Accessibility links

Тоқаев ЕҚЫҰ-ның Гитлер мен Сталинді қатар қойғанына қынжылды


Қасым-Жомарт Тоқаев Венада. 27 қараша 2006 жыл.
Қасым-Жомарт Тоқаев Венада. 27 қараша 2006 жыл.

ЕҚЫҰ-ның парламенттік ассамблеясы нацизм мен сталинизмді аяусыз сынады. Қасым-Жомарт Тоқаев Сталин билігінің тұсындағы аштық, ядролық сынақ, қуғын-сүргін тұсында қазақ халқының шеккен басқа да қасіретін ойға алмастан, бұл резолюцияның қабылданғанына қынжылыс білдірді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВТЫҢ ЖАҢА ПАССАЖЫ

Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев тағы да ерекше көзге түсті. Қазақстанның «елдік өзгешелігі» бар және көптеген еуропалық өркениет құндылықтарына қазақтар әлі толықтай дайын емес деген сөздерімен көп бақылаушының есінде қалған сол баяғы Тоқаев бұл.

Бұл жолы Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейді қорғауға көшті. Нақтырақ айтқанда, Ресейді емес, Мәскеуді. Ал, егер бұдан да нақтылау айтар болсақ, Мәскеуді де емес, өздерінің жұпыны пірлері Иосиф Виссарионович Сталинді шамасы келгенше есіркейтін Ресей басшылығының бүгінгі доктринасын қорғауға көшті.

Эстония елшілігінің алдындағы шеру кезінде «Единая Россия» партиясының жастар қанатының белсендісі Гитлер бейнесінің қасында тұр. Мәскеу, 19 қаңтар 2007 жыл.
Мәселе ЕҚЫҰ-ның парламенттік ассамблеясы шілденің басында нацизмді де, сталинизмді де ресми түрде сынағаннан соң шықты. Ол резолюцияны Литва мен Словения ұсынған еді. Ресей делегациясы дауыс беруге қатыспаған болатын.

Арада он күн өткенде бұл тақырыпты Қазақстан, яғни Қасым-Жомарт Тоқаев іліп әкетті. Ол әлдебір жерде емес, Киевте, Еуропадағы қауіпсіздік мәселелері жөніндегі халықаралық парламенттік конференцияда Ресейді (ресейлік доктринаны деп түсініңіз)жақтап дауыс берді.

Бұл сөздің украиналық астанада айтылғаны тегін емес, оның бір, өзіндік символикасы бар: сталинизмді өз көзімен көрген Киев оның бетпердесін жыртып, сталинизмді әшкерелеуде ешқашан тартынып көрмеген.

Тоқаевтың айтқан сөзінің бүкіл өзегін берген дұрыс болар. «ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясының вице-президенті ретінде жалпыға мәлім тарихи деректер мен құжаттарға қарама-қайшы резолюцияның қабылданғанына өкініш білдіруге мәжбүрмін. Бұл құжат нацистік режимді және антигитлерлік коалицияға кіріп, фашизмді жоюға үлкен үлес қосқан әрі БҰҰ құрылтайшыларының бірі болған мемлекетті бір орынға қатар қояды».

ЕКІ ДИКТАТОРДЫҢ ДА РЕЖИМДЕРІНІҢ ТҰСЫНДА ҚҰРБАН БОЛҒАНДАРДЫҢ САНЫ БІРДЕЙ ДЕРЛІК

Бұл жерде бір тарихи деректі екіншісінің есебінен жуып-шаю байқалады. Не дегенмен, резолюция Германияға қарсы ССРО күрескен
Коммунистік партияны жақтаушы митингте Сталиннің суретін ұстап келеді. Мәскеу, 5 наурыз 2009 жыл.
соғыстың шындығын жоққа шығарып сызып тастаған жоқ қой.

Резолюция ұзақ жылдар бойы бір режимнің жасаған қылмысын екінші режимнің қылмысымен көлегейлеуге негіз болып келген бір тарихи бәтуаны жоюды көздеген тұғын. Ешкім де екі режимнің келтірген залалдарын таразыға салып, килограмдап немесе өзгедей бір оғаш өлшеммен салыстырайын деп отырған жоқ.

Әңгіме халықты жаппай, миллиондап қырғынға ұшырату жөнінде болып отыр, бұл тұрғыдан келгенде екеуі де – гитлерлік және сталиндік режимдер өте ұқсас серіктестер болды.

Украина мен Қазақстанда Екінші дүниежүзілік соғыстың қасіретін шекпеген отбасы жоқ. Сталинизм әкелген бір қасіреттің зардабын генетикалық деңгейде мұқым Украинаның әлі күнге дейін арқалап келе жатқаны бүгіндері әлдеқайда айқынырақ аңғарылады. Ол 1932 - 1933 жылдардағы ашаршылық.

Қазір салыстыруға болатын анағұрлым нақты деректер бар. Сталинград шайқасы тұсында бір күнде отыз мың адамға дейін қырылып қалған кездер болған. Ал, Украинадағы ашаршылық кезінде тәулігіне елу мың тұрғынның тып-тыныш ұйықтап кетіп, қайтып оянбағаны болған жағдай.

ҚАЗАҚСТАНДЫ ҚОРҒАУҒА КІМ ШЫҒА ҚОЯР ЕКЕН?

Әлбетте, Қазақстандық сенат спикері ұқсап Ресейді қорғауға тыраштануға болады, алайда, ашаршылық тақырыбын қозғауды соншалықты құп көрмейтін Қазақстанды қорғауға кім құлшынып шыға қояр екен?

Қазақстандық тарих ғылымы өткен-кеткенді зерттеуде украиналық тарихи зерттеулерден әлдеқайда артта. Қырылған қазақ саны да, шамасы, украиналықтардан аз емес, ал кейбір дерек көздерінде анағұрлым жойқын екені айталады.

Кейде Қазақстан халқының жартысына жуығы опат болған деген мәліметтер де ұшырасып қалады. Жақсылап қазбалаған жағдайда, зұлмат құрбандарының арасынан, сөз жоқ, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Нұрсұлтан Назарбаевтың да және басқа да ел басшыларының кез келгенінің туыстарын тауып алуға болады. Талай рет құжаттармен дәлелденгеніндей, ол ашаршылықты режимнің өзі қолдан жасаған.

Қазақтардың босуы. Ашыққан жұрт туған жерлерінен безуге мәжбүр болды. 1930-ыншы жылдардың басындағы фотосурет.
Іс жүзінде қазақ жағы бұл үлкен нәубетті әдейі ұйымдастырылған ашаршылық деп атауға да бара алған жоқ. Алып көршінің көңіліне тиіп кетпес үшін бұл келеңсіздікті жай ғана «аштық болды» деген бейтарап сөзбен атай салады.

Киевте, тіпті, «ұйымдастырылған ашаршылық» деген ұғымның өзі қоғамды қанағаттандырмайды. Ондағылар сталинизм украин халқына геноцид жасады деп танылғанын қалайды.

Ресейлік саяси-технологтар болса геноцид тұрмақ ашаршылықтың қолдан ұйымдастырылғанын да мойындағысы келмейді, себебі тек украиналықтар ғана емес, сонымен қатар белорустар, қазақтар мен орыстар да бұдан жапа шекті деген тұжырымды алға тартып отыр.

Бұл – үлкен нәубетке берілген адам таңғаларлық спецификалық баға. Әңгіме адамдар жайында емес, құдды бір жарамсыз подшипниктер туралы болып жатқан секілді, бұл не масқара? Апаттың маңызын кемітіп, орталауға тырыспай, керісінше, ой қисынына салып, осынау нағыз қасіретті аса үлкен зұлмат, қылмыс деңгейіне неге көтермеске?

ҚАЗАҚСТАН БИЛІГІНІҢ АЛҒАН МҰРАСЫ ҚАНДАЙ?

Сол бір дүрбелеңге толы дәуірден Қазақстанға естелікке қалған қайғы-қасірет пен жазылмас жара аз емес. Қазақстан тарихында қаралы із қалдырған советтік ядролық өнеркәсіп те дәл сол сталиндік кезеңде пайда болды.

Сталиндік стратегтер Қазақстанды өзінен де, сырт көзден де таса ірі инфрақұрылым – әйгілі ГУЛАГ түрмелерін орналастыратын аумақ ретінде пайдаланды. Ол жаққа режимнің ондаған мың құрбанының біржола айдалғаны қалың бұқараға мәлім.

Осы тұста Тоқаевтың терминоголиясын қолданатын болсақ, Қазақстанда «елдік ерекшелік» дейтіндей негіз жеткілікті, бірақ, ол дәл сол сенат спикері айтқан мағынадағы ерекшелік емес.

ЕҚЫҰ үндеп отырған демократиялық құндылықтар деңгейіне Қазақстан іс жүзінде қаншалықты сәйкес келеді деген сұрақ бұл елдің өз ішінде де, сыртында да өте қызу талқыланып жатқанына көз жұмып қарауға болмайды ғой?

(Журналист Александр Народецкий бұл мақалада өз көзқарасы мен ой-пікірін білдірген. Оның пікірі Азаттық радиосы редакциясының ұстанымымен сәйкес келмеуі мүмкін.)
XS
SM
MD
LG