Accessibility links

Сот мемлекетке қайтарылсын деді, генерал Новиков келіспеді. 20 жыл бұрын берілген 846 гектар жердің дауы


Отставкадағы генерал-майор Павел Новиков. Алматы, 2 тамыз, 2023 жыл.
Отставкадағы генерал-майор Павел Новиков. Алматы, 2 тамыз, 2023 жыл.

Алматының экономикалық соты Іле Алатау ұлттық паркімен шектесетін, 20 жыл жалға алынып, кейін жеке меншікке өтіп кеткен 846 гектар жерді мемлекетке қайтаруға пәрмен берді. Жерге иелік етіп отырған отставкадағы генерал Павел Новиков сот әділетсіз әрі заңсыз шешім шығарды дейді.

Алматы қаласының Іле Алатау ұлттық паркімен шектесетін, 20 жыл бұрын жеке меншікке өтіп кеткен, жиыны 846,2 гектар жер 2024 жылы мемлекет қайтарылуы керек. 17 желтоқсанда Алматының экономикалық соты "жер жекеменшікке заңсыз берілді" деп ұйғарып, осындай шешім шығарған. Шағым түсірген қалалық прокуратура былтыр жазда сол жерге байланысты "ешқандай заңсыздық жоқ" деген, бірақ бір жылдан соң Бас прокуратураның бұйрығымен тексеріс жүргізгені белгілі болды.

846,2 гектар жердің түпкі иесі – 76 жастағы отставкадағы генерал-майор Павел Новиков. Ол сот шешімі әділетсіз, "далбаса" деп санайды.

Әңгіме Алматы қаласының Іле Алатау ұлттық паркімен шектесетін, Бостандық ауданының таулы, қыратты бөлігіндегі "Ерменсай" ықшамауданына тиіп тұрған 846 гектар жер туралы. Ол жерге "Международная ассоциация клубов" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен отставкадағы генерал-майор Павел Новиков иелік етеді.

Алатау бөктеріндегі "Международная ассоциация клубов" компаниясына тиесілі 832 га жердің аумағы көрсетілген карта.
Алатау бөктеріндегі "Международная ассоциация клубов" компаниясына тиесілі 832 га жердің аумағы көрсетілген карта.

Былтыр Азаттық санағанда сол аумақтан Новиковке тиесілі жиыны 832 гектар болатын 17 жер телімі шыққан. 2023жылдың тамыз айының басында Алматы прокурорының орынбасары Жандос Әбдібаевтың Азаттыққа берген жауабында "аталған жер телімдері бойынша заң бұзушылықтар анықталмады" деп жауап берген.

Алайда қала прокуратурасы ол жерді тексеруге биыл 27 мамырда Бас прокуратураның тапсырмасынан кейін кірісіп, заңсыздық бар екенін тапқан.

Орган биыл қазанның басында сол жерді сату-сатып алуға байланысты барлық мәмілені, құжаттарын жарамсыз деп тануды сұрап экономикалық сотқа шағым түсірді.

20 жылдан кейін "табылған" өзен

Прокуратура Новиковтың иелігіндегі жер учаскенің аумағынан Керенқұлақ өзені мен Беркара бұлағы ағып өтетінін анықтап, мұндай жердің жеке меншікте болуы заңға томпақ келеді деп отыр.

"Жер кодексінің 132-бабына сәйкес, өзен, бұлақ орналасқан аймақ су қорының жері саналады. Ал 133-бапқа сай, су қорының жері тек мемлекет меншігі болады. Мұндай жер уәкілетті органның келісімімен уақытша пайдалануға ғана берiлуi мүмкiн", – деп жазды прокуратура Азаттыққа берген жауабында.

Қадағалаушы орган осыны алға тартып, Алматы облысы Қарасай ауданы әкімдігі мен "Международная ассоциация клубов" компаниясы арасында 2004 жылдан бері жасалған сату-сатып алу туралы барлық мәмілені және басқа келісімді – жиынтығы жеті құжатты жарамсыз деп тануды талап етті. Оның ішінде Алматының жер қатынастары басқармасының учаскелерге бөлу туралы 2015 жылғы бұйрығы мен Новиковтың компаниясы басқа тұлғаларға сатқаны туралы келісімдер де бар.

Генерал Павел Новиковке тиесілі жердің дроннан түсірілген суреті. Алматы, Алатау бөктері, 3 тамыз, 2023 жыл.
Генерал Павел Новиковке тиесілі жердің дроннан түсірілген суреті. Алматы, Алатау бөктері, 3 тамыз, 2023 жыл.

Прокуратураның дерегінше, 884,9 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерді Алматы облысы Қарасай ауданы әкімдігі 2004 жылы "Международная ассоциация клубов" компаниясының меншігіне берген. Орган соның 846,2 гектарын ерекше қорғалатын жерлер санаты бар мемлекеттік орман қоры – Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркіне қосуды талап еткен. Қазір соның 820,5 гектары Новиковке қарайтын "Международная ассоциация клубов" компаниясына тиесілі. Қалғанын әртүрлі жылы жеке тұлғаларға сатқан.

2004 жылы ол жерлер Алматы облысына қараған. 2014 жылы Қазақстан президентінің жарлығымен Алматы қаласының аумағына өткен. 2015 жылы жер қатынастары басқармасының бұйрығымен 16 учаскеге бөлінген.

Прокуратура Азаттықтың сол жер туралы барлық сұрағына жауап беріп, тек "Прокуратураның бұл шағымды қазір түсіруіне не түрткі болды, онда өзен барын 20 жылдан кейін білді ме?" деген сұрағын жауапсыз қалдырған.

Оларға жерді тексеру туралы бұйрық Бас прокуратурадан келгені сот шешімінен белгілі болды. Онда 2004 жылы сатылған кезде де, кейін Алматы қаласы аумағына қосылғанда да аумақ картасында өзен мен бұлақтың болғаны жазылған.

Соттасушы тараптардың уәжі

Жер иелері "Международная ассоциация клубов" компаниясының өкілдері мен тағы екі адам прокуратураның талабы негізсіз деп санайды. Олар жерді ақысын төлеп, заң жүзінде сатып алғанын, уақытында салығын төлеп жүргенін айтты. Бұған дейін болған сот істеріне сілтеме жасап, сату-сатып алу туралы жасасқан мәмілелерінің заңды екенін дәлелдейтін актілерді көрсеткен.

Жауапкер тарабы сотта ең басты алға тартқан дәйек – шағым түсіру уақытының ескіруі. Олар бұл жерлерді сатып алғанына 20 жыл, кейбірі 8 жыл болғанын айтып, "оны даулау мерзімі бітіп кетті" деп соттан прокуратура талап-арызын кері қайтаруды сұрады.

Сотта жауап берген Алматы қаласының жер қатынастары басқармасының өкілі сотты "мекеме ешкімнің құқығын бұзған жоқ және өз құзыреті мен Қазақстан Республикасы заңы шегінде әрекет еткенін" айтқан. Ол соттан прокуратураның талап-арызын кері қайтаруды сұраған.

Генерал Павел Новиков иелік етіп келген жердің 100 гектарында алма өседі. Дроннан түсірілген сурет. 3 тамыз, 2023 жыл.
Генерал Павел Новиков иелік етіп келген жердің 100 гектарында алма өседі. Дроннан түсірілген сурет. 3 тамыз, 2023 жыл.

Ал Алматы облысы Қарасай ауданы әкімдігінің өкілі "шешімді соттың қарауына қалдырамыз" деп, отырыстаруға қатысудан бас тартқан.

Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарайтын Балқаш-Алакөл бассейні инспекциясы Су кодексіне сүйеніп, "су қоры орналасқан жерді жеке меншікке беруге болмайды" деп, даулы жерлерді мемлекет меншігіне қайтаруды сұрады.

Алматының экономикалық соты "Жер және су заңнамасының көрсетілген нормаларына қарамастан, жергілікті атқарушы орган заңды тұлғаға су қоры бар жер учаскесін жеке меншікке заңсыз берді" деген ұйғарым шығарды.

Азаматтық кодекстің 187-бабына сүйеніп, талап-арыздың ескіргені туралы өтініштерді кері қайтарды. Судья Гүлнар Сағынбекова "бастапқы меншік иесінің, яғни мемлекеттің құқығы бұзылғаны туралы сөз болып отыр, сондықтан бұл жерде талап-арыздың мерзімі ескірмейді" деп түсіндірген.

Генерал Новиков не дейді?

Отставкадағы генерал-майор Павел Новиков сот шешімі "әділетсіз" шықты деп санайды.

– Бұны шешім деуге де келмейді, бұл – далбаса. Тіпті, олардың менің жерім туралы талқылауға құқығы жоқ. Бұл – ақымақтық. 15 қаңтар күні қарсы арыз береміз, – деді Новиков Азаттыққа.

"Жеріңізді түгел қайтарып алатыныңызға сенесіз бе?" деген тілшінің сұрағына генерал Новиков:

– Мен оны ешкімге берген жоқпын, менікі болып қалады, ешкім заңсыз тартып ала алмайды, – деп жауап берді.

Зейнеттегі генерал Павел Новиков велосипед теуіп жүр. "Бағанашыл" спорт және сауық кешені. Алматы, 2 тамыз, 2023 жыл.
Зейнеттегі генерал Павел Новиков велосипед теуіп жүр. "Бағанашыл" спорт және сауық кешені. Алматы, 2 тамыз, 2023 жыл.

Новиков прокуратураның өзен-суды даулауы "сылтау, ойдан шығарылған" деп санайды. Оның сөзінше, жер аумағындағы суларға ешкім тиіспеген, "тап-таза күйінде еркін ағып жатыр".

– Прокуратура одан да өздері айтқан өзен бойында салынған қаладағы көпқабатты үйлердің құрылысын тексерсін, – деді отставкадағы генерал.

Осыған ұқсас талапты биыл қазанда Новиковтың қарамағындағы қызметкерлер де айтқан. 23 қазанда Новиковтың иелігіндегі "Бағанашыл" спорт-ойын-сауық кешенінің Instagram парақшасында "Международная ассоциация клубов" компаниясы қызметкерлерінің видеосы жарияланды. Олар прокуратура шағымына наразы екенін айтып, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтан осы жағдайға араласуын сұраған.

– Прокуратура "Международная ассоциация клубов" компаниясына тиесілі жерде өзен ағып жатқанын алға тартып отыр. Бірақ бұл өзен ағып жатқан Ремизов шатқалы мен әл-Фараби даңғылы бойына тұрғызылған қымбат үй кешені иелеріне ештеңе демейді. Біз бұл учаскелерді мақсатына сай пайдаланамыз, коттедж, ғимараттар тұрғызған жоқпыз. Біз әйгілі Алматы апортын өсіреміз, оны жерлестеріміз бен қонақтарға жеткізіп отырмыз, – деді видеода компания қызметкерлері.

Былтыр Азаттық Новиковке тиесілі 832 гектар жердің 100 гектарында алма бағы барын, қалған жері бос жатқанын көрген. Аумақ бөгде адам кіре алмайтындай етіп қоршалған.

Новиков сұхбатында "апортты сақтап қалу үшін, сіздер сол жерді біреуге көрсетсін, мақтансын деп сақтап келемін, мемлекетке қайтарылған жер талан-таражға түседі, ол жерді әкімдік игере алмайды" деген.

Биылғы сотта сол аумақта Павел Новиковтың ұлы Максим Новиковке тиесілі тұрғын үй салынғаны белгілі болды. Сот шешімінде аумағы қанша екені айтылмаған, бірақ Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы "ол ғимаратты тұрғызуға рұқсат берілмегенін" айтқан.

Даулы жер Совет Одағы кезінде "Алатау" совхозының аумағында болған. Онда 1960-жылдардан бері алма өсірілген. Соның 800 гектардан астамын Павел Новиков 1990-жылдардың басында 49 жылға жалға алған. 1999 жылы оған жерді тұрақты пайдалану құқығы берілген. 2004 жылы 884,9 гектар жер үшін мемлекетке 25,4 миллионға жуық теңге төлеп, меншігіне алған.

Новиковке тиесілі 832 гектар жер туралы былтыр жазда мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек мәселе қозғаған. Депутат Орман кодексіне сүйеніп, табиғи-техногенді жолмен қалыптасқан орман жеке меншікте болмауға тиіс екенін айтып, бас прокуратура мен үкіметке сауал жолдаған.

Генерал Павел Новиков Алматыдағы жүздеген гектар жерге қалай иелік етіп отыр?
please wait

No media source currently available

0:00 0:15:29 0:00

Павел Новиков кім?

Павел Новиков 1990-жылдары Қорғаныс министрлігінің әскери спорт ұйымы – Алматыдағы ЦСКА клубын басқарған. Кейін 12 жыл бойы (1996-2008 жылдар аралығында) осы министрліктегі спорт комитетінің төрағасы қызметін атқарды. Бұдан соң 2008-2015 жылдар аралығында Алматы қаласының сол кездегі әкімі Ахметжан Есімовтің кеңесшісі болды.

Дәл осы кезеңдерде 15 жыл Қазақстан теннис федерациясының президенті, 20 жылдан астам уақыт ұлттық олимпиада комитетінің вице-президенті, 11 жыл жеңіл атлетика федерациясының президенті сияқты қызметтерді қоса атқарды.

Павел Новиков Қазақстанды 30 жыл билеген Нұрсұлтан Назарбаевпен біраз жыл жақын байланыста болғанын жасырмайды. Онымен 1980 жылдан бері таныс екенін айтты.

Генерал бір сұхбатында Қазақстан спортын Назарбаевтың есімімен байланыстырған. 1995 жылы Назарбаевпен бірге "Абай" шыңына шыққан 10 шақты альпинистің қатарында Новиков те болған.

Павел Новиков Алматыда қымбат мүлікке иелік етуіне экс-президент Назарбаевпен, Алматының бұрынғы әкімі Есімовпен және биліктегі лауазымды өзге де адамдармен жақын байланысының ешқандай қатысы жоғын айтқан.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG