Accessibility links

Ауыл мектебінің түлегі Жадыра Есенаева ҰБТ-ден ең жоғары ұпай жинады


Жадыра Есенаева, Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданындағы Чириковка орта мектебінің түлегі.
Жадыра Есенаева, Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданындағы Чириковка орта мектебінің түлегі.

Маусымның 10-ында мектеп түлектерін Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталды. Солтүстік Қазақстан облысында 125 ұпай жинаған Жадыра Есенаева үздік білімімен өзгелерден озды.

Ұлттық бірыңғай тестілеудің (ҰБТ) қортындысы бойынша Солтүстік Қазақстан облысы республикадағы үздік нәтиже көрсеткен үштікке енді. Ұстаздар өткен 6 жылда облыста мұндай нәтиже әлі болған емес дейді. Бүкіл елде ҰБТ-ің барлық сауалдарына дұрыс жауап бергендер саны – 6 оқушы ғана.

Солардың бірі Есіл ауданындағы Чириковка орта мектебінің түлегі Жадыра Есенаева. Ол 9-шы сыныпқа дейін осы аудандағы Новоузинка орта мектебінде оқыпты, ал 10-шы және 11-ші сыныптарды Чириковкада аяқтады.

Жадыраның өзі қайтсем де 125 ұпай жинаймын дегенді мақсат тұтпағанын айтады, бар мақсаты – «Алтын белгіге» үміткер дегенді «Алтын белгі» иегері дегенге ауыстыру болыпты.

«Соңғы екі жыл бойы оқулықтарды оқып, барлығын қайталаумен болдым. Оның үстіне, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің қашықтықтан оқыту академиясында 1 жыл оқыдым. 11-ші сыныпта тесттер жинағы бойынша дайындалдым. Меніңше, тек қана тестпен дайындалу қате. Өйткені, ҰБТ-да жаңа сұрақтар кездесетіні сөзсіз. Олардың дұрыс жауабын табу үшін оқулықтан артық көмекші жоқ», – деді Жадыра Есенаева Азаттық тілшісіне.

Жадыраның анасы Сымбат ауыл дүкенінде сатушы болып жұмыс істейді. Ол ешқашан қызына «Алтын белгі» алу туралы талап қоймағанын айтады.

«Бірақ, қызымның жақсы ұпай жинайтынына іштей сендім. Өйткені, Жадыра 1-ші сыныпқа барғаннан-ақ зеректігімен көзге түсті. Алғашқы ұстазы үнемі мақтап отыратын», – дейді Сымбат Есенаева.

Жадыраның жеңісіне әкесі Сейіт Есенаев пен әжесі Алмаш та қуанышты. Әке-шешесі жұмыста болған кезде үйдегі үш немеренің бар тәрбиесін Алмаш әжесі өз мойнына алыпты.

«Немерелерімнің ой-өрісін кеңейту үшін ылғи ертегілер оқып, үнемі ақыл-кеңес беріп отырамын. Менің еңбегімнің жемісі – осы. Емтиханға ең жоғары ұпай алғаны ертең өзіне нан болады ғой», – дейді Алмаш әже.

Сынып жетекшісі Анна Тыртышнаяның айтуынша, биыл даярлық тесттері көп өткізіліпті.

«Дайындық кезінде Жадыра 124 балл жинады, тек жалғыз сұрақ боялмай қалған болатын. Ал ұлттық тестілеу кезінде ол ондай қателік жіберген жоқ», – деді Анна Тыртышная Азаттық радиосына.

Енді Жадыра Есенаева Алматы немесе Астанандағы оқу орындарының бірінде жоғары білім алуды жоспарлап отыр, арманы – экономист болу.

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, биыл Солтүстік Қазақстан облысында «Алтын белгіге» үміткер болған 50 оқушының 32-сі үздік білімдерін дәлелдеген. Тағы үшеуінің апелляциялық арыздары әлі қаралып жатыр.

Ал ерекше аттестатқа үміткер 48 түлектің 23-і оған ие болуға қажетті баллға қол жеткізді. Биыл Солтүстік Қазақстан облысы түлектерінің орташа ұпайы – 81,51 баллды құрады (былтыр – 74,16 балл еді). Ал республика бойынша бұл көрсеткіш – 74,9 балл болды.

Солтүстік Қазақстан облысындағы 365 мектептің арасында дарынды балаларға арналған мамандандырылған Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық қазақ гимназия-интернаты былтырғыдай тағы да үздік нәтиже көрсетті – ҰБТ қортындысында 105,9 балл жинап, биыл да бірінші орында тұр.
XS
SM
MD
LG