Accessibility links

"Талибан" мемлекеттік қызметкерлердің діни білімін тексеріп жатыр


Тәліптер Әйелдер ісі жөніндегі бұрынғы министрліктің ғимаратын күзетіп тұр. 2021 жыл.
Тәліптер Әйелдер ісі жөніндегі бұрынғы министрліктің ғимаратын күзетіп тұр. 2021 жыл.

Ауғанстан қаржы министрлігінің қызметкерлері жұмыс орнын сақтап қалу үшін ислам туралы тест тапсырған. Азаттықтың Ауған қызметіне хабарласқан дереккөздер министрлік ислам туралы кітапша таратып, кейін қызметкерлерінің діни ұстанымы талапқа сай екеніне көз жеткізу үшін тест алғанын айтады.

"Талибан" қозғалысының қаржы министрлігі жұмыс орнын сақтап қалғысы келетін қызметкерлердің діни білімін тексеруге көшкен.

Министрліктегі дереккөз Азаттықтың Ауған қызметіне органның қызметкерлерден ислам туралы тест тапсыру жайлы бұйрығын жіберді.

Тәліптердің мөрі бар, ресми тұлғалар қол қойған хатты министрлік басқармасы таратқан.

Онда министрлік қызметкерлерінің бәрі тест тапсыруға міндетті екені айтылған. Сұрақтар ислам туралы он беттен тұратын буклет негізінде дайындалғанға ұқсайды.

Азаттық радиосының қолына түскен буклетте 53 тақырып бар. Оның ішінде исламның бес парызынан бастап, пайғамбар мен Құдай елшісінің айырмашылығын сипаттау, ақырзаман белгілерін айту секілді сұрақтар бар.

Ауған қаржы министрлігі қызметкерлеріне таратылған буклет.
Ауған қаржы министрлігі қызметкерлеріне таратылған буклет.

Сұрақ:

Ақырзаман белгілері қандай?

Жауаптар:

  1. Күнә көбейеді
  2. Адамдар ата-аналарын тыңдамайды
  3. Сенім ақталмайды
  4. Ән мен би көбейеді
  5. Надан адамдар басшы болады
  6. Тоғышар адамдар лауазымды қызметке тағайындалады

Сұрақ:

Құдайдан басқа нәрсеге немесе бірнеше құдайға табынатын адамдар қалай аталады?

Жауап:

Оларды политеист деп атайды.

Сұрақ:

Политеизм кешіріле ме?

Жауап:

Жоқ. Күнәлар кешірілмейді. Құдай үнемі жазалайды

Сұрақ:

Құдайды мойындамайтын адамды қалай айтады?

Жауап:

Оны теріс жолға түскен адам дейді.

Министрлік тест тапсырмас бұрын арнайы буклет таратады дейді сондағы аты-жөнін атамаған дереккөз.

Министрліктің тағы бір қызметкері өткен аптада жеті сұрақтан тұратын тест тапсырып, жауабын күтіп отырғанын айтты. Ол да аты-жөнін атамауды сұрады.

Қаржы министрлігінің Ахмад Уали Хакмал тест пен буклет туралы сұраққа жауап берген жоқ.

Тәліптер 1996-2001 жылдары билікте болғанда да қозғалысқа мүше емес мемлекеттік қызметкерлердің діни білімін тексерген. 2021 жылы тамызда билікке келгелі тәліптер мемлекеттік қызметкерлерден мұндай тесті бірінші рет алып тұр.

Шілдеде қаржы министрлігі әйел қызметкерлерден жұмысқа өзінің орнына туысқан ер азаматтарды жіберуін сұраған. Тәліптер әйелдерге мемлекеттік сектор мен үкіметте жұмыс істеуге тыйым салған. Денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы әйелдердің ғана жұмыс істеуіне рұқсат берген.

Министрлік қызметкерлердің жүктемесін азайту үшін осындай өтініш жасағанын мәлімдеді.

Тәліптер исламның экстремистік ойлары бұйрық немесе саясат емес екенін, оны тек кеңес деп қабылдау керегін бірнеше рет айтқан. Қозғалыс әйелдерге, этникалық және діни азшылықтарға қысым көрсететінін де жоққа шығарып келеді.

Бірақ тәліптер екінші рет билікке келген соң 1990 жылдардағы заңдарын қайта қабылдаған.

Қозғалыс әйелдер ісі жөніндегі министрлікті жауып, оның ғимаратын адамгершілікті насихаттау министрлігіне беретінін айтқан.

Бұл министрліктік тәліптердің мораль полициясына жетекшілік етеді. Олар киім кию, жүріс-тұрыс ережелерінің ұстануын қадағалайды. Бұл ережелер әйелдердің жабық киінуін талап етіп, еркін жүруіне, жұмыс істеп, білім алуына тыйым салады.

Тәліптер ер адамдарға да сондай талаптар қойған. Олар мемлекеттік қызметкерлердің сақал өсіріп, дәстүрлі киім киюін талап етеді. Бұл ережеге бағынбағандарды жұмыстан шығаратынын айтады. Кей аудандарда ер адамдарды намазға баруға мәжбүрлейді.

Билікке келген соң "Талибан" инклюзивті үкімет құратынын айтқан. Бірақ министр лауазымында бір де бір әйел жоқ. Құқық қорғаушы топтар негізінен пуштундар мен сунниттерден тұратын тәліптер діни азшылықтар мен этникалық топтарды шеттететінін жиі айтады.

Азаттық радиосы Тәжік қызметінің ақпаратына сүйеніп әзірленді.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG