Accessibility links

Арбаға таңылғанымен, өмірге құлшынысын жоғалтпағандардың биі көп көңілінен шықты


Мүмкіндігі шектеулі жандардың республикалық бірінші би фестивалінен көрініс. Қостанай, 23 қыркүйек 2009 жыл.
Мүмкіндігі шектеулі жандардың республикалық бірінші би фестивалінен көрініс. Қостанай, 23 қыркүйек 2009 жыл.

Қостанайда мүгедектер арбасына таңылған жандар арасында республикада тұңғыш рет би жарысы өтті. Алғашқы республикалық фестивалға елдің алты қаласынан түрлі жастағы үміткерлер қатысты.


ҚАЙСАР ЖАНДАРДЫҢ БИ ЖАРЫСЫ


Тән азабын тартса да, жандарын жүдетпеген мүмкіндігі шектеулі адамдардың алғашқы республикалық би фестиваліне Қостанаймен бірге Астана, Ақтөбе, Тараз, Атырау, Екібастұз қалаларынан үміткерлер қатысып, өнерлерін ортаға салды.

Конкурстық жұптардың өзі 10 болса, көрсетілімдік бағдарламаға қатысушылар саны одан да көп болды. Таңдаулы би мамандарынан құрылған қазылар алқасын Қазақстанның спорт билері федерациясының президенті Денис Есауленко басқарды.

Көрермендер қатысушылардың орындауындағы вальс, румбо, танго секілді билермен қатар көңілді әрі әзілге құрылған билерді де көріп тамашалады. Тараздан келген Руфия және Зульфия Ғабидулиналар «Қос жүрек» биін келістіріп биледі. Біреуі мүгедектер арбасында отырып, ал екіншісі оған сүйене жүріп билеген бұл екеуінің жарасымды жұбы көрермендер ықыласына ие болды.

СПОРТТЫ ДА, БИДІ ДЕ СЕРІК ЕТКЕН

«Спорттың параолимпиадалық түрлері Қазақстанда да кейінгі уақытта қанат жайып келеді. Олардың Олимпиада биігінен көрінуіне әзір ертерек болса да, осындай жарыстар жиі ұйымдастырылып тұрса, көңілге үміт ұялайды, бұл жарысқа қатысушылардың биді жан-тәнімен билегені соншалық, тіпті баға беруде бірін кем бағалап қоямыз ба деп өзіміз қысылып қалдық», - дейді Денис Есауленко.

Аруна Жақсығұлова (оң жақта) мен Олег Лазарев жұбы мүмкіндігі шектеулі жандардың республикалық бірінші би фестивалінің жеңімпазы атанды. Қостанай, 23 қыркүйек 2009 жыл.
Жарыс нәтижесінде қостанайлық Аруна Жақсығұлова мен Олег Лазарев бірінші орынды жеңіп алса, екінші және үшінші орындар екібастұздық өнерпаздарға бұйырды. Оксана Лим мен Руслан Садуақасовтың бимен айналысқанына санаулы ғана ай болған екен. Оларды жаттықтырған хореограф номерді таңдап алғаннан кейін жарысқа қатысуға бел буған. Сөйтіп, бұл жұп жүлделі үшінші орынды иеленді.

Ал олардың командалас әріптестері Дана Малғаждарова мен Владимир Каплич жеңіс тұғырында екінші орынға көтерілді. Дананың би өнерінде бірсыпыра тәжірибесі болса, Владимир жарысқа алғаш қатысып отыр екен. Бірақ, ол да, Оксана де белгілі спортшылар.

Владимир Каплич – стол теннисінен Қазақстанның 18 мәрте чемпионы, көптеген халықаралық турнирлерге қатысқан танымал спортшы. Оксана Лим – мүгедектер арбасымен жарыстың чемпионы, 400 метрді небәрі 1,4 минутта жүріп өткен.

Сондықтан да оларға бұл өнерге төселу аса қиынға соқпаған, дегенмен, олардың жаттықтырушыларының сөздеріне сүйенсек, бишілерге пластика бағытында әлі де тер төгуге тура келеді.

БИГЕ АРНАЛҒАН АРБА ТАПШЫ

Мүмүкіндігі шектеулі адамдар арасында өткен республикалық алғашқы би жарысын ұйымдастырған Қостанайдағы «Yмiт - Надежда» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Аруна Жақсығұлова Мәдениет және ақпарат министрлігі өткізген «Арттерапия» лоты бойынша грантты қостанайлықтар жеңіп алғанын, соның нәтижесінде бұл жарыс тиісті деңгейде өтіп жатқанын тілге тиек қылып, өзінің бұл жеңіске жетуін республикадағы қозғалысы қиын кісілерге көрсеткен дем беру деп есептейтінін жеткізді.

Қостанайлықтар аталмыш байқауға тыңғылықты әзірленген. Жарыс қарсаңында Москва қаласынан мүгедектерді би өнеріне үйрету фрагменттері жазылған дискілерді арнайы сұратып алдырған. Санкт-Петербург қаласына арнайы тапсырыс беріліп, би билеуге лайықталған мүгедектер арбалары алынған. Өкінішке қарай, мұндай арбалар Қазақстанда мүлде жоқ көрінеді.

Спорт билері Қостанай облыстық федерациясының төрағасы Андрей Нужныйдың сөзіне қарағанда, республиканың спорт билері федерациясы қостанайлықтармен келісімшартқа отырып, бұл игілікті істі келешекте одан әрі жалғастырмақ ниетте.
XS
SM
MD
LG