Мереке қаладағы әйгілі Көк мешітте ел туын көтеруден басталып, азық-түлік жәрмеңкесіне ұласатын. Жұрт ән айтып, би билейтін. Дәстүрлі спорт ойындары өтіп, жұрт отбасы болып қыдыратын.
Бірақ тәліптер билігі тұсында Наурыз ауғандар үшін көп күннің бірі ғана болып қалды дейді Мазари-Шарифтен шыққан автор Шерзад. Бұл қала – елдің солтүстігіндегі Балх провинциясының астанасы.
Шерзад пен Азаттық сөйлескен өзге ауғандар кедейшілік қысып, тәліптер түрлі шектеу енгізген тұста Наурызды тойламайтынын айтады.
"Наурыз бен басқа күннің арасында айырмашылық болмай қалды" дейді Шерзад. "Жұрт Наурыз күні жұмысқа баруға мәжбүр. Ол енді демалыс күні емес".
2021 жылы ауған билігіне келген Талибан тобы Наурызды мереке күндер қатарынан шығарып, жұрт тойлаймын десе өз еркі деді.
Талибанның баспасөз хатшысы Забиулла Мужахид Азаттық сұрағына жауап беріп, Ауғанстан Наурызды ресми түрде атап өтпегенімен, адамдар тойлаймыз десе ешқандай шектеу болмайтынын айтты.
1990 жылдары билікке алғаш келгенде тәліптер Наурызды пұтқа табынушылардың мейрамы деп, оған тыйым салған.
Көктемнің бастауы саналатын, парсылардың жаңа жылы есептелетін Наурыз бұл аймақта 3000 жыл бойы тойланып келеді.
"ТАЛИБАН КЕЛГЕЛІ ҚАСИЕТІ КЕТКЕН КҮН"
Көптеген ауған, әсіресе әйелдер Наурызды "тойлауға болады" деп айтылғанымен, тәліптер енгізген шектеулер әсерінен мереке бұрынғы қасиетінен айырылған.
Мәселен, Талибан музыканы заңға қайшы деп жариялап, әйелдердің бұқаралық парктерде және сауық орталықтарында жүруіне тыйым салды. Әйелдер сондай-ақ қатаң киім үлгісін киіп, бұқаралық орындарда үнін шығармауға тиіс. Талибан бұл заңдардың кейінгісін былтыр қабылдаған.
Ел астанасы Кабулда тұратын Мұрсал ханым (қауіпсіздік мақсатында тегін жасыру сұрады) бір кездері танымал мереке болған Наурыз тәліптер билігі тұсында мәнінен айырылды дейді. Мұрсал Наурызды елеусіз қалдырудан басқа амалы жоғын айтады.
"Талибан билікті қолына алғалы Наурызды тойлаған емеспін. Бұрын көкке шығатынбыз, отбасымызбен және достарымызбен бірге қыдыратынбыз. Ал қазір әйелдерге мұның бәрі тыйым салынған. Талибан тұсында Наурыздың қызығы кетті" деді ол Азаттыққа.
"НАҒЫЗ НАУРЫЗ ТАРИХ ҚОЙНАУЫНА КЕТКЕН ЕСТЕЛІК БОЛЫП ҚАЛДЫ"
Дәстүр бойынша Наурызға дайындық бірнеше күн бұрын басталатын. Адамдар отбасы болып өнген бидайдан жасалатын ұлттық тағам – сумалак пісіретін. Жеті түрлі кепкен жемістен тұратын хафт мева тағамы да әзірленетін.
Кабул тұрғыны Мұхаммад Тахирдің айтуынша, ауғандардың көбі Наурыз тағамдарының қоспалары түгіл күнделік азық-түлік сатып алуға қиналып жүр.
"Нағыз наурыз тарих қойнауына кеткен естелік болып қалды. Жаңа киіп сатып алатынбыз, азық-түлік дүкендеріне баратынбыз, көңіл көтеретінбіз. Оның бәрі кетті" деді Мұхаммад.
ПІКІРЛЕР