Accessibility links

Оңтүстікті қырым безгегі кеселінің қорқынышы кезіп жүр


Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан өңірінде кенеден тазалау шарасы. Шілде, 2009 жыл.
Оңтүстік Қазақстан облысы Түркістан өңірінде кенеден тазалау шарасы. Шілде, 2009 жыл.

Оңтүстік Қазақстан облысында қырым геморрагиялық безгегі диагнозымен тағы бір адам ауруханаға жеткізілді деп хабарлады бейсенбі күні Қазақстанның төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі. Ресми мәлімет бойынша, қазіргі таңда осы дертке шалдыққан 22 адамның 8-і қайтыс болған.

ҚЫРЫМ БЕЗГЕГІНІҢ ОШАҒЫ - ОҢТҮСТІКТЕ

Оңтүстік Қазақстан облысының төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасы өкілдерінің хабарлауынша, аталмыш қауіпті дерттің белгілері бар адам тамыздың 19-ы күні кешке қарай жедел түрде ауруханаға жеткізілген. Науқас Отырар ауданы, Талапты ауылының 55 жастағы тұрғыны. Мамандардың айтуынша, бұл елдімекенде бұрын-соңды бұл ауру түрі кездеспепті, бірақ қатаң дәрігерлік бақылауға алынған науқастың барлық белгілері осы кеселге сәйкес келеді.

Егер де науқастың аталмыш ауруға шалдыққаны расталатын болса, онда бұл республикада тіркелген 23-ші жағдай болмақ.
Лабораториялық зерттеуге алынған кенелер. Оңтүстік Қазақстан облысы, шілде, 2009 жыл.


Десе де, науқастың дәл сол ауруға шалдыққаны-шалдықпағаны әлі белгісіз дейді басқарманың баспасөз қызметінің бас маманы Арман Әшібеков.

«Қазір дәрігерлер оған диагноз қойып жатыр. Әлі нақты емес. Ол адам ауруханаға жеткізілгеннен соң оның қасында болған адамдар да бірден оқшаулатылды»

Оңтүстік Қазақстан облысы бүгінгі таңда аталмыш қауіпті дерттің ошағы болып отыр. Соңғы мәлімет бойынша қауіпті кенеден зардап шеккен 22 науқастың біреуінен басқасының барлығы осы аймақтан шыққан. Осыған дейін қырым геморрагиялық безгегі ошағының шығу себебін анықтау үшін Денсаулық сақтау министрлігі арнайы комиссия құрған болатын.



– Министрлік адамдарды емдеу, аурудың алдын алу шараларын жүргізіп жатса, ауыл шаруашылық министрлігі төрт түлік малды дәрілеу жұмыстарын ветеринарларға тапсырды. Оған қаражат та бөлінген, - дейді Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Алмагүл Әбенова.

ТҰРҒЫНДАРДЫ ҮРЕЙ БИЛЕП ОТЫР

Кейбір мамандардың айтуынша, аталмыш ауруға шалдықтыратын қауіпті кененің пайда болуы бекерден - бекер емес. Себебі, кенелерді жою мақсатындағы төрт түлік малды дәрілеу жұмыстары Оңтүстік Қазақстан облысында соңғы бес жылда мүлде жүргізілмеген.

Шымкент қалалық коммунистік партиясының хатшысы Несіпжан Әмірованың айтуынша, облыста профилактика жұмыстары енді ғана қолға алынып отыр.

«Совет Өкіметі кезінде мұндай жайттар болмаған. Сондай ақ, шегіртке сияқты зиянкес жәндіктер де болмаған. Өйткені, ол кезде әр көктем сайын дәрілеу жұмыстары жүргізілетін. Бір ғана мысал. Осыдан 15-20 жыл бұрын үкімет 10 мың доллар қаржымен Бірлік деген ауылдағы шегірткенің шығатын жерлерін тазалайтын. Содан шегіртке де қаптамайтын. Ал қазір алдын алу шаралары мүлде жүргізілмейді. Қазақстан ендігі ЕҚЫҰ-ға төрағалық етеді. Сол себепті біраз әрекеттер жасап жатыр. Халықаралық ұйымға төраға бола тұрып, мына жақтан шегіртке мен атам заманғы аурулардың шығып жатқаны ұят қой»

Шымкент қаласының тұрғыны Мөлдір Айтбаева былай дейді:

Адам денесіне жабысқан кене.
«Кене тарататын аурулар туралы көп естиміз. Бәріміз қорқып отырамыз. Оның үстіне оны ауа арқылы тарайды дегенді естігенде одан бетер қорықтық. Анада қызым ауырып қалып, дәрігерге барғам. Онда сұрасаң, ешкім ешнәрсе білмейді, ешкім ешнәрсе айтпайды»

Тамыздың 20-сы күні ҚР-сының Бас прокуратурасы қырым геморрагиялық безгегі ошағының шығуына қатысты қозғалған қылмыстық істі зерттеумен арнайы құзырлы топ айналысатыны туралы хабарлады.

«Безгек ауруы, сонымен бірге доңыз тұмауы және өзге де жұқпалы ауруларға (кейбір аймақтарда күйдіргі т.б аурулар ушыққан) қатысты соңғы оқиғаларға байланысты, Бас прокуратураның тапсырмасымен барлық денсаулық сақтау органдары мен мекемелерінде кешенді тексеру жұмыстары жүргізіледі» - деді құзырлы органның арнайы өкілі Нұрдәулет Сүйіндіков. Тексеріс қорытындысы тамыздың аяғы мен қыркүйектің басында жарияланбақ.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG