Accessibility links

"Талибан" билігіне бір жыл. Жаңа режим ұзақ тұра ала ма?


Ауғанстан "Талибан" үкіметінде премьер-министр орынбасары қызметін атқаратын Молла Абдул Ғани Барадар (ортада) мен өзге де шенділер "Талибанның" негізін қалаушы әрі лидері болған молла Омардың қазасына тоғыз жыл толуына орай өткен аста. Кабул, 24 сәуір 2022 жыл.
Ауғанстан "Талибан" үкіметінде премьер-министр орынбасары қызметін атқаратын Молла Абдул Ғани Барадар (ортада) мен өзге де шенділер "Талибанның" негізін қалаушы әрі лидері болған молла Омардың қазасына тоғыз жыл толуына орай өткен аста. Кабул, 24 сәуір 2022 жыл.

Бір жыл бұрын "Талибан" қозғалысы Батыс қолдап келген ауған үкіметін құлатып, билікке келді. Содан бері тәліптер билігін күшейтіп, елдегі оппозицияны басып-жаншыды. Сарапшылар топ ішінде талас-тартыстың күшеюі тәліптер билігіне қауіп төндіріп отыр дейді.

Бір жыл бұрын "Талибан" қозғалысы халықаралық қауымдастық мойындаған үкіметті құлатып, билік басына келген еді. Осы уақыт аралығында олардың билігі нығая түсті.

Экстремистік топ билікке монополия орнатып, этникалық және саяси топтардың көбін екінші орынға ысырып тастады. Сонымен қатар әйелдер құқығы мен сөз бостандығына шектеу қойған талаптарға қарсы шыққан журналистер мен құқық қорғаушыларды түрмеге қамап, соққыға жықты.

Тәліптерге қарсылық көрсеткендер елеулі нәтижеге жете алмады. Бірақ солардың ішінде "Ислам мемлекеті – Хорасан" экстремистік тобы жаңа режимге әлі де қауіп төндіріп отыр. Бұл топ үлкен қалаларда жарылыс ұйымдастырып, жүздеген адамның қазасына себеп болып үлгерді. "Талибан" олардың екпенін тежей алғанымен, толық жеңе алмады. Десе де, сарапшылар тәліптер билігіне одан да үлкен қауіп барын айтады. Қозғалыс ішінде ауызбіршіліктің болмауы "Талибанды" едәуір әлсіретуі мүмкін дейді олар. Бәсекелес топтар арасында саяси билік пен экономикалық ресурс үшін талас күшейіп келеді.

Тәліптер билігін ешбір ел мойындамады. Бірақ Батыс елдері Ауғанстанда гуманитарлық дағдарыс болмасын деп экстремистік топқа деген ұстанымын жұмсартуға бейіл. Алайда "Талибан" "Әл-Қаида" лидері Айман әз-Зауахириді паналатты деген әңгіменің тарауы бұл топтың халықаралық деңгейде мойындалуына кедергі келтіруі мүмкін.

"Талибан" сарбаздары "Әл-Қаида" лидері Айман әз-Зауахиридің қаза тапқан жерін күзетіп тұр. Кабул, 2 тамыз 2022 жыл.
"Талибан" сарбаздары "Әл-Қаида" лидері Айман әз-Зауахиридің қаза тапқан жерін күзетіп тұр. Кабул, 2 тамыз 2022 жыл.

ҚАРУЛЫ ЖӘНЕ ҚАРУСЫЗ ОППОЗИЦИЯ

1990 жылдардан бері тәліптерді бақылап жүрген шолушы Сами Юсафзайдың айтуынша, тәліптер билігі – Ауғанстанның кейінгі 40 жылдағы тарихында бүкіл елге үстемдік орнатқан жалғыз режим. Мұндай үстемдік 1990 жылдардағыдай азаматтық соғысқа жол бермейді дейді ол. Ол кезде Ауғанстанның аймақтарын түрлі топтар басқарған. Тәліптер 1996 жылы азаматтық соғыста жеңіске жетіп, өз билігін орнатқан кезде де толық үстемдікке қол жеткізе алмаған. 2001 жылы АҚШ бастаған әскери одақ елге басып кіргенге дейін жағдай сол қалпы қалды.

"Ауғанстанның көршілері экономикалық жағынан әлсіз "Талибанның" әскери қуатына таңғалды" дейді Юсуфзай. "Олар Ауғанстанда тағы бір азаматтық соғыс бола қалса, мәселе шешілмей, қайта Пандора жәшігі ашылып кетеді деп санайды".

Елдің әр бөлігінде қаруланған кішігірім топтар тәліптердің билігіне қарсы шықты. Бірақ олар әлсіз және өзара бөлінген, сондай-ақ оларға сырттан көмек көрсетілмей отыр дейді сарапшылар.

– Олар "Талибан" режимінің қытығына тигенімен, қандай да бір қауіп төндіре алмайды, – дейді Вашингтондағы Таяу Шығыс институты сараптама орталығының Ауғанстан мен Пәкістанды зерттеу жөніндегі директоры Марвин Вайнбаум.

Тәліптерге қарсы қуатты топтардың бірі – "Ұлттық қарсыласу майданы" ұйымы. Оны моджахедтердің бұрынғы командирі, 1980- 1990 жылы туған жері Панжшерді совет әскерімен соғыс кезіндегі база ретінде пайдаланған Ахмад Шах Масудтың ұлы Ахмад Масуд басқарады.

Майдан күштері тәліптерге қарсы шабуыл ұйымдастырғанымен, Панжшер шатқалын өз уысында ұстап қала алмады. Тәліптер Масудтың екпінін басу үшін қатыгездікке барып, қарсылық тобының жауынгерлерін азаптап өлтіруге барғаны, бейбіт тұрғындарға ойран салғаны айтылады.

Вайнбаумның айтуынша, үлкен азаматтық соғыстың тұтануын қаламаған Батыс елдері Масудты қолдауға құлшыныс білдірмей отыр.

– Босқындар легінен туындайтын гуманитарлық дағдарыстың алдын алуға бағытталған халықаралық шараларға қолдау білдіру үшін олар Кабулдағы үкіметтің айтарлықтай тұрақты болғанын қалар еді, – дейді сарапшы.

Оның сөзінше, халықаралық қауымдастық "Ислам мемлекеті Хорасан" секілді топтардан төнетін қауіпті де осылай бақылауда ұстағысы келеді.

БҰҰ-ның Ауғанстан жөніндегі өкілінің орынбасары Маркус Потцель "Талибан" үкіметінде ішкі істер министрі қызметін атқаратын Сиражуддин Хаққанимен кездесіп отыр. Архив.
БҰҰ-ның Ауғанстан жөніндегі өкілінің орынбасары Маркус Потцель "Талибан" үкіметінде ішкі істер министрі қызметін атқаратын Сиражуддин Хаққанимен кездесіп отыр. Архив.

Тәліптер бейбіт наразылықтарды да қатаң басып-жаншыды.

Құқық қорғаушылар тәліптер өзгеше ойлайтындарды басып-жаншу үшін сотсыз өлім жазасына кеседі, қамауға алып, азаптайды, мәжбүрлеп кінәсін мойындатады деп айыптады. Содырлар құқық қорғаушыларды, белсенді әйелдерді, журналистер мен интеллигенция өкілдерін қудалап келеді.

Тәліптер негізгі құқықтарының сақталуын талап еткен әйелдер ұйымдастырған наразылық акцияларын күштеп таратты. Бұрындары белсенді болған ауған баспасөз құралдары да қорқыту, қамауға алу мен журналистерді соққыға жығу оқиғаларынан соң үндемеуге мәжбүр болды.

ІШКІ ҚАУІП

Сарапшылар тәліптерге ең үлкен қауіп төндіретіні ішкі алауыздық дейді. Билікті басып алған соң тәліптер көтеріліс қозғалысынан заңды үкіметке айналуға тырысқан соң, содырлар ішінде алауыздық артып жатқаны айтылып жүр.

Билік пен экономика ресурстарына бөлуге қатысты дау тіпті күш көрсетуге дейін барған. Маусымда тәліптер елдің солтүстігіндегі диссидент командирге қарсы әскери операция жүргізді. Сарапшылар әскери әрекеттер көмір шахталарына бақылау орнату үшін болды дейді.

Сарапшылар негізінен пуштундардан тұратын тәліптердің ұлты, діні мен тайпасы бойынша бөлінетінін айтады. Олардың сөзінше, содырлар арасында саясатқа қатысты да келіспеушіліктер болып тұрады.

Тәліптердің елдің шығысында орналасқан Хаққани тобы мен оңтүстіктегі топтар арасында бәсеке күшейіп жатқаны айтылып жүр. Сонымен қатар елдің солтүстігінде тәжіктер мен өзбектерден тұратын ықпалды емес топ бар.

Тәліптердің айтарлықтай прагматик саяси қайраткерлері мен ислам заңдарын орнатқысы келетін командирлер арасында да ауызбіршілік жоқ.

Вайнбаум тәліптердің бәсекелес топтары арасында келіспеушілік көп, бірақ соңғы сөзді оңтүстіктегі топ айтады дейді.

– Режимге қауіп төндіретін осындай алауыздықтарды болдырмауға және сәйкесінше келіспеушіліктерді шешуге бағытталған және соған стимул болатын саналы қадамдар жасалып жатқанға ұқсайды, – дейді ол.

ДОХА КЕЛІСІМІ

31 шілдеде АҚШ әскери дронмен Зауахириді өлтірген еді. Сарапшылар осы бір оқиғаның тәліптер үшін шешуші сәт болғанын айтады.

Оны өлтірген соң АҚШ тәліптерді Зауахириді паналатып, 2020 жылғы Доха келісімін бұзды деп айыптады. Шетел әскерін Ауғанстаннан әкетуге жол ашқан бұл келісім бойынша тәліптер террористік топтарға пана болмау міндетін алған еді. Тәліптер Зауахиридің Кабулда болғанын білмедік деп отыр.

Жиырма жыл бұрын тәліптер "Әл-Қаида" лидерлерін беруден бас тартқан кезде АҚШ Ауғанстанға басып кірген еді. Вашингтон 11 қыркүйектегі терактіні "Әл-Қаида" ұйымдастырды деген.

– Зауахиридің Кабул орталығынан табылуы тәліптердің билігін мойындатып, Батыс елдерінен көмек алуына кедергі келтіреді, – дейді Вашингтондағы бейбітшілік институты сараптама орталығының бас сарапшысы Асфандияр Мир.

Халықаралық дағдарыс тобының Ауғанстандағы сарапшысы Грэм Смит АҚШ-тың Зауахириді өлтіру операциясы бір реттік болды, АҚШ Ауғанстандағы терроршыларға қарсы бұдан да үлкен әскери науқан жасай қоймайды дейді.

Смиттің сөзінше, Зауахиридің өлімі Батыстың тәліптермен байланысын қиындатқан. Ол – АҚШ ресми тұлғалары мен тәліптер арасындағы Ауғанстан орталық банкінің бұғатталған 3,5 миллиард доллар резервін ашу туралы келіссөздердің тоқтап қалғанын меңзеп отыр. Вашингтон бұл ақша Ауғанстанның макроэкономикалық тұрақтылығы үшін қайтарылуы мүмкін деген еді.

– Тәліптер "Әл-Қаида" қаупіне қатысты ашық болмаған соң, сенімсіздік күшейіп барады, – дейді Смит.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG