Accessibility links

Қазақ-өзбек шекарасында қазақстандық сарбаз оқ атып, екі адамды жаралады


Бейсенбі күні Оңтүстік Қазақстан облысындағы мемлекеттік шекара маңында Қазақстан шекара қызметінің сарбазы оқ атып, екі адамды жаралаған. Зардап шеккен әкелі-балалы Қазақстан азаматтары ауыл ауруханасына жеткізілген. Ресми орындар әзірге бұл оқиғаға қатысты ақпарат бермей отыр.


Маусымның 17-і күні кешкісін Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданында орналасқан 20/20 шекаралық әскери бөлімнің сарбазы қазақ-өзбек шекарасы аумағында екі азаматқа қарсы оқ атып, жаралағаны белгілі болып отыр.

Бұл туралы ақпаратты Азаттық тілшісіне Қазақстанның шекара қызметіндегілер растағанымен, әзірге ресми түрде жария етпей отыр.

Cенімді ақпарат көзінен белгілі болғанындай, бейсенбі күні кешкі сағат жетілер шамасында мемлекеттік шекара маңында Қазақстан шекара қызметінің сарбазы Сарыағаш ауданы Ақжол ауылының екі тұрғынын атқан. Екеудің бірі аяғынан, екіншісі қолынан жарақат алған.

Зардап шеккен әкелі-балалы Қазақстан азаматтарын шекарашылар көлікке салып Ақжол ауылындағы ауруханаға жеткізген, сол жерде сарбаздар мен ауыл азаматтары арасында жанжал шығып, екі жақ жұдырықтасып қалған.

Ал шекарашының оғынан жараланған 1963 және 1988 жылы туған әкелі-балалы азаматтар қазір ауыл ауруханасында ем алып жатыр. Дәрігерлер олардың өміріне қауіп жоқ екендігін айтады.

Бұл тосын оқиғаға қатысты Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Оңтүстік Қазақстандағы департаменті де, «Оңтүстік» шекара қызметінің аймақтық басқармасы да әзірге ешқандай түсінік бермей отыр.
XS
SM
MD
LG