Accessibility links

Коммуналдық төлемдерді уақытылы төлеп келген тұрғындар кооперативтің кесірінен жылу-жарықсыз қалғалы отыр


«Рауан» тұтынушылар кооперативінің жаңадан сайланған төрағасы Рүстембек Әдейбеков. Алматы, 8 қаңтар 2009 ж.
«Рауан» тұтынушылар кооперативінің жаңадан сайланған төрағасы Рүстембек Әдейбеков. Алматы, 8 қаңтар 2009 ж.

Алматыдағы №1 аурухананың жекешелендірілген екі жатақханасының тұрғындары өздеріне қызмет көрсететін «Рауан» тұтынушылар кооперативінің басшылығын алаяқтық жасады деп кінәлап, соттасып жатыр.

«Рауан» тұтынушылар кооперативінің тұрғындары бірнеше жыл бойы коммуналдық төлемдерді уақытылы төлеп келсе де, олардың ақшасы зым-зия жоғалып отырған. Соның кесірінен тұрғындар біресе жарықсыз, біресе сусыз, енді бірде жылусыз отыруға мәжбүр. Тек бір ғана жылу үшін қазір тұрғындардың мойнында 17 миллион теңгенің (шамамен 150 мың доллар) қарызы тұр.
Тұрғындардың төлем ақшалары қайда кеткенін білмек болған Азаттықтың тілшілері жекешелендірілген жатақханалардың тұрғындары, бастамашыл топ мүшелері Рүстембек Әдейбеков және Шолпан Мұсаевамен кездесті.
Жатақханалардың сыртқы пошымы мен подъездерінен, дәліздері мен су толған жертөлелерінен бұл жерге көптен бері жөндеу жұмыстары жүргізілмегені байқалып тұр. Айналасы ласқа толып, алай-дұлайы шыққан.
Жақында ғана тұрғындар «Рауан» тұтынушылар кооперативінің төрағасы етіп сайлаған Рүстембек Әдейбеков қиын жағдайға тап болғанын айтады. Тұрғындар оны кооператив жарғысына сәйкес көпшілік дауыспен сайлағанымен, ол міндетін атқаруға кірісе алмай отыр – кооперативтің бұрынғы басшысы оған тиісті құжаттар мен мөрді бермей қойған.
– Қалалық №1 аурухананың бұрынғы екі жатақханасында тұрып келген медицина қызметкерлері 1999 жылы өз бөлмелерін жекешелендірген соң, 204 отбасының баспаналарын қажетті қызметтермен қамтамасыз ету үшін «Рауан» тұтынушылар кооперативін құрған болатын.
Алайда, даудың басы да сол кезден шығып отыр. Кооперативтің алғашқы төрағасы Саппақова үш жылдың ішінде жатақханалардың қосалқы бөлмелерінің барлығын жеке меншікке сатып, кооперативті екі миллион теңге (16 мың доллар шамасында) қарызға белшеден батырды. Сол уақытта осы жердегі жағдайды қалыпқа келтіруді қолқалап, мамандығым инженер-құрылысшы мені тұрғындар төраға етіп сайламақ болды дейді ол.
– Ал сіз неге келіспедіңіз?
– Әлгі көп қарыз бен кім-көрінгенге сатылып кеткен бөлмелердің былығын неге мен тазалауым керекпін деп ойладым.
– Ал қазір неге келістіңіз?
– Өйткені, жағдай жылдан жылға қиындап бара жатыр, проблемалардың шешілер түрі көрінбейді. Сөйтіп тұрғындар менің көнбесіме қоймады.
– Қарызға белшеден батқан, құжаты қолыңызда жоқ кооперативтің проблемаларын енді қалай шешпексіз?
– Бұл қазір ең үлкен мәселе болып тұр. Оны шешу үшін біз коопертивтің бұрынғы бас бухгалтері Ризагүл Жантілеуованы сотқа бердік. Себебі ол бізге құжаттарды бермей отыр. Коопертивтің екінші басшысы Дәулет Мамырханов үш жыл жұмыс істеп қызметінен кеткен соң Жантілеуова Жарғыны бұзып, өздігінен құжаттарды иемденіп бізге бермей отыр. Біз сот арқылы ол құжаттарды алған соң барлығын түбегейлі зерттемекпіз. Қазіргі күні тек бір ғана жылу үшін 17 миллион теңгенің (шамамен 150 мың доллар) қарызы тұр. Бұның сыртында жылу мен жарықтың қарызы тағы бар. Ал тұрғындар осы уақытқа дейін барлық төлемдерді уақытылы төлеп келген.
– Егер уақытылы төленген болса, ондай қарыз қайдан пайда болды?
– Бұл ұзақ уақыт бізге де жұмбақ болған еді. Сөйтсек, бухгалтер Ризагүл Жантілеуова тұрғындардың жылу мен жарыққа және басқа қызметтерге төлемдерін мүлдем басқа жаққа жіберіп отырыпты. Ол ақшаның қайда кеткенін біз сотта анықтамақпыз. Осы кезге дейін төрт рет сотқа шақырылған Ризагүл Жантілеуова үш рет ауруханадан қағаз алып келмей қалды, ал төртінші рет шақырғанда сотқа ешқандай құжаттарсыз келді. Келесі сот отырысы қаңтардың 12-сі күні, ал 13-і күні жарық беруші мекеме бізді қарызымыз үшін электр қуатынан ажыратпақшы.
– Қалай ойлайсыз, әлгі ақшалар қайда кеткен?
– Оны бухгалтер өз жеке бас мақсатына пайдаланды ма деген күдігіміз бар. Дәлірек айтқанда біз солай болғанын білеміз, бірақ оны сотта дәлелдемекпіз.
– Егер ол сотқа тағы келмей қалса ше?
– Онда біз соттан сырттай шешім шығаруды талап етеміз. Неге оған бола 204 отбасы зардап шегуі керек.
Бұл айтылған жайттарға байланысты Азаттық тілшілері бухгалтер Ризагүл Жантілеуованың да пікірін білмек болған еді. Бірақ ол сөйлесуден бас тартып, адвокатына сілтеді.
"Рауан" тұтынушылар кооперативінің аула сыпырушысы Рысхан Махмұтова. Алматы, 8 қаңтар 2009 ж.
Ризагүл Жантілеуованың адвокаты Өтеген (фамилиясын атаудан бас тартты) де қандай да бір түсініктеме бергісі келмеді.
– Барлық сұрақтарға жауап алғыңыз келсе, сотқа келіңіз, – деумен шектелді адвокат Өтеген.
«Рауан» тұтынушылар кооперативінен қайтар кезде біз аула сыпырушы болып жұмыс істейтін кейуананы жолықтырдық.
– Мен бұл жерде бір жарым жыл бойы подъездер мен ауланы сыпырып жүрмін. Айлығым 21 мың теңге, бірақ 7 айдан бері маған көк тиын да төлеген жоқ. Ризагүл «сәл күте тұрыңыз, сосын аласыз» деумен созып келді. Менің күнкөріске ақшам жоқ, қайтіп өмір сүрмекпін, білмеймін. Маған ақшамды алуға көмектесіңіздерші, - деді жалынышты үнмен 70 жастағы Рысхан Махмұтова.
XS
SM
MD
LG