Accessibility links

Еуропадағы қазақтар балаларының болашағын тек Қазақстанмен байланыстырады


Абдулқайым Кесіжі, Еуропа қазақ қоғамдары федерациясының төрағасы. Германия, Мюнхен, 7 қаңтар 2010 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.
Абдулқайым Кесіжі, Еуропа қазақ қоғамдары федерациясының төрағасы. Германия, Мюнхен, 7 қаңтар 2010 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.

Өз ұрпағының ана тілден мақрұм буынға айналғанын қаламайтын Еуропа қазақтары балаларына қазақ тілінен дәріс беретін ұстазға мұқтаж екендерін айтады. Олар жастардың атажұртқа келіп, тәуелсіз Қазақстанның гүлденуіне үлес қосса деп армандайды.


БАСТЫ МӘСЕЛЕ – ТІЛ

Былтыр Лондонда өткен Еуропа қазақтарының кіші құрылтайында Еуропаның 10 мемлекетіндегі қазақ мәдени-орталықтары бірігіп Еуропа қазақ қоғамдары федерациясын ресми тіркеуден өткізгендігін мәлімдеген еді. Содан бері бұл федерацияның мұрындық болуымен Еуропадағы қазақ жастары екі рет құрылтайға жиналды.

Бірі – сәуір айында Германияның Мюнхен қаласында, екіншісі желтоқсан айының соңында Швецияның Вестерос қаласында өтккен бұл жиындарда жалпы Еуропа елдеріндегі қазақ жастарына қатысты толғағы жеткен мәселелері көтерілген болатын. Басқосуға Еуропа елдеріндегі қазақ қоғамдарының басшылары, басқа да мүдделі топ өкілдерінен 60-тан астам адам қатысқан.

– Әрине, басты мәселе – тіл мәселесі. Біздің жастарымыз өздері тұратын елдердің тілімен қоса, түрік тілінде сөйлейді. Қазақ тілі солардың көлеңкесінде қалып барады. Соңғы буын түрік тілін де ұмытты, енді тек еуропа елдерінің тілінде сөйлеу белең алып барады. Сондықтан, біз Швециядағы бас қосуда осы мәселені қалай шешуге болатындығын, қандай шаралар қолдану қажеттігін жастардың өз аузынан естуді жөн көрдік. Олар интернет, телеарна, диск, т.б. да көрнекі құралдардың тіл үйрету құралы бола алмайтындығын айтады. Сондықтан,
Алдағы уақыттағы мәселе – мұғалім жалдау болып тұр. Ең бастысы бізге сауатты әрі өз ісіне маман мұғалім керек.
бізге білікті мұғалім керек. Ал, оның жалақысын қалай тауып береміз? Еуропа жастарының проблемаларын талқылағанда осы мәселелер көлденең шықты. Оны шешудің жолдарын іздестірудеміз, – деді Швеция Қазақ қоғамының төрағасы Ибрагим Құсшы.

Еуропа қазақ қоғамдары федерациясының төрағасы Абдулқайым Кесіжіден бұл шаралардың тиімділігі жайлы сұраған едік.

– Әрине, біз бұл басқосу шаралары арқылы ондағы қазақ жастарын қазақша сөйлетіп жібереміз деп айта алмаймыз. Бірақ, осындай бас қосулар Еуропадағы жастардың ұлттық рухын оятуға өз септігін тигізеді. Балалар өзара қазақша сөйлесуге талпынуда. Өткенде конференцияға Қазақстаннан бір профессор келген еді. Сонда бір қазақ баласы ағылшын тілінде «Бұл жолы сізбен қазақша тілдесе алмадым, келесі келгенде иншалла, сөйлесемін деген үміттемін» деп ағынан жарылды. Демек, бұл шаралардың тиімділігінің өзі осында – қазақ балаларының қазақ тіліне деген ынтасын оята білгендігімізде. Алдағы уақыттағы мәселе – мұғалім жалдау болып тұр. Ең бастысы бізге сауатты әрі өз ісіне маман мұғалім керек, – дейді Абдулқайым Кесіжі.

ЕУРОПАДАН АТАЖҰРТҚА

Англиядағы қазақ қоғамының басшысы Исмаил Кесіжі Еуропадағы қазақ жастарының ендігі тағдыры Қазақстанмен байланысты екендігін айта отырып, жастарды Қазақстанға жіберу және онда жұмысқа орналастыру мәселесіне маңыз бергенін жеткізді:

– Еуропадағы қазақ жастарының Қазақстанмен байланыс мәселесін және оларды жұмысқа орналастыру жайын көбірек талқыға салдық.
Оқу орнын енді ғана бітіріп жатқан жастарды Қазақстанға жіберсек, олардың бейімделу мәселесі де жеңіл болар еді.
Қазір Еуропадағы қазақтардың алды 50-ден асып кеткендер. Олардың Қазақстанда жұмыс істеуіне, орналасуына мүмкіндік аз. Ал, оқу орнын енді ғана бітіріп жатқан жастарды Қазақстанға жіберсек, олардың бейімделу мәселесі де жеңіл болар еді. Қазақстан қоғамына дендей еніп, сіңісіп алғаннан кейін олар ата-аналарын шақырып алуға мүмкіндік алар ма еді? Біздің бұл қадамымыз өз нәтижесін бермей қойған жоқ. Лондондағы Кардифф университетінің докторы Ахан Отыншы Қазақстанға кетті. Ол онда университетте сабақ беретін болады. Бұл біздің Еуропа қазақ қоғамдары федерациясының жасап жатқан алғашқы жұмыстары, – дейді ол.

Еуропа қазақ қоғамдары федерациясының төрағасы Абдулқайым Кесіжі мырзаның мәліметі бойынша Еуропада 10 мыңнан астам қазақ диаспорасының өкілдері тұрады.
XS
SM
MD
LG