Accessibility links

Қостанай облысында балабақшалар мемлекет меншігіне әрең қайтарылып жатыр


«Қостанайгаз» мекемесі орналасқан бұрынғы балабақша ғимараты. Қостанай, 7 желтоқсан 2009 жыл.
«Қостанайгаз» мекемесі орналасқан бұрынғы балабақша ғимараты. Қостанай, 7 желтоқсан 2009 жыл.

Қостанайда Астанадағы шенеуніктерге қорқа қарағандықтан ғана балабақшаларды мемлекеттің меншігіне қайтару бастамасы жүзеге аса бастады. Алайда кәсіпкерлерге жеке меншік балабақшаларда бизнес жасау тиімді емес.

БОСАТУҒА АСЫҒАР ЕМЕС

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бала бақшаларды қайтару туралы айтқан сөзінен кейін жер-жерде бұл бағыттағы жұмыстарға баса назар аударыла бастады. ҚР Білім министрі Жансейіт Түймебаев жыл аяғына дейін бала бақшаларда 24500 қосымша орын ашылып, 2010 жылы мектеп жасына дейінгі мекемелерде 74300 орын ашу жоспарланып отырғанын хабарлаған болатын.

Бірақ, ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтың осыған орай облыс басшыларына бала бақша тапшылығына байланысты мектеп жасына дейінгі балалар мекемелерін көбейту туралы берген тапсырмасын орындау қалалық жерлерде қиынға соғып тұр. Қостанай облысында 96 бала бақша болса, соның 19-ы мемлекеттік тілде тәлім-тәрбие береді.

Облыс бойынша бала бақшаларын қайтару жұмысы бұдан бірнеше жыл бұрын қолға алынған болатын. Соңғы 3-4 жылдың ішінде ғана 32 бала бақша бөбектерге қайтарылды. Республика бойынша салыстырсақ, бұл саладағы атқарылған жұмыс облыста 90 пайызды құрайды. Облыстық білім департаментінің бас маманы Зейнегүл Қайырбекқызының айтуына қарағанда, әсіресе, ауылдық жерлерде шағын бала бақшалар ашу жұмысы кең өріс алған.

Бірақ, бұрынғы бала бақшаларда орналасқан мемлекеттік ұйымдарды басқа мекенге көшіріп, бақшаларды коммуналдық меншікке өткізуге сол бала бақша ғимараттарын алған ұйымдар асығатын емес. Мәселен, Қостанай қаласында жеті жасқа дейінгі 16414 бала бар. 25 бала бақша (оның 4-і қазақ бақшасы) жұмыс істейді. Онда 6839 бала тәрбиеленуде. Ал қаладағы бұрынғы бала бақша ғимараттарында әскери
Қаржы министрлігінің қаржылық бақылау комитеті Қостанай облыстық инспекциясы бұрынғы балабақша ғимаратында отыр. Қостанай, 7 желтоқсан 2009 жыл.
прокуратура, ішкі істер бөлімінің тергеушілері, қаржылық бақылау инспекциясы, «Қостанайгаз» мекемесі және кітапхана филиалдары қызметкерлері орнығып алған.

Кейбір ғимараттарда наубайхана, әртүрлі диспансерлер орналасқан. Осы бақшалардың кейбірінің қазіргі иелеріне тоқталып кететін болсақ, бұрынғы №40 бала бақшада қалалық полиция бөлімі, №45 бақшада ҚР Ішкі істер министрлігінің әскери-тексеру басқармасы, №47 бақшада қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқарма, №4 бақшада полицияның солтүстік бөлімшесі, №60 бақшада ҚР Қылмыстық атқару жүйесі комитеті басқармасы, №41 бақшада ҚР Қаржы министрлігі қаржылық бақылау комитеті облыстық инспекциясы отыр.

Яғни, олардың көпшілігіне қала басшыларының жарлығы жүрмейді, мәселе Астанада отырған жоғарғы лауазымды шенеуніктер араласса ғана шешіледі. Облыс орталығында 4 мың бала кезекте тұр.

ЖЕКЕМЕНШІК БАЛАБАҚШАЛАР

Қазіргі уақытта Маяковский атындағы көшеде орналасқан 320 орындық бала бақшаны (көлемі 125 шаршы метр) қалалық оқу бөліміне беру жөнінде келісім жүріп жатыр. Ал 2010 жылға жекеменшік иелерінен мектеп жасына дейінгі мекемелерді сатып алу үшін 140 миллион теңге қаржы бөлінген.

Жекеменшік бала бақшалар қанатын кеңге жайып жатыр деп те айта алмаймыз. Облыстық білім департаменті берген мәліметтерге жүгінсек, Қостанай облысында 15 жекеменшік бала бақша бар. Соның үшеуі Қостанай қаласында. Алғашқы жекеменшік бала бақша бұдан 8 жыл бұрын пайда болса, содан бері тұрғын үйлердің пәтерлерінде орналасқан шағын студиялар болмаса, толық тәлім-тәрбие беретін коммерциялық бақшалар жоқтың қасы.

«Антошка» деп аталатын жекеменшік бала бақша директоры Татьяна Цой бірінші қабатта орналасқан бес бөлмелі пәтерді бақшаға айналдырғысы келген. Бірақ, мұндай пәтерде санитарлық нормаларды қатаң сақтау өте қиын. Ал саудаға қойылған ведомстволық бақшаны олардың құрылтайшыларының бірі сатып алғаннан кейін барып бала бақша ашуға мүмкіндік туған.

«Ак ерке» мини-студиясы мен сонымен аттас бала бақша директоры Елена Венгерская студияны тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқан төрт бөлмелі үйде орналастырған. Бала бақшаға бөлек ғимарат алған. Бірақ, оның тек қана жылу үшін төленетін төлемақысы айына 419 мың теңгеден айналады екен.

Мемлекеттік санитарлық-эмидемиялық бақылау комитетінің Қостанай облысы бойынша департаментінің санитарлық-гигиеналық бөлімінің бастығы Владимир Нечитайло бала бақша үшін негізгі талап ғимараттың бөлек болуы дейді. Кәсіпкерлерге мұндай ғимараттар салу қиынға түсетіні белгілі. Мемлекет тарапынан бұл үшін қаржы бөлінбейді. Мұның сыртында асхананың санитарлық нормалары, өрт қауіпсіздігіне байланысты орындалуға тиісті талаптар да жетіп артылады.

Балалардың жатын бөлмелері бөлек болу керек деген талаптар ғимаратта орналасқан үйлерде көбінесе орындалмайды. Қостанай қаласындағы мектеп-бала бақша гимназиясының директоры Раушан Мадина да осыған ұқсас жағдайға тап болған. Оның айтуына қарағанда, бұған дейін темір жолға қарасты болған бала бақша тек қана отыз пайызға қаржыландырылып келген. Раушан 2005 жылы оны сатып алуға бел буып, несие алады.

Бала бақшаны меншігіне алу үшін рұқсат алуға құжаттар толтырудың өзіне бір жарым жыл уақыты кетеді. Енді ол алған несиесін қайтару үшін ай сайын 560 мың теңгеден төлеп тұруы керек екен. Бір сөзбен айтқанда, бала бақшаны ұстап тұруға қыруар қаржы керек. Сондықтан да кәсіпкерлердің көпшілігінің бала бақша арқылы бизнес жасауға құлқы жоқ.
XS
SM
MD
LG