Accessibility links

Раушан Есіргепова: Рамазан - оппозициялық емес, тәуелсіз журналист


Раушан Есіргепова, журналист Рамазан Есіргеповтың зайыбы. Алматы, 13 маусым 2009 ж.
Раушан Есіргепова, журналист Рамазан Есіргеповтың зайыбы. Алматы, 13 маусым 2009 ж.

Тараздың №2 сотында «Алма-Ата инфо» газетінің бас редакторы, тәуелсіз журналист Рамазан Есіргеповке қатысты сот ісінде жарыссөздер аяқталды. Сот үкімі тамыздың 7-інде шығарылмақ, прокурор журналисті 6 жылға бас бостандығынан айыруды сұрап отыр. Рамазанның зайыбы Раушан Есіргепованың Азаттыққа берген сұхбаты.


РАМАЗАНДАЙ АЗАМАТ ҚАЗІР СИРЕК КЕЗДЕСЕДІ

Азаттық радиосының Алматыдағы бюросына келген Раушан Есіргепова ең алдымен өзінің соңғы жарты жылда қатты өзгергендігін айтып ақталғандай болды.

– Сенесіз бе, қасымда Рамазан болған шақта мен тек қана балалардың тәрбиесі мен отбасының шаруасынан аса алмайтынмын. Мен көпшілікті, шулы той-думандарды аса ұнатпаймын. Көпшіліктің көз алдында болып жарқырап жүрген маған тән емес. Алайда Рамазанды ұстап алып кеткелі бері мен амалсыздан, өзімнің ұялшақтығым мен ұяңдығымды жеңіп, Рамазанның кінәлі еместігін айтып, дәлелдеумен жүрмін, – деп бастады өз әңгімесін Раушан Есіргепова.

Рамазан Есіргепов немересі Ясминмен, Алматы, қараша, 2008 ж. (жеке мұрағаттағы сурет)
Соңғы жарты жылда Раушан ғана емес Есіргеповтер отбасына түгелдей өзгеріс енген. Екі ұлы мен қызы күн сайын бір бірін жұбатумен, әкелерінің әлі аман есен оралатындығына кәміл сенуде.

– Біздің балалар нағыз ерке балалар болатын. Дейтұрғанмен олардың әкесіне деген көңілі ерекше. Әсіресе кіші қызымыз. Бірде ол интернет форумнан әкесіне қатысты түрлі жағымсыз пікірлерді оқып, қатты жылағаны бар. Содан бастап мен балаларымды қатты бақылайтын болдым, біз бірге жүріп, әрдайым бір бірімізді демеп жүретін болдық, – дейді Раушан.

Балаларға жақсы білім беру – Рамазанның алға қойған басты мақсаты болатын деп жалғастырды өз сөзін Раушан Есіргепова.

– Үлкен ұлымыз Қасым Мәскеудегі Плеханов атындағы академияны бітірп келді, екінші ұлымыз Тоқнұр Алматыдағы КИМЭП-ті аяқтады, енді міне қызымыз Сабина да осы білім ордасын тәмамдап отыр. Балаларды өсіріп-жеткізіп, енді немерелеріміздің қызығын көреміз дегенде басымызға осындай күн туады деп кім ойлаған, – деп күрсінді сұхбаттасымыз.

«ОЛ ОППОЗИЦИЯЛЫҚ ЕМЕС, ТӘУЕЛСІЗ ЖУРНАЛИСТ»

– Қазір бізде барлығы не билікті жақтаушылар немесе оған қарсы оппозиционерлер деп екіге бөлінген. Алайда Рамазанның оппозициялық емес, тәуелсіз журналист екедігін ешкім түсінгісі келмейді. Оның билікті сынап қана қоймай оның ұтымды тұстарын көрсетіп те жазған кездері болды. Оның өзіндік ұстанымы бар, тәуелсіз журналист. Ол қоғамда болып жатқан маңызды жайттар туралы ашып айтуда жөн санайтын, даулы мақалада да дәл солай болған еді, – дейді Раушан Есіргепова.

Рамазан және Раушан Есіргеповтер, Алматы, тамыз, 2008 ж. (жеке мұрағаттағы сурет)
Рамазан Есіргеповтың қыстан бері тергеу абақтысында жатуына себеп болған былтырғы жылғы 21-ші қараша күні «Алма-Ата инфо» апталық газетінде жарияланған «Елді кім басқарады – президент пе, әлде ҰҚК ме?» деп аталатын мақаласы еді.

Онда ҰҚК-нің төрағасы Амангелді Шабдарбаевқа Жамбыл облыстық департаменті бастығының жолдаған қызмет хаты жарияланған. «Құпия» белгісімен жазылған хатта салық төлеуден жалтарған деген негізбен «Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарсы қылмыстық іс қозғалғаны және серіктестіктің құрылтайшысы кәсіпкер Сұлтан Махмадов Қазақстан президентінің Жамбыл облысына сапары кезінде онымен кездесуге тырысып жатқаны туралы баяндалған.

Бүгінгі таңда журналистке 3 бап бойынша айып тағылып отыр. Алғашқысы, 172- бап 4- тармақ яғни «мемлекеттік құпияны таратқаны үшін», екіншісі 228 бап «қызметін асыра пайдалану», 339 бап 2- тармақ «тергеу істеріне кедергі келтіргендігі үшін» сияқты айыптар тағылып отыр.

АЙЫПТАЛУШЫЛАРҒА ТАҒЫЛҒАН АЙЫПТАР ДӘЛІЛДЕНБЕУДЕ....

Айыпталушылардың бірі кәсіпкер Сұлтан Махмадовтың адвокаты Мұсатай Бектасов біздің радиомызға берген сұхбатында шілденің 29- ынан бастап судья Азамат Тлепов жақтаушы жаққа сөз бергендігін айтты.

Жарыссөздер - сот талқылауында дәлелдерді сараптау екендігін алға тартқан адвокат прокуратураның алға тартқан ешбір дәйегі дәлелденбей отыр деп атап көрсетеді.

Рамазан Есіргепов немерелерімен бірге Шымбұлақта. Алматы, желтоқсан, 2008 ж. (жеке мұрағаттағы сурет)
– Біз прокурордың ұстанымын қолда бар айғақтармен салыстырдық. Оның барысында айыпталушы 4 адамға тағылған айыптың бірде- бірі дәлелденбей отырғандығы анықталды, – дейді Мұсатай Бектасов.

Оның сөзіне қарағанда, нақты айғақтардың болмауы себебінен сот барысында бірқатар айыптар алынып тасталған. Оның алғашқысы- Қылмыстық кодекстің 172- бабы 4- тармағына жатқызылған, яғни «ауыр салдар алып келген мемлекеттік маңызы бар ақпаратты жинау» тұрғысында тағылған айып.

Осы негізде 24 млн теңге талап етілген де болатын. Алайда оның еш негізі жоқ екендігі анықталған соң прокурор бұл бапты алып тастауға мәжбүр болды дейді адвокат. Одан өзге «ұйымдастырылған қылмыстық топ» деген ұғым да алынған. Өйткені айыпталушылар ешқандай қылмыстық топ құрған емес. Олардың әрқайсысы жеке-жеке қызмет еткен. Осы сияқты шикіліктерге қарамастан, мемлекеттік айыптаушы Есіргеповты, Махмадовты, Сандыбаев пен Синявскийді айыпты деп тауып, әрқайсысын бірнеше жылға бас бостандығынан айыруды сұрап отыр дейді адвокат Бектасов.

– Ұлттық қауіпсіздік қызмет тарпынан жарияланған мақалада «мемлекеттік құпия ақпараттар» болған деген тұжырымдама бар. Алайда сот тергеуі барысында бірқатар сарапшылар мен білікті мамандар ол жерде ешқандай құпия ақпартаттың жоқ екендігін дәлелдеген болатын. Олардың келтірген құжаттарын зерттей келе, мақалада пайдаланылған ақпараттың Ұлттық қауіпсіздік қызметінен таралғандығы анықталды. Сондықтан, ол ақпаратты кім және қалай таратқандығын анықтау ҰҚК міндеті, өзге адамдарды айыптағанша олар ең алдымен өз қызметкерлерін тексеріп алуы қажет, – дейді адвокат Мұсатай Бектасов.

Журналист Рамазан Есіргеповтың зайыбы Раушан (сол жақта) сөз бостандығын қорғауға арналған наразылық акциясында. Алматы, 24 маусым 2009 ж.
Тараз қаласына екі күнде бір бару Рамазан Есіргеповтың әйелі Раушан үшін соңғы 7 айда қалыпты жағдайға айналған. Осы күндері де ол екі ұлымен тараздағы нөмері 2-ші соттың ғимаратын күзетуде. Сот процесіне қатыстырлмағанымен, процесс арасында судья 10-15 минут Рамазан Есіргеповпен кездесуге рұқсат береді. Біздің радиомызға сұхбат берген Раушан Есіргепова шілденің 30-ында өз күйеуін көргендігін, ол әдеттегідей жігерлі қалпында екендігін айтады.

– Ол әр кез бізді демеп жүретін, темір тордың арғы жағында отырған соңғы жарты жылда да сол райынан қайтпаған. Соңғы рет мен оны сот процесі арасында 10 минут қана көрдім, ол маған «егер сот шешімі біз ойлағандай жақсы болмаса, еш уайымдама, алда басқа да инстанциялар бар ғой!? Біз берілмейміз, соңында дейін күресеміз, сен ең басты балаларға бас-көз бол!»- деді, – деп еске алады Раушан Есіргепова.

Раушан Рамазанның ісі тікелей кәсіби қызметімен байланысты екендігіне сенімді. Солай бола тұра Рамазанды бірнеше жылға бас бостандығынан айыру әділетсіз дейді.

– Рамазан кез келген журналист сияқты қоғамға маңызды проблемаларды жариялап жүретін. Осы мақалада да дәл солай болды ғой, сол үшін неге осыншама қинау керек адамды, ол жасы келген адам ғой, немересі де бар... – деп күрсінеді Раушан.
XS
SM
MD
LG