Қазақстанның он шақты қаласында белсенділер 31 мамыр Саяси қуғын сүргін құрбандары мен ашаршылық құрбандарын еске алу күні бейбіт митинг өткізуге рұқсат ала алмады. Жергілікті билік 31 мамырда митингіге бөлінген жерлер бос емес не жиын туралы ескертпе дұрыс толтырылмаған дейді. Еске алу шарасы оппозициялық белсенділерге ғана емес билікке жақын ұйымдарға да рұқсат етілмеді. 31 жылғы репрессия Қазақстанда жабық тақырыпқа айналып бара ма?
АЛТЫ ҚАЛАДАҒЫ ТЫЙЫМ
Астана қаласының әкімдігі белсенділер Эльвира Бекзадина мен Амангелді Жахинге 31 мамырда бейбіт жиын өткізуге рұқсат етпеді. Әкімдік алдымен митингіге белгіленген жер бос емес деген. Бекзадина шерудің жолын Жазушылар аллеясынан бастап Шәкәрім Құрайбердіұлы көшесіне дейін деп көрсеткен. Екінші өтінішке әкімдік "ұсынылған құжаттар мен жер талаптарға сай келмейді" деген.
Алматы әкімдігі Жамбыл көшесінен Гагарин даңғылы арқылы Сәбит Мұқанов көшесіне дейінгі шеруге рұқсат бермеді. Елдегі ең үлкен қаланың басшылығы Орталық мәдениет саябағынан 28-панфиловшылар саябағына дейінгі шеруге де рұқсат етпеді. Жергілікті билік мұның себебін түсіндірмеген.
Павлодар қаласының әкімдігі "абаттандыру жұмыстарына байланысты" деп шеруге рұқсаттан бас тартқан. Өскемен қаласының әкімдігі ұйымдастырушы жеке бас деректерін жинау және өңдеу бойынша келісімге қол қоймады деген.
Петропавл мен Шымкент әкімдіктері ескертпеде бейбіт жиынның регламенті жоқ дейді.
Семейде қалада Taza Qazaqstan шарасы өтетіндіктен шеру ұйымдастыруға мүмкіндік жоқ деп мәлімдеген. Ақтөбеде абаттандыру жұмыстары мен санитарлық шара болады деген. Қарағандыда "митингіге бөлінген жер бос емес". Оралда да әкімдік шеруге рұқсат бермеді.
Шеруге рұқсат сұрағандардың арасында билікті сынап жүргендер бар. Мысалы, Эльвира Бекзадина 2024 жылы "полицияға бағынбады" деген айыппен 250 доллар айыппұл алған. Бекзадинаның айтуынша, ол Астанада "Тоқаевтың бес жылдығының бес жетістігі" деген сауалнама жүргізіп жүргенде полиция күштеп ұстаған. Жахин де былтыр "полицияға бағынбады" деген айыппен 15 күнге қамалған. Полицияның айтуынша, 2022 жылы мамырда әділет министрлігінің ғимаратынан шықпай қойған. Жахин басқа да белсенділермен бірге әділет министрлігіне "Алға, Қазақстан" оппозициялық ұйымын партия ретінде тіркеу үшін құжат тапсыруға барған еді (Министрлік бұл ұйымды "құжаттары дұрыс емес" деп бірнеше рет тіркемей қойған).
"АктивистыНеЭкстремисты" тобының есебінше, 2020 жылы 30 шілдеден 2025 жылдың 19 мамырына дейін Қазақстанның 22 қаласында әкімдіктер 700-ден аса бейбіт митингіге рұқсат етпеген. 2025 жылы 14 өтінішке рұқсат бермеген.
Алматылық белсенді Әлнұр Ильяшевтың пайымдауынша, Саяси қуғын-сүргіндерді еске алу күні өткен тоталитарлық жүйені сыналатын сәт әрі Қазақстанның қазіргі саясатының күн тәртібімен байланысты. Белсенді "сондықтан билік азаматтық бастамаларды шектейді" деп санайды.
— Қазақстандағы билік саяси репрессия жоқ десе де, бәрі анық көріп отыр. Қаншама саяси тұтқындар! Өкініштісі, олардың саны азайып жатқан жоқ. Билікпен де диалог жоқ, - дейді Ильяшев "Настоящее время" телеарнасына.
Қазақстандық құқы қорғаушылар жасаған "саяи тұтқындар" тізімінде қазір 30-ға жуық адам бар. Олардың көбі – белсенділер, журналистер және оппозиция өкілдері.
Қазақстан билігі елде саяси тұтқындар мен саяси себеппен қуғындау жоқ дейді
БИЛІККЕ ЖАҚЫН ҰЙЫМДАРҒА ДА РҰҚСАТ ЖОҚ
31 мамырда еске алу шарасы оппозиция белсенділеріне ғана емес билікке жақын ұйымдарға да рұқсат етілмеді. Мәселен, Қазақстан халқы ассамблеясына қарайтын этно-мәдени ұйым өкілдеріне қуғын-сүргін құрбандарын еске алу мемориалына гүл қоюға тыйым салынған. Еске алу, құран бағыштау шараларына да рұқсат жоқ.
— Бізге еске алу шараларын өткізбеуді және репрессия тақырыбында жазба жарияламау жайлы ескертті. Мұны ассамблеяның 30-жылдығымен байланыстырды. Мерейтой кезінде қайғы керек емес деп айтты, - дейді ұйым өкілі (сақтық үшін атын жарияламауды сұрады) "Азаттық Азия" сайтына.
"Азаттық Азия" бұл жайтқа қатысты Қазақстан халқы ассамблеясына қайырылған. Мақала жарияланғанға дейін жауап келмеді.
Этно-мәдени орталықтағы дереккөз рұқсат етпеудің шынайы себебі Мәскеудің қысымынан деп санайды. Кейінгі кезде Ресей репрессия жайлы тарихи фактілер жайлы айтуды шектеп, Сталинге ескерткіштер орната бастаған. Ресейдің Украинаға басқыншылық соғысынан кейін Сталинді ақтау саясаты күшейген.
Қазақстан саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу шарасын соңғы рет 2022 жылы өткізген. Сол кезде президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астанадағы "1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарына тағзым" ескерткішіне гүл қойып, еске алған.
Ал 2023-2024 жылдары президенті Алматыда жұмыс сапарымен болып, репрессия тақырыбын қозғамаған. Тек Х желісіне атаулы күнге қатысты пост жариялаған. Былтыр Тоқаев "Қазақстан қуғын-сүргіннен жазықсыз жапа шеккен жандарды ақтау, төл тарихының ақтаңдақ беттерін объективті әрі тыңғылықты зерделеу жұмыстарына баса мән беріп отыр" деп жазған.
Қазақстанда Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні 1997 жылдан бастап атап өтіледі. "Үлкен террор" жылдары ұжымдастыру, аштық кезінде екі миллионға жуық қазақ қаза тапты. Тарихшылардың есебінше, 1921-1954 жылдары 100 мыңдай адам "халық жауы" деп танылып, сотталған. Олардың ішінде 25 мың адам атылған. Саяси құрбандар кейін ақталды.
ПІКІРЛЕР