Accessibility links

"Қазақтың қылған жақсылығын атам ризашылықпен айтып отыратын". Қазақстанға жер аударылған шешендер мен ингуштердің ұрпағы


Совет өкіметінің шешендер мен ингуштерді күштеп жер аударуы. 23 ақпан, 1944 жыл.
Совет өкіметінің шешендер мен ингуштерді күштеп жер аударуы. 23 ақпан, 1944 жыл.

81 жыл бұрын, 1944 жылдың ақпан айында жүздеген мың шешен мен ингуш Орталық Азияға күштеп көшірілді. Совет билігі Кавказ халықтарын еркінен тыс көшіруді "Чечевица операциясы" деп атады. Бірнеше күннің ішінде Қазақстанға 400 мың адамды көшіріп әкелді. Жер аударылғандардың көбі 1957 жылғы ішінара ақтаудан кейін тарихи отанына оралса, енді бір бөлігі Қазақстанда қалды. Қуғынға ұшыраған халықтардың ұрпағы Азаттықтың Солтүстік Кавказ редакциясына (Кавказ.Реалии) бүгінгі тыныс-тіршілігі мен өскелең ұрпақтың өткенді жадында қалай сақтайтынын айтып берді.

"Қазақтарға адам жегіштер келе жатыр деп жеткізген". Зарема, Алматы тұрғыны (кейіпкердің өтінішімен есімі өзгертілді):

– Қазақстанда тұратын кез келген вайнах секілді, менің бабаларым да қазақ жеріне 1944 жылы қуғынмен келген. Ол кезде атам үш жаста, ал ағасы жеті жаста екен. Жер аударғанға дейін атам отбасымен тау бөктерінде тұрыпты, сол себептен де біз Қазақстанда қалдық. Шешенстанға оралуға рұқсат берген кезде, тек қана "қырды мекендейтін" шешендер кетті. Тау бөктеріндегі ауылдарды қиратып, өртеп жіберген немесе оларды тонап, көрші халықтар иемденіп алған. Сол себепті біздің барар жеріміз де болмады.

Атамның ойында көп нәрсе қалмағанымен, ағасы сол кездегі жағдайды есінде жақсы сақтап қалған. Айтқысы келмесе де, жан жарасын тырнаса да, тарихымызды біліп жүрсін деп бізге әңгімелеп беретін.

Таңсәріде әскер келіп есік қаққанда арғы атамыз шығыпты. Ол уақытта орыс тілін білмегендіктен, не деп жатқандарын аса түсінбеген де. Атамыз пимасын алып үлгеріпті, сосын барлығын алдыға салып алып, төменге қарай жүрген. Ұзақ жүргендері сондай, кейбір үлкен кісілердің жүруге шамасы қалмаған. Оларды тұрған орнында атып тастаған. Әупірімдеп төменге түскенде аузы-мұрнынан шыққанша вагондарға тиеген. Пойыз жол-жөнекей өлген адамдарды лақтырып тастау үшін тоқтағанда, ас-сусыз халық қар жинап алып, соны ерітіп ішіпті. Атамның айтуынша, жастар көпшіліктің көзінше дәрет сындырудан қысылып, пойыздың күніне бір-ақ рет тоқтайтын уақытын сарыла күтумен болған. Соның кесірінен көбі жан тапсырған.

Қазақтарға "кісіжегіштер келе жатыр" деп айтқанын естіген шығарсыз? Ал шешендерге "Құдайдан безген, надандардың ортасына барасыңдар" деген. Советтік шовинизмнің көрінісі, міне, осындай. Әйтсе де, жергілікті халықтан көрген жақсылығын атам ризашылықпен айтып отыратын. Неше түрлі қауесет желдей ескеніне қарамастан, келе салысымен-ақ барлығын үйді-үйге бөліп орналастырған. Атамның айтуынша, бір қазақ отбасы бес адамнан тоғыз адамға дейін паналатқан. Бір жапырақ нанды бөліп жегені де шындық. Атам олардың өзінде дымы жоқ болғанын айтатын. Нан мен шәйдан басқа дым болмаған. Солай тірлік кешкен.

12525 вагон...

Ішкі істер халық комиссариаты айдауыл әскерінің басшысы, генерал-майор Виктор Бочковтың 1944 жылғы 1 наурыздағы есебінде әрқайсы 65 вагоннан тұратын 180 эшелон (барлығы 12 525 вагон) болғаны көрсетілген. Операцияны жүзеге асыру 23 ақпанда басталып, наурыздың басында аяқталған. Пойыз орта есеппен 16 күн жүрген. Жер аударылғандар арасында сүзек індеті тарауына байланысты 70 вагонды жолда қалдырған.

Жер аударылған халықты қазақ даласына алып келген. Мал таситын вагонмен бір апта жүргеннен кейін қақаған суықта айдалаға түсіріп кеткен.

Совет одағы жоғарғы кеңесі президиумының 1944 жылғы 7 наурыздағы "Шешен-ингуш АССР-ін жою туралы" жарлығында жергілікті халықты еркінен тыс депортация жасауға "олардың неміс әскерімен сыбайласуы" себеп болды деп көрсетілген. Алайда Шешен-Ингушетия неміс әскерінің қоластында болмаған. Тарихшы Майырбек Вачагаев жергілікті халық байланыс орнататындай ешкім болмағанын жазды.

Депортацияланған халықтар картасының фотокөшірмесі. Алматыдағы Орталық мемлекеттік музейдегі көрмеден.
Депортацияланған халықтар картасының фотокөшірмесі. Алматыдағы Орталық мемлекеттік музейдегі көрмеден.

Қуғын-сүргінге ұшырап, күштеп көшірілген халықтардың үштен бірі – 1 миллион 260 мың адам Қазақстанға қоныстанған. Тарихшы Павел Полян былай деп жазды: "Советтік қуғын-сүргінді, соның ішінде жер аударуды зерттеу советтік құрылымның таптық ерекшелікке қарай емес, негізінен ұлтына қарай қуғындағанын көрсетуі таңғаларлық жайт. Зерттеген сайын бұған көзің жете түседі. Интернационализмді дәріптейтін, тап күресін жоюды көздейтін, жұмысшы-шаруа мемлекеті екенін айтудан танбайтын ел шын мәнінде таза ұлттық мақсаттар мен тәсілдерге арқа сүйеді".

Кавказ халықтарын Қазақстанға жер аудару арқылы совет билігі бір оқпен екі қоянды "атып алды". Біріншіден, депортация Солтүстік Кавказ халқының құрамын "жақсартты". Журналист Мұрат Теміровтың пікіріне сүйенсек, "оның халқы көпұлтты, әртекті, Сталиннің ұлттың саясаты тұрғысынан алғанда, басқаруға қиын" еді. Екіншіден, депортация Қазақстанда 1930-жылдардағы Ашаршылықтан кейін кері кеткен демографиялық ахуалды жөндеуге үлес қосты. Совет билігінің индустрияландыру және күштеп ұжымдастыру саясатының салдарынан жүздеген мың адам қаза тапса, тағы сонша халық елден үдере көшті.

"Бір-бірімізді танимыз және бір-бірімізге арқа сүйейміз". Ислам, 28 жаста, режиссер, Алматы:

Ислам
Ислам

– Арғы атам азамат соғысында большевиктер жағында соғысып, Деникин әскерімен шайқаста қаза тапқан екен. Ұлы, яғни менің атам содан сәл бұрын, шамамен 1919 жылы дүниеге келген. Бабамыздың қызметіне өкіметтің айтқан "рақметі" сол – атамды 23-24 жастағы кезінде жер аударған. Шамамен қазіргі менің жасымда алдымен Қырғызстанның оңтүстігіне қоныстанып, кейін әйелін алып Алматыға көшкен.

Әжемді бастапқыда Ақмолаға жер аударған екен. Айдалаға тастап кетіпті. Ол кезде бәрі бір сценарий бойынша жүрген ғой: қарулы адамдар келіп, көшу керегін айтқан. Заттарын жинауға да мұрша бермей, кейбіреулер тіпті сырт киімсіз шыққан. Адам тасымалдауға жарамайтын, мал таситын жүк вагондарына тиеп, асығыс-үсігіс алып кеткен. Біздегі АЛЖИР музейінде ("Ақмоладағы Отанын сатқандардың әйелдеріне арналған лагерь" орнында қоныс тепкен Саяси қуғын-сүргін және тоталитаризм құрбандарының музей-мемориал кешені – ред.) көрнекі зат ретінде сондай вагонның біреуі тұр.

Депортация кезінде әжем 14-15 жаста екен. Екі бауыры Қазақстанға жете алмай, жолда жан тапсырыпты. Қырғызстанда менің атамды кезіктіріп, екеуі бас қосып, кейін біржола Қазақстанға қоныс аударған. Әжем сегіз бала туып, "Батыр ана" атанған, бұған қоса 13 сотық жер берген. Сол жерге саманнан үш үй тұрғызып, әкемнің бауырлары мен әпке-қарындастары түгел сондай өсіп-өнген. Қазір бәріміздің басымыз қосыла қалса, Сицилиядағы италян отбасы сияқтымыз, 40-50 болып қаламыз.

Үйді неге саманнан соққан десеңіз, мұнда мәңгі қалмаймыз, бір-екі жыл тұрғаннан кейін Кавказға қайтамыз деген ой болған. Сондай оймен жүргенде балалы-шағалы болып, көшу кейінге қала берген. Сол күйі ешқайда кетпеген, өйткені Совет одағы құлағаннан кейін әркім басымен қайғы болып кеткен. Оның үстіне, біз Қазақстанда тудық, осы жерде өстік, бұл біздің еліміз, осында тамыр жайдық, ел қатарлы тіршілік етіп жатырмыз. Жергілікті халықпен ұлттық, нәсілдік немесе діни алауыздық жоқ – дініміз бір, дәстүріміз ұқсас.

Ингушетияда тұратын туыстарымызға қонаққа барып тұрамыз, бірақ мұндағы жас буынның Кавказға көшетін ойы жоқ. Ол жақта өнеркәсіпті дамытып жатқан ешкім жоқ, мәдени өмірі де Алматыдағыдай емес. Сондықтан да туыстарымның көпшілігі, соның ішінде алыс туыстарым да қазақстандық ингуштер мен шешендер.

Бүгін Алматыда бірдеңе бүлдірсең, ертесіне Қарағандыда оны бәрі біліп отырады

Қазақстанда ингуш болудың ерекшелігі қандай? Біріншіден, ешқашан ингуш екеніңді ұмыттырмайды. Маңызды бір жайт, дәстүрлі әулетте де, заманауи отбасында да ес білгеннен ингуш екеніңді құлағыңа құюмен болады. Жетік болмаса да, бәрі ингуш тілін біледі. Өзім ингуш тілінде еркін сөйлей алмасам да, бауырларым, әпке-қарындастарым тілді жетік меңгерген. Мен той-томалақ пен өлім-жітім қалай атқарылатынын көріп өстім. Ингуштің ұлы ғылым және өнер қайраткерлерін міндетті түрде білу керек, тарихымызды білу де міндетті. Көпшілігі ұлттық аспаптарда ойнайды, ұлттық биімізді біледі, ансамбль мүшесі, тағысын тағы.

Біз көп емеспіз ғой, сондықтан бір-бірімізді білеміз және бір-бірімізге арқа сүйейміз. Бүгін Алматыда бірдеңе бүлдірсең, ертесіне Қарағандыда оны бәрі біліп отырады. Бір-бірімізге жоғары талап қоямыз десем болады. Кейде маған, керісінше, жергілікті халық "вайнах" болып бара жатқандай көрінеді. Вайнах ұлттық биін үйрететін курсқа барсаң, ингуш-шешендер әрі кетсе бес адамнан аспайды, ал қалған 20-сы қазақтар, орыстар, ұйғырлар, тағы басқа ұлттар болып шығады.

Анықтама: Қазақстандағы 2021 жылғы санақ дерегі бойынша, елде 33 мың шешен мен 17 мың ингуш тұрады. Қазақстандағы "Вайнах" шешен-ингуш қауымдастығына 16 ұлттық мәдени бірлестік кіреді.

"Атам маған қазақша ат қойған". Айнұр Умаева, Tidam коммуникация агенттігінің иесі және бас директоры, әйел кәсіпкерлердің She Community қоғамдастығының негізін қалаушылардың бірі:

– Алматы қаласында дүниеге келгендіктен, атам маған шешендерде жоқ қазақша ат қойған. Депортация туралы алғаш білген кезім есімде – балабақшадан келдім де, атамды 23 ақпан мерекесімен құттықтадым.

Атам мені тізесіне отырғызып, мұның шешендер үшін, басқа да бірқатар халық үшін ешқандай да мереке емес екенін ұзақ түсіндірді. Біз онсыз да ата-анамыздан туыстарымыздың неге алыстағы "Кавказда" тұратынын, неліктен жыл сайын жазда сол жаққа баратынымызды, неге біздің тұрмыс-тіршілігіміз достарымыздың өміріне ұқсамайтынын сұрайтынбыз.

Бала кезімнен есімде қалғаны, шешендердің көпшілігі ұдайы жүгін буып-түйіп отыратындай көрінетін. Біз қайда тұрсақ та, Шешенстан туралы туған үйіміз сияқты айтамыз: "елге" бармағалы көп болды ма, "елдегі" ағайынның қал-жағдайы жақсы ма, "елде" не жаңалық бар деп сөйлейміз.

1993 жылы болуы керек, әке-шешем Грозныйдан үй сатып алып, жөндей бастады. Көшеміз деп отырғанда танкіден атқылаған снарядтан үйлердің қалай отқа оранатынын көрдік.

Өз басыма келсек, Алматыда үш балам дүниеге келгеннен кейін көшу туралы ой да саябыр тапты.

Айнұр Умаева
Айнұр Умаева

Шешенстанмен ұдайы тығыз байланыста отырғандықтан, соғысты ауыр қабылдадық. Жақын туыстарымыздың бәрі сонда, жаз бойы сол жақта боламыз, ұдайы хабарласамыз. Грозныйға кетіп, сол жақтағы үйінен айырылып, бір қабат киіммен қайтып оралған отбасылық достарымызға анамның тез арада төсек-орын, киім-кешек дайындағаны есімде. Соғыс кезінде диаспора Шешенстанға жүк көліктерімен көмек жөнелтетін. Менің де, күйеуімнің де туыстарының көпшілігі Қазақстанға жараланып келіп жатты.

Қазақстанда түрлі ұлт өкілдері бір ұлтқа айналып жатыр, яғни melting pot (балқыту қазандығы – ред.) бар деп айта алмаймын. Бір мемлекетте тұрып жатсақ та, ұлттық болмысымызды жеткілікті деңгейде сақтап отырмыз. Басқаларды білмеймін, шешендерде солай. Әйтсе де, қазақстандық шешендер Шешенстандағы халыққа ұқсамайды. Ашық көрінгенімізбен, мұндағылар тілді және тұрмыстық салт-дәстүрді жақсырақ сақтап қалған деген пікір бар. Шамасы, диаспора тарихи отанынан жырақта болғандықтан барынша сақтауға тырысқан болар. Оның үстіне, бала күнімізден үлкендер 1944 жылғы еріксіз көш туралы айтып отыратын, сондықтан Қазақстанда тарихымызды ұмытатындай да болған жоқпыз.

Азаттықтың Солтүстік Кавказ редакциясы – Кавказ.Реалии сайтының журналисі Камал Жалиловтың материалынан аударылды

XS
SM
MD
LG