Accessibility links

"Азаптаудың алдын алу ісінде Қазақстан үкіметі менімен тағы да ойын ойнамайтын шығар"


Манфред Новак, БҰҰ –ның азаптау жөніндегі арнайы баяндамашысы. Астана, 29 қыркүйек 2010 жыл
Манфред Новак, БҰҰ –ның азаптау жөніндегі арнайы баяндамашысы. Астана, 29 қыркүйек 2010 жыл

Бүгін Астанада «Қазақстан Республикасы түзету мекемелерін қоғамдық қадағалау» деп аталатын тренинг өтті. Азаптау мәселелері жөніндегі БҰҰ арнайы баяндамашысы Манфред Новак қатысқан жиында, түрме өмірі туралы ашық әңгіме айтылды.


БҰҰ –ның азаптау жөніндегі арнайы баяндамашысы Манфред Новакты Қазақстан үкіметі осымен екінші рет шақыртып отыр. Бірінші рет, 2009 жылдың мамыр айында Қазақстан түрмелеріндегі жағдайды бағалауға келсе, осы жолы өзі берген кеңестердің қалай орындалып жатқанын көруге келіпті. Бұл жолы БҰҰ-ның маманы темір тордың ар жағына барған жоқ. Бірақ, былтырғы көзбен көрген жайттарды әлі ұмыта қоймаған сияқты.

КӨЗБОЯУШЫЛЫҚ

Ресми ақпараттан басталған жиын іш пыстырарлық сарынға түсе бергенде экс-журналист, қазір бас бостандығынан айырылған азаматтардың құқығын қорғап жүрген Вадим Курамшин есіней бастаған делегаттарды елең еткізді.

«Манфред Новак мырза, былтыр сіз Қазақстан түрмелерін аралағанда мен Астанадағы 166/10 түрмесінде отырғанмын. Сіз келеді деп түрме басшылығы қалай дайындалғанын өз көзіммен көрдім. Сізге бір келеңсіз жағдайды айтып қалады-ау деген тұтқындармен қандай әңгіме болғанын, қаласаңыз айтып бере аламын», - деді Курамшин.
Әрбір үкімет шындықты жасырып қалуға тырысады. Бірақ, менің сапарыма ешбір ел дәл Қазақстан сияқты дайындалмаған шығар

Сөйтсе, Қазақстан түрмелерінің басшылығы қалай қамданатынын Манфред Новактың өзі де біледі екен. «Жиырмаға жуық елдің түрмелерін араладым. Әрбір үкімет шындықты жасырып қалуға тырысады. Бірақ, менің сапарыма ешбір ел дәл Қазақстан сияқты дайындалмаған шығар», - дейді Манфред Новак. Қарағанды мен Арқалық түрмелеріне барғанда есік, қабырғалардың бояуы кеуіп үлгермегеніне куә болғанын, таза төсек-орын таратқан түрме басшылығы шетелдік тексеруші келгенше тұтқындарға төсекке жатуға тыйым салғанын білетінін айтқанда, қазақстандық мемлекеттік мекемелерден келген азаматтардың бастары салбырап кетті.
Сұлтан Күсетов, Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің (КУИС) төрағасы. Астана 29 қыркүйек 2010 жыл

«Былтыр мен он күн осында болып, түрмелерді аралағанда билік маған шындықты көруге кедергі жасау үшін барын салды. Бірақ, мен шет жағасын көрдім. Олар мен келерде тұтқындардың барлығын оқытып қойса да, ақиқатты айтып берген адамдар болды. Мен олармен жеке сөйлесуге тырыстым. Түрмеде отырған азаматтар соққыға жығылатындарын айтып берді. Билік көзбояушылықпен айналысқандықтан, Қазақстандағы миссиям ең күрделі миссиялардың бірі болды. Енді азаптаудың алдын алу механизмін құру ісінде үкімет тағы да менімен ойын ойнамайтын шығар деп үміттенем», - деді Манфред Новак Азаттық радиосына берген сұхбатында.

Бірақ, бүгінгі жиынға қатысқан Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің (КУИС) төрағасы Сұлтан Күсетов ондай дайындықтан еш сорақылық көріп отырған жоқ. «Қонақ келерде сіз де үйіңізді жинап, ретке келтіресіз ғой. Онда тұрған не бар», - дейді Күсетов.

ҮНСІЗ АЙҚАЙ

Қазақстанның бірнеше аймағында қазір қоғамдық қадағалау комиссиялары бар. Бірақ, олардың қолы қысқа. Мамандардың айтуынша, қоғамдық комиссиялар қаржылай тәуелсіз күйде және кез-келген уақытта ескертусіз түрмеге баруға мүмкіндік алған уақытта ғана темір тордың ар жағындағы өмір жайлы нақты ақпарат алып, шара қолдануға болады.

Ал әзірге тұтқындардың үніне ешкім құлақ аспайтын көрінеді. Социологиялық қор орталығының басшысы Серік Айдосов мынадай статистиканы мысалға келтірді: 2008 жылы 4200-ден астам тұтқын Қылмыстық атқару жүйесі комитетіне (КУИС) шағым жазған, оның 1.8% ғана қанағаттандырылған. 2009 жылы 6700 тұтқын шағымданса, комитет 2% ғана қанағаттандырды.

Айта кетуге тұрарлық бір жайт, БҰҰ-ның азаптауға қарсы конвенциясының факультативті хаттамасын Қазақстан заңдастырған. Енді сарапшылар «Ұлттық превентивтік механизмдер туралы» заң жобасын дайындап жатыр.
XS
SM
MD
LG