "босану туризмі" деген атауға ие болған.

Иммиграцияны шектеуді жақтайтын Center for Immigration Studies орталығының зерттеуінде 2016 жылдың ортасынан 2017 жылдың ортасына дейін АҚШ-қа туризм мақсатында келген әйелдерден 33 мың бала туған деп көрсетілген. Баласына төлқұжат алған ол адамдар әдетте еліне қайтып кетеді.

Трамп президенттігінің алғашқы кезеңінде, 2019 жылғы қаңтарда америкалық прокурорлар алғаш рет "босану туризмі" операторларына федералдық айып таққан. Қытай азаматтарының Калифорнияға барып босануын ұйымдастырып, сол үшін олардан ондаған мың доллар ақша алған 19 адамға айып тағылды.

Жыл сайын Ресейден жүздеген екіқабат әйел Флоридаға барып босанатынын АР агенттігі де жазды.

АҚШ-та дүниеге келген сәбидің ата-анасы бала өскен соң АҚШ азаматтығын алуға өтініш беруге хақылы. Мүмкіндіктер көп, заң үстемдігі орнаған ел болғандықтан, АҚШ азаматтығын алуға құштар адам көп. Бұған қоса, өзге елде тұтқынға алынса не өміріне қауіп төнсе, АҚШ азаматы сол елдің елшілігінен жәрдем ала алады, оны кей жағдайда тіпті эвакуациялауы да мүмкін.

Алайда басқа елдің азаматтары АҚШ-қа тек "босану туризмімен" ғана келмейді. Олардың арасында пана сұрап келгендер және АҚШ азаматтығын алуға өтініш бергендер де бар.

Иммиграцияға қарсы саясатты сайлау бағдарламасының басты тақырыбы еткен Дональд Трамп президенттігінің бірінші кезеңінде шетелдіктерге АҚШ азаматтығын автоматты түрде беруге қарсы болды. Бірақ сол кезде ол ешқандай құқықтық әрекетке бармаған еді.

Сарапшылардың айтуынша, 2016 жылы өмірінде алғаш рет президент сайлауында жеңіп шыққан Трамптың саяси тәжірибесі болмады. Президенттіктен кеткеннен кейінгі төрт жылда ол Ақ үйге қайтып келген жағдайда олқылықтың орнын толтырып, даулы заңды өзгертудің жолдарын жан-жақты ойластырды.

АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйдегі жұмыс кабинетінде жарлыққа қол қойып отыр. 20 қаңтар, 2025 жыл. (Jim WATSON / POOL / AFP)
АҚШ президенті Дональд Трамп Ақ үйдегі жұмыс кабинетінде жарлыққа қол қойып отыр. 20 қаңтар, 2025 жыл. (Jim WATSON / POOL / AFP)

Трамп әкімшілігі 14-түзетудегі төрт сөзге сүйенеді. Олардың айтуынша, онда елде заңды түрде тұрмайтын не АҚШ-тың азаматтығы жоқ адамдардың балаларына туа сала АҚШ азаматтығы берілуі керек деген сөз жазылып тұрған жоқ.

"14-түзетуде АҚШ-та туғандардың барлығына азаматтық берілуі тиіс деп тұрған жоқ. 14-түзету "өз юрисдикциясына кірмейтіндерді" туа сала азаматтық алу құқығы бар адамдар қатарына жатқызбаған" деп жазылған Трамп әкімшілігінің 20 қаңтардағы мәлімдемесінде.

Трамп жарлығы АҚШ-та заңсыз жүрген әйелдерден туған, ал әкесінде АҚШ азаматтығы не елде заңды тұру құқығы жоқ балаларға азаматтық беруге шек қояды. Бұған қоса ол АҚШ-та заңды жүріп босанған, ал әкесінде АҚШ азаматтығы не елде заңды тұру құқығы жоқ балаларға да азаматтық беруді доғарады. Заңды жүргендер арасында туристік не оқу визасымен келген әйелдер бар.

Сарапшы Ратодтың айтуынша, Трамп әкімшілігінің негізгі аргументі сәбиге азаматтық анасының қай елде тұратынына қарай берілуі керек дегенге саяды. Бірақ бұл онша салмақты аргумент емес дейді ол. Себебі, мәселен АҚШ-та тұрақты тұру құқығы бар әйелдің сәбиіне азаматтық беріледі, ал оның анасы бәрібір басқа елдің азаматы болып қала береді.

"Бұл – құқықтық мәселе, Трамп әкімшілігі мұның ара-жігін қалай ажыратқанын түсіндіріп беруі керек", – деді сарапшы.

Азаматтық еркіндікті қолдау одағы (ACLU) және мигрант құқықтарын қорғайтын басқа да түрлі ұйымдар Трамп қол қойған жарлықты бірден Конституцияға және адамгершілік заңдарына қайшы құжат деп атап, сотқа жүгінді.

АҚШ-та дүниеге келген сәби
АҚШ-та дүниеге келген сәби

"Туған жері бойынша азаматтық беру құқығы біздің Конституцияда шегеленіп жазылған, әрі ол – Америка күресетін басты құндылықтардың өзегі, – делінген ACLU-дың иммигрант құқықтары жобасы директорының орынбасары және осы іс бойынша негізгі адвокат Коди Вофсидің мәлімдемесінде. – АҚШ аумағында туған балаларға азаматтық беруден бас тарту – заңсыз да қатыгез әрекет, әрі ол біздің елдің құндылықтарына қайшы келеді".

Құқық қорғаушылардың бірлескен мәлімдемесінде Трамп жарлығы сәбилердің өміріне қауіп төндіруі ықтимал әрі бұл АҚШ-та үнемі дискриминацияға ұшырайтын адамдар тобын қалыптастырады делінген.

Олардың айтуынша, бұл балаларға өмірінің ең маңызды кезеңінде басты медициналық қызмет көрсетілмеуі мүмкін, олар ID-карта (жеке куәлік) ала алмауы және дауыс беру құқығынан айырылуы мүмкін.

"Бұл жарлық тікелей әсер ететін балаларға ғана емес, азаматтық алу мүмкіндігі нәсілі мен қайдан келгендігіне байланысты болып қалатын ата-аналарының да қағажу көріп, оқшаулануына алып келуі мүмкін. Елде туған азаматтарды кері итеру басқа ешқандай елде болып көрмеген адамардың төменгі табын қалыптастырып, олардың мемлекеттен тыс қалуына алып келуі ықтимал" делінген мәлімдемеде.

АҚ ҮЙ ҚАЛЫПТАСТЫРҒАН ПРЕЦЕДЕНТ

Американың заң шығарушылары АҚШ-та туғандарға бірден азаматтық беру ережесін жоюға сан мәрте талпынған. Дегенмен, 14-түзетудің мәніне қатысты Трамптың арызы прецедент болуы мүмкін.

Консервативтік ортада бұл түзетудің аясын тарылту туралы ұсыныстар ондаған жылдар бойы айтылып келеді, бірақ қазір халықтың иммиграцияға деген қарсылығы және Жоғарғы соттағы өзгерістерге қарай ол қайтадан алдыңғы қатарға шықты деп түсіндірді Ратод.

"Трамп әкімшілігі бұл аргументтерді өз пайдасына жаратып отыр, себебі олар заңды өзгертуге мүмкіндігі бар деп ойлайды", – деді Джайеш Ратод.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG