26 жастағы Өскемен тұрғыны Ерқанат Жеңісұлы жеңіл көлігімен адам тасып, отбасын асырайды. 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде жараланып, бір көзінен айырылған жігіт "Қазақстан халқына" қоғамдық қорынан қайырымдылық көмек ала алмай жүр.
– Оң көзім орнында тұр, бірақ солып қалған, көрмейді. Сырттан байқасаңыз, екінші көзімнен кішірек, – деді ол көлік айдап келе жатып.
Ерқанат Қаңтар оқиғасынан кейін екі ай қамауда отырып шыққан соң біраз уақыт ауылда тұрған. Сол кезде бір көзбен мәшине айдауға дағдыланыпты. Айтуынша, дәрігер оған жеңіл көлік айдауға рұқсат берген.
– Түзу жолда жүре бересің, ал бұрылыстарда, бампер тиетін жерлерде көлікті сырып алып жүрдім. Granta деп аталатын ескі көлігім болған. Оны ауылда жолдың жиектасына, ағаштарға сырып алып, мөлшерлей алмай жүрдім. Қазір үйреніп кеттім. Қазір екі көзбен жүру қалай екені ұмытылып та бара жатыр. Бәрі баяғыдан осылай болған сияқты сезіледі, – деді ол.
"БІР-БІРІМІЗДІ ҚҰТҚАРДЫҚ"
Ерқанат оң көзінен 2022 жылы Өскемен қаласында Қаңтар оқиғасы кезінде айырылған. Айтуынша, алаңда қарашығын резеңке оқ сырып өтіп, екіге бөлген.
Ол бізді көлігіне отырғызып, үш жыл бұрын оқиға болған жерге алып барды.
Алаң, ары-бері өткен бірді-екілі адам мен жаяулар жолын тазалап жатқан жұмысшыларды есептемегенде, тыныш деуге болады. Тыныштықта мұз ойған сүйменнің дауысы жаңғырады. Ерқанат бір кезде мұнда мылтық атылып, төңірек айқай-шуға толғанын еске алды.
– Жолдың арғы жағында, әне, облыстық әкімдік тұр. Соның алдында күш құрылымы қызметкерлері тізіліп тұрды. Бәрі бетіне маска тағып алған. Бір кезде бізге қарата мылтық ата бастады. Бытырай қаштық. Мен кинотеатрға қарай жүгірдім. Бірақ алысқа кетіп қалған жоқпыз. Ату тоқтаған кезде қалып қойған адамдарды сүйретіп алып кетіп отырдық. Өйткені өліп қалуы мүмкін, жараланып қалуы мүмкін деп уайымдадық. Біреуін алып кеттік, екіншісін алып кеттік… Сөйтіп жүргенде Қазақстан көшесі бойында өсіп тұрған шыршалардың қасында көзіме бірдеңе тиді. Адамдар мені кинотеатрдың артына, тасаға алып кетті. 10-15 минуттай қан тоқтатуға әрекет еттім, бірақ еш нәтиже болмады. Сол сәтте көзім шығып кеткенін білген жоқпын. Тек қатты жараланып қалған екенмін деп ойладым, – деп еске алды ол өткенін.
Ерқанатты жедел жәрдем емес, кездейсоқ кезіккен бір адам ауруханаға алып барған. Әуелде бір көзінен біржола айырылғанын білмеген ол емдеу мекемесіне жеткенше "белгісіз адамның көлігін қанға боядым ғой" деп ыңғайсызданғанын айтады.
"КӨЗДЕН АЙЫРЫЛҒАНЫМДЫ БІРДЕН АЙТТЫ"
– 5 қаңтарда жараланғаннан кейін кешкі 9 жарым мөлшерінде облыстық ауруханаға шұғыл жеттім. Аурухананың бірнеше ғимараты бар. Арасы алшақ-алшақ. Әуелі негізгі есігіне бардық, бірақ көз бөлімшесі ол жерде емес екен, басқа жерге жіберді. Жаяу аралағаннан аралап тағы бір ғимаратқа кірдік, бұл да емес. Көзімнен қан ағып жүр, тоқтамайды. Қасымдағы әлгі жігіт қолымнан жетектеп, қолынан келгенше көмектесті. Қырсыққанда, көз бөлімшесі ең соңғы ғимарат болып шықты. Әрең дегенде оған да жеттік, – деді Ерқанат.
Ерқанат қос қабатты шағын аурухана үйіне ойлана қарап қалды.
– Қабағым жырылып кеткен еді. Оны нақты білемін. Көзден аққан қан тоқтамауы содан ба деймін. Бірақ қабағымды тіккен кезекші дәрігер бірден "енді көзің көрмейді" деп айтып салды. Басыма "мүгедек болып қалдым" деген ой келіп, теңселіп кеттім, – деді Ерқанат Жеңісұлы.
Ол ауруханада небары үш күн жатқан. Операциядан кейін күтім керек болғанына қарамастан құқық қорғау қызметкерлері тергеуге алып кеткен.
"ТЕРГЕУГЕ ЕМЕС, ТАЯҚ ЖЕУГЕ БАРҒАНДАЙ БОЛДЫҚ"
– Неге екенін білмеймін, ауруханада ұйықтататын дәрі бере ме, күндіз де, түнде де ұйықтай береміз. Бір кезде басымнан біреу кілтпен соғып оятты. Мәшиненің, шкафтың, сейфтің кілттері деген секілді жинақталған көп кілт. Көзімді ашсам прокурор, әлде прокуратураның тергеушісі екен. Арнайы жасақпен бірге келіп тұр. "Тұрыңдар, алып кетеміз" деді. Ұқпай қалдық. "Кеше ғана куәлік бердік" дейміз. Дәрігерлерге "бізді жібермеңіздер" дейміз. Олар шарасыздық көрсетті. Прокуратура қызметкері "тергеуші жетпей жатыр, екі сағаттан соң әкеліп тастаймыз" деп уәде беріп, арнайы жасақпен сыртқа алып шықты, – деп еске алды Ерқанат.
Ол ауруханадан шыққан бетте-ақ ұрып-соғуға тап болғанын айтып берді.
– Жанымда тағы бес адам бар. Бәріміздің көзіміз көрмейді, басымыз ораулы. Ойымызда түк жоқ, бір-екі сағатқа барамыз дегенге шынымен сендік. Арнайы жасақтың автобусына бірінші мен кірдім. Кіргенім сол еді, біреу бетімнен мылтық дүмімен ұрды. "Басыңды көтерме!" деп зекіді балағат сөздер қосып. Жеткенше желкеден ұрып-соқты, – деді Ерқанат Жеңісұлы.
Ерқанат Өскемен қалалық полиция басқармасына жеткізілген соң тек азап көрдім дейді. Содан ауруханаға қайтып оралмаған.
– Бірінші қабаттан төртінші қабатқа дейін адам толып тұр. Бәрін екі жаққа қабырғаға қаратып тізіп қойған. Бөлмелерде екі-үштен қызметкерлер, бір-бірден ұсталған адамдар бар. Тергеліп жатқандардан гөрі таяқ жеп жатқан адамдар деуге болады. Тергеуге емес, таяқ жеуге барғандай болдық. Тергейтіндей де ештеңе болған жоқ, негізінен ешкім ештеңе бүлдірмеген. Ағаш кескен кейбір адамдар болған. Бірақ оларды ұстамаған сияқты. Таяқ жей берсе, адам бәріне көнуге дайын болады екен. Көбі істемеген жайтты мойнына алды. Мойындасам, таяқ тоқтайды деген оймен айтады, – деді ол.
Ертеңіне Ерқанат уақытша ұстау изоляторына қамалған. Үш күннен соң соты өткен. Кінәсі дәлелденбегенімен, сот екі ай абақтыда ұсталсын деп шешім шығарған. Осылайша түрмеге ауыстырылыпты.
– Әке-шешем ауылда тұрады. Өскеменнен 100 шақырым жерде. Абай облысы Жарма ауданының Жаңаөзен деген ауылы. Ауылда адамдар малмен күн көреді ғой. Қыста күн қысқа, суық, ерте тұрып мал жайлайды. Күнде қалаға көлік бола бермейді. Такси бір бағытқа 2500-3000 теңге алады. Әкем қоғамдық қорғаушым болып тіркеліп, күн сайын екі бағытқа жүріп тұрды. Кейде жолшыбай көлік тоқтатып та келеді. Маған сәлемдеме алып келеді. Ашығып қалды ма деген уайымы ғой. Ата-ана уайымдайды. Одан кейін прокуратураға барады. Суық күнде далада сағаттап жүреді. Кешке қайтады. Үйдің де тіршілігі бар. От жағу керек, көмір түсіру керек, кешкісін мал жайлау керек, оның шөбі бар… Екі ай жатқанымда әкем күнделікті келіп тұрды. Маған екі-ақ рет кіруге сәті түсті. Баламды көріп қалар ма екенмін, шығарып қалар ма екен деген үмітпен жүрді ғой, – деді Ерқанат.
"ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА" ҚОРЫ КӨМЕК БЕРУДЕН БАС ТАРТТЫ
Ерқанат Жеңісұлы түрмеге екі ай текке қамалып шыққанын айтты. Тергеу кезінде азап көрсе де мойынына ештеңе алмаған оны "кінәсі дәлелденбеді" деген себеппен босатқан. Кейін сот арқылы мемлекеттен моральдық және материалдық шығын ретінде 3 млн 700 мың теңге өндіріп алған. Бірақ "Қазақстан халқына" қоры бөлетін 3 млн теңге қайырымдылық көмек қолына тимеді. Қордың жазбаша берген жауабына қарағанда, Ерқанат атыс қаруынан жараланбаған. Ал ақша Қаңтар оқиғасы кезінде атыс қаруынан жараланғандарға арналған.
– Саған атыс қаруының патроны тиген жоқ, сондықтан көмектесе алмаймыз, әйтпесе көмектесер едік деді. Қорғаныс министрлігіне хат жаздық. Резеңке оқ, яғни травматикалық қару мен атыс қаруының айырмашылығы неде деген сұрақ қойдық. Олар екі қару тең дәрежеде жүретінін айтып жауап берді. Қай-қайсы болса да қару болып саналады деді. Бірақ қор адамдарына мұнымыз жеткіліксіз болып тұр. Өліп қалсаң көмектесер едік дегенге келтіреді. Шын оқ тисе көмектесер едік, бірақ резеңке оқ тиді, көмектеспейміз дейді. Біз оларға түсіндірдік, аурухана қағаздарын бердік… Кез келген адамға айтсаң түсінеді ғой… Мысалы, травматикалық қарумен тіреп тұрып атсаң адамды өлтіруге болады. Ал атыс қаруы сырып кетуі мүмкін, онда адам жай ғана жараланады, денсаулығына аса зиян келмеуі мүмкін, – деді шарасы таусылған жігіт.
Азаттық "Қазақстан халқына" қорына хат жолдап, көмек беруден бас тартудың себебін түсіндіріп беруді сұрады. Қордың берген жауабына қарағанда, Ерқанат Жеңісұлының көзіне атыс оғы емес, қатты доғал зат тиген. Қор бұл травматикалық қарудан атылатын резеңке оқ болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Алайда қайырымдылық көмек көрсету критерийінде нақты атыс қаруынан жараланғандар қаражат алатыны жазылған деген уәж келтірді.
"Ерқанат Жеңісұлының көз алмасы жыртылған, бұл еңбек қабілетін 35 пайыз жоғалтуға әкеледі. Қорғаныс министрлігінің ақпаратына қарағанда, травматикалық қарудан атыс оқ-дәрісі атылуы мүмкін емес. Яғни оның көзіне атысқа арналған оқ емес, қатты зат тиген. Бас прокуратура, қорғаныс министрлігі және сот сараптамаларының мәліметтері бойынша, Ерқанат Жеңісұлына қайырымдылық көмек көрсету қордың бекітілген критерийлеріне сәйкес келмейді" деп жазылған "Қазақстан халқына" қорынан келген жауапта.
Ерқанат "Қаңтар оқиғасы кезінде арандатушылар ұсталмады, бейбіт халыққа да оқ атылды, алайда артынан көмек толық көрсетілмей отыр" деп налиды.
– Қамалған сәтте 300 мың теңгедей несием болған. Жарты жыл төленген жоқ. Шыққаннан кейін де төлеуге мүмкіндік болған жоқ. Мерзімі өтіп кетіп, несие тарихым бұзылды. Басында шотым бұғатталды. Қалаға келіп құрылыста істедім. Қара жұмысшы болдым. Біраз ақша жинап, құрал-жабдық алған соң жеке аумақ алып істедім. Оның өзі кейде бар, кейде жоқ. Арзан болса істей бермейсің… Былтыр жазда көлік алдым. Priora деген көлік. Сонымен бір жыл такси болдым. Күзге қарай, қарашада үйлендім. Жалға алған пәтерде тұрдым. Қазір қымбат заман болып тұр ғой. Үйленген кезде 140 мың теңге төлеп тұратынмын, екі ай тұрғаннан кейін одан көшу керек болды. Қазір 200 мың теңге төлеп тұрып жатырмын, – деді тұрмыс-тіршілігі жайынан хабар берген ол.
ӨСКЕМЕНДЕГІ ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ
Өскеменде Ерқанат тәрізді алаңда көзінен айырылған, бірақ "Қазақстан халқына" қорынан көмек ала алмаған тағы бір адам бар. Ол – Азамат Ермекбаев. Азаматқа да аталмыш қор "атыс қаруынан жараланған жоқсың" деп, көмек беруден бас тартқан. Азамат өзін полиция атқанын көргенін, қамауда азапталғанын Азаттық радиосына бұған дейін әңгімелеп берген.
Азаттық тілшісі 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде Ерқанат Жеңісұлы мен Азамат Ермекбаевтың азапталғаны рас па деп Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасына сауалхат жазды. Құзырлы органнан "құқық қорғау органдары қызметкерлерінің заңсыз әрекеттері расталмады" деген жауап келді.
Қаңтар оқиғасы кезінде Шығыс Қазақстан облысын басқарған Даниал Ахметов құқық қорғау қызметкерлерімен бірге қалада тәртіпсіздікке жол бермедік деп былтыр қызметінен кеткенге дейін Ulysmedia сайтына сұхбат берген. Алайда экс-әкім оққа ұшқандар мен жараланған адамдар туралы ештеңе айтпады.
"Шығыс Қазақстандағы Өскемен елде қиратып-бүлдіру, өрт болмаған аздаған қаланың бірі. Әйтсе де айтарлықтай белсенді іс-қимылдар болды",– деген еді Даниал Ахметов.
Қаңтар дүрбелеңі кезінде Өскеменде үш адам қаза тапқан. Полиция оларды атқандар табылмады деп мәлімдеді. Ал прокуратураның дерегі бойынша, өңірде жауапқа тартылған 66 адамға сот бостандығынан айыру немесе еркіндігін шектеу жазасын берген. 25 адамның кінәсі дәлелденбей, олардың үстінен қозғалған қылмыстық істер тоқтатылған. "Азаптау" дерегі бойынша Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлерінің үстінен 33 шағым түсіп, қылмыстық істер қозғалған, бірақ ешқайсы сотқа жеткен жоқ.
2022 жылы қаңтарда сұйылтылған газдың қымбаттауынан басталған наразылықтың соңы бірнеше қалада тәртіпсіздікке айналып, ресми ақпарат бойынша, кемінде 238 адам қазаға ұшырады. Қаңтар оқиғасы кезінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "шетелден 20 мың террорист келді" деп мәлімдеп, ескертусіз оқ атуға бұйрық беріп, бейбіт тұрғындар да оққа ұшқан. Қаңтар оқиғасы кезінде, одан кейін ұсталған адамдар тергеу кезінде өздерін ұрып-соғып, азаптағанын айтқан.
Қаза тапқандардың туыс-жақындарының қарсылығына қарамастан халыққа оқ атқан полицейлер мен әскери қызметкерлер "Адам өлтіру" бабымен емес, "Билігін асыра пайдалану" бабымен істі болды. Оқиғадан кейін үш жыл өтсе де Қаңтар оқиғасына нақты не себеп болғаны ашық айтылған жоқ.
ПІКІРЛЕР