Accessibility links

Қостанай ауданында парақорлық айыбымен бір жылда үшінші әкім ұсталды


Қостанай аудандық әкімшілігі, шілде, 2009 жыл.
Қостанай аудандық әкімшілігі, шілде, 2009 жыл.

Қостанай ауданы әкімінің орынбасары жүздеген мың теңге пара алмақ болған деген күдікпен қамауға алынды. Бұған дейін соңғы бір жылдың ішінде осы ауданда екі әкім парақорлық үшін сотталған болатын.


ӘКІМДІК ӘЖЕТХАНАСЫНАН ТАБЫЛҒАН АҚША

Жаңа жыл қарсаңында Қостанай ауданы әкімінің орынбасары Мереке Демесінов аудан әкімі міндетін атқарып отырған уақытында 350 мың теңге пара алған деген күдікке ілінді деген хабар тарады. Аудан әкімі Геннадий Тюркин бұл уақытта іссапарда болған.

Жергілікті газеттердің жазуынша, қаржы полициясының қызметкерлері аудандық әкімдік ғимаратының әжетханасындағы батарея арасынан тауып алған ақшаны дәл сол мезгілде әжетханадан шыққан әкімнің орынбасарынан көріп отыр екен. Бұл деректі тиісті органдар жоққа шығармайды.

Экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі агенттіктің Қостанай облысы бойынша департаментінің хабарлауынша, Мереке Демесіновке байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 311-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған. Оған пара алды деп айып тағылып отыр. Сот шенеунікті қамауға алуға санкция берген. Азаттық тілшісіне айып тағылған шенеуніктің мүддесін қорғайтын адаммен сөйлесудің сәті түспеді.

ҚҰБЫР ҚАЗУҒА РҰҚСАТ АЛУ

Қостанай ауданындағы Ульянов селолық округіне қарасты жерде төрт метрлік тереңдікте жатқан ұзындығы 5 шақырым құбырларды аудандық әкімдіктің сот арқылы өз балансына алуға мүмкіндігі болған. Жергілікті село әкімінің бұл қызметке келгеніне жарты жыл да толмаған, яғни, ол құбыр мәселесімен айналысып та үлгермеген.

Құбырға жауапты болып келген кәсіпорын банкрот болғаннан кейін екі жылдан бері қараусыз қалған осы құбырларды жер астынан қазып алу жұмысына рұқсат беру үшін аудан әкімінің орынбасары кәсіпкерден пара сұраған дейді заң орындары. Құбырларды сатудан түскен қаржы аудандық бюджетке түсуге тиісті екен.

Мереке Демесіновтің мемлекеттік қызметтегі еңбек өтілі 22 жылдан асады. 2000 жылдың қаңтар айынан бастап Қостанай ауданы әкімінің орынбасары болып қызмет істеген М.Демесінов аудан бюджетіне, жоспарларына, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларға тікелей бас-көз болып жүрген шенеунік.

Оның үстіне бұл шенеунік жер телімдерін жекеменшікке беру және мемлекеттік коммуналдық мүлікті жалға беру, шағын кәсіпкерлікке қолдау көрсету жөніндегі комиссияларға басшылық жасап келген.

БІР ЖЫЛДА БІР АУДАННАН ҮШ ӘКІМ

М.Демесіновке байланысты мына жайт Қостанай ауданында айналдырған бір жыл ішінде пара алу қылмысына қатысты осымен үшінші оқиға болып отыр.

Осыдан тура бір жыл бұрын, облыс орталығында қаржы полициясы қызметкерлері Қостанай ауданындағы Заречный селолық округінің әкімі Мірсейіт Құсайыновты ұстаған болатын. Ол 220 мың теңге пара алып жатқанда заң өкілдерінің қолына түсті деп хабарланды.

Дәл сол сәтте Мірсейіт Құсайыновтың қасында Мереке Демесінов бірге болған еді. Арада көп уақыт өтпей осы ауданның тағы бір селолық әкіміне пара алды деген айып тағылды. Істі болған селолық әкімдердің екеуіне де сот айыптау үкімін шығарды.

Аудандық әкімшілікте қызмет істейтін, аты-жөнін айтуды қаламаған тағы бір шенеуніктің айтуына қарағанда, әжетханадаг шыққан ақшада Мерекенің саусағының таңбасы жоқ болуы да мүмкін. Өйткені, әкімдікте қоғамдық қор кассасы деген бар екен.

Және ол әкімнің орынбасарының кабинеті жанында орналасқан. Оны әкімдіктегі басшылар әлеуметтік саладағы шығындарға жұмсау үшін ерікті жарна беру қоры есебінде ойластырған.

Мұндай қорлар ерікті аталғанымен, оған түсетін қаржының ерікті жолмен келгендігіне шүбә келтіретіндер де бар. Соған наразы кейбір кәсіпкерлер тарапынан осындай арандату әрекеті әдейі ұйымдастырылуы мүмкін деген болжам да жұрт арасында айтылып отыр.
XS
SM
MD
LG