Accessibility links

Таңат Мамырханұлы: Халық деген айна сияқты, барың мен жоғың көпшілікке көрініп тұрады


Таңат Мамырханұлы, «Алтын дауыс» ән фестивалінің жеңімпазы (жеке мұрағаттағы сурет).
Таңат Мамырханұлы, «Алтын дауыс» ән фестивалінің жеңімпазы (жеке мұрағаттағы сурет).

Биыл Алматыда «Алтын дауыс» атты тірі дауыста ән шырқайтын әншілерді сайысқа салған республикалық ән фестивалі болды. Азаттықтың бүгінгі қонағы сол байқаудың жеңімпазы, «алтын дауысты» жігіт — Таңат Мамырханұлы.

АККОРДЕОНДЫ, "АЛТЫН ДАУЫСТЫ" ӘНШІ

– «Алтын дауыстың» жүгі қандай екен, сезіне алдыңыз ба?


– Әзірге жүгі сезіле қойған жоқ, байқауда да бәрінен артық болдым демейін, жанды дауыспен ән айту мен үшін жаңалық та емес, әрбір отырыста-ақ мен тірі дауыспен ән айтып жүрмін. Аккордеонмен ауылда жүргеннен, бала кезімнен ән айтып жүрдім.

«Алтын дауыстың» жүлдесін әділдікпен алдым деп ашық айта аламын, бұл әрине, керекті жақсы жоба. Қазір тыңдарман да фонограммадан шаршады, Ресей сияқты көршілес елдердің сахнасындағы тірі дауыспен ән шырқау үрдісі бізге де келе жатыр, бірте-бірте фонограмма біздің эстрададан да алыстайтын күн келіп қалар.

Студияда жаздырып алған фонограмманы аузыңды жыбырлатып орындап шыққаннан гөрі, тыңдарманды әсерге бөлеп, өзің де арқаланып, жанды дауыспен шырқағанға не жетсін!

– «Алтын дауыстан» кейін де ел арасында түрлі алып-қашпа әңгімелер айтылды, бұл турасында не дейсіз?

– Бұл туралы не айтуға болады, әркімнің талғамы бар, сол сияқты таңдау еркі әркімге-ақ берілген. Біреуге ұнаған әнші мен әнді ендігі біреу ұнатпауы мүмкін, сондықтан ешкімнің талғамына талас жоқ.

Ал дәл осы байқауға қатысты айтар болсам, олай болмады, былай болуы тиіс еді деген әңгіме әр байқау сайын, тіпті әрбір концерт сайын айтылатын жайлар ғой, сондықтан мен бұған таңғалмаймын да, ренжімеймін де.

Яғни «Алтын дауыстың» иегері мен болсам да, басқа бір әнші болса да бұл алып-қашпа әңгімелер айтылмай қалмас еді, халықтың көңілінен ылғи шыға беру, көптің көкейіндегісін әрдайым дөп басу мүмкін емес қой, оның үстіне біздің халық «біткен іске сыншы көп...» демей ме?

ФОНОГРАММА ЖОҒАЛСА, ӘНШІ ДЕ АЗАЯ МА?

– Кейбір мемлекеттер сахнада фонограммамен ән айтуға тиым салуда. Ал бізде осындай шектеу болатын болса, сахнамыз босап қалады деген пікір де жоқ емес, бұған не айтасыз?

– Мен бұл пікірді қостамаймын. Себебі, соншама көрерменді жинап күн сайын сахнасы босамай концерт өткізіп жататын қазақ эстрадасында жүрген аға-апаларымыз да, әріптестерім де осынау киелі өнер деген ауылда өздеріне, дауыстары мен шығармашылық
Таңат Мамырханұлы аккардеонмен ән салуға бала кезінен машықтанғанын айтады. Жеке мұрағаттағы сурет.
потенциалына сенгеннен кейін жүр деп ойлаймын, яғни сахнаға тірі дауыспен ғана ән айтып шығу керек деген талап қойылса, бұлардың көбісі осы талаптың үдесінен шыға алады.

Ал егер өзіне-өзі сенбейтін, жанды дауыспен ән айта алмайтын әнші болса, ол да өз жөнін табары анық. Халық деген айна сияқты ғой, сенің барың мен жоғың көпшілікке аян, көрерменді алдай алмайсың.

Адам жақсыға да, жаманға бой алдырып алса, тез үйренеді ғой, сол секілді фонограмма деген жан қинамайтын тәсілге де біраз сүйендік, енді жақсы мен жаманды айыратын дәрежеге жетіп, халық аузын жыбырлатқан концерттен шаршап жатса, неге тірі дауыспен сахнаға шықпасқа?

Ол үшін тек қана дайындық керек, ал сахнаға қатысты айтсам, сахнадағы дыбыстық жеткізілу деген мәселе ғана кедергі болып қалмаса, жанды дауыспен ән айтуға шамамыз жетерлік, одан бас тартпаймыз және сахнамыз толығымен босап қалады дегенге де аса сенгім келмейді. Егер шынымен заң шығарып, талап қатал қойылса, бәріміз заңға бағынуға тиіспіз.

– Сахнада жүрген әріптестеріңізден қай әншілердің өнерін жоғары бағалайсыз?

– Жақсы көріп тыңдайтын әншілерім десем...Жұбаныш Жексенұлы ағамыз, Мейрамбек Беспаев пен Сәкен Майғазиев, Нұржан Қалжанов, Еркін Нұржанов сияқты әртіптестерімнің аты-жөндері есіме түсіп отыр.

– Қоғамда біраз пікір тудырған әншілердің табысына салық салу мәселесіне қалай қарайсыз?

– Мұны дұрыс дер едім, егер мемлекеттің тарапынан қандай да бір жүйе жасалса және әншілердің белгілі бір тіркелген ұйымы болса. Ал енді әнін айтып, көйлегін тіктіріп жөніне жүрген әншіге тойға бар да, тапқан ақшаңды әкеліп бізге өткіз деген болмайды ғой.

Барлық нәрсеге дұрыс қарым-қатынас керек, сондай-ақ бұл салық салу мәселесінде де мемлекеттің көмегімен белгілі бір бағдарлама жасалса, оның бюджеті, кіріс-шығысы дегендей алдын ала есептелсе, осыдан түскен осынша ақшаның осындай бөлшегі қазынаға құйылсын десе, мүмкін жөн болатын шығар.

Әдеттегі салық төлеу жүйесіндегідей реттелген, заңмен белгіленген шара болса, әншілер де осы қоғамның мүшесі, осы елдің перзенті, осы жердің иесі, халықтың адамы ғой, олар да өзінің мемлекетіне кішкене де болса үлесін қосудан қашпас еді деп есептеймін, тек қана мұның дұрыс ретін табу керек.

"ӨНЕР ЖОЛЫНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ ҰСТАЗЫМ АНАМ БОЛДЫ"


– Әншілердің көбі өздерін клип арқылы жарнамалайды, Қазақстан жағдайында клипті түсіруден гөрі айналдыруға ақшаның көп кететіні белгілі ғой, сізге бұл тұрғыда не кедергі болып тұр?

– Өзіңіз мәселенің түйткілді тұсын дөп басып тұрсыз, шетелдерде әншілердің түсірген клипін оған жұмсаған ақшасынан бірнеше есе көп қаржыға телеарналар сатып алады, оған қаламақысын қосыңыз, ал бізде мүлде керісінше.

Таңат пен жары Елмира қыздары Әминамен. Жеке мұрағаттағы сурет.
Әншілер деген аса бай халық емес, оның көп табысы тойдан түседі, сонымен жиған-терген ақшасына клипін түсіріп бітті делік, енді оны тарату мен телеарналардан айналдыру дегеннің қаншалықты қыруар қаржыны талап ететіні әншілер мен телеарнаның осы саладағы қызметкерлеріне ғана аян жағдай.

Қарапайым ғана мысал, бір ортаңқол клипті түсіруге 10 мың доллар көлемінде ақша жұмсалды деп есептесек, оны насихаттау үшін одан бес-он есе көп ақша керек, ал мұндай ақшаны әрбір әншінің қалтасы көтере бермейді, сондықтан да көп әншілер саналы түрде клип түсіруден бас тартуда, мен де осылардың қатарындамын, өзіңнің еңбегіңмен тапқан ақшаң болған соң, есептейсің ғой қаншасы қайда кететінін.

– Сізді әншілік жолға тәрбиелеген, жол көрсеткен кім болды?

– Менің өнер деген әлемге аяқ басуыма, әншілік жолды таңдауыма көп әсерін тигізген, тікелей себепші болған өзімнің анам — Нәзира. Ол кісі қазір құрметті еңбек демалысында.

Мені кішкене күнімнен ән байқауларына жетектеп апарып, мектепті бітірген соң да Оңтүстік Қазақстан мәдениет институтына құжаттарымды тапсыртқызып, балам сенің әнші болғаның жөн деп жол көрсеткен, өмірлік кәсібімді таңдауға бағыт сілтеген анам болды.

Өнерде жүргенім үшін, осы жолда жеткен қандай да бір жетістіктерім үшін ол кісіге қарыздармын, алғысым да шексіз.

– Азаттықтың оқырмандарын туып-өскен жеріңізбен таныстыра отырсаңыз...

– Мен 1977 жылдың қазан айында Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданында өмірге келіппін, туып-өскен жерім Совет Одағы кезінде асыл тұқымды қой өсірумен аты шыққан Бөген деген совхоз.

– Заманның ағымы деп дәстүрлі әншілердің кейбірі эстрадаға ауысып жатыр, сіздің алдағы уақытта аккордеонды басқа саз аспабына ауыстыратын ойыңыз жоқ па?

– Мен домбырамен бір кісідей-ақ ән айта аламын, бірақ домбыраның құлағында ойнамаған соң, әркім өзінің шамасын білуі керек, ал аккордеонды басқа аспапқа айырбастай алмаймын, бұл менің бала күнімнен бірге келе жатқан серігім.

– Шығармашылығыңызда тыңдарманмен бөлісер не жаңалық бар?

Таңат қолы бос кезде бильярд ойнағанды жаны сүйеді. Жеке мұрағаттағы сурет.
– Көбінде Исрайыл Сапарбай ағамыздың сөздеріне жазылған әндерді орындап жүрмін, әндерімнің көбісі Тұрсынжан Шапай мен Әбиірбек Тінәлиев ағамыздың шығармалары. Жарылқасын Дәулетовтің әндерін жаңадан алып жаздырту үстіндемін, алдағы уақытта тыңдап қаларсыздар, бұйыртса.

– Жігітті досына қарап таны дейді, сіз досты қалай таңдайсыз? Әсіресе, осындай бәйгеден келген заматта кімнің кім екені белгілі болып қалып жатады ғой...

– Шынымды айтсам, менде адам таңдап араласу немесе адамды бөле-жару деген қасиет болған емес, түйсігімде сол нәрсеге орын да болмаған-ау бұған дейін. Бірақ өзіңіз айтқандай, осы байқаудан соң біраз жігіттердің әрекеттеріне көңілім толмай қалғаны рас.

Біз, адамдар, қайғыны көбірек бөлісе алады екенбіз де, қуанышты бөлісуге келгенде таршылық танытатынымыз бар екен, осыны түсінгендей болдым. «Қайғыны бөліссең азаяды, қуанышты бөліссең көбейеді» дейді ғой, сондықтан бес күн жалғанда қуанышың мен қайғыңда бірдей қарым-қатынастан айнымаған адамды ғана жаныңа жақын тұтасың ғой. Достық дегеннің өзі барың мен жоғыңды бірдей бөлісе алудан басталмай ма, бірақ өкінішке қарай пенденің бәрі бірдей емес қой...

– Сұхбатыңызға рахмет!
XS
SM
MD
LG