Accessibility links

Дәрігерлер соққыға жығылған журналистің миына операция жасау керектігін айтады


Журналист Бақытжан Нұрпейісов Қалқамандағы ауруханада. Алматы, 6 ақпан 2009 ж.
Журналист Бақытжан Нұрпейісов Қалқамандағы ауруханада. Алматы, 6 ақпан 2009 ж.

Дүйсенбі күні журналист Бақытжан Нұрпейісовке екінші мәрте жүргізген компьютерлік томография оның миында жарақат барын анықтады. Дәрігерлер бұзақылардың соққысына ұшыраған журналистің миына аздап қан құйылғандығын айып отыр.

Ақпанның 9-ы күні Қалқамандағы №7 қалалық аурухананың нейрохирургия бөлімінің дәрігерлері журналист Бақытжан Нұрпейісовтің жарақатын тексерудің басқа да әдістерін қолдану арқылы нақтылай түсті. Соны нәтижелерді аурухана залында күткен Бақытжанның анасы Гүлдана Нұрпейісованың көңілінде күдік басым.

- Бәрі жақсы болса дәрігерлер баланы қайтадан тексеруге әкетпес еді ғой. Анализдерін алып, рентгенге қайтадан түсіріп жатыр. Дәрігерлер консилиумге жиналды, соңғы нәтижелерді сосын маған айтады, - деді абыржулы күй кешкен Гүлдана Нұрпейісова.

Нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Жәнібек Жанайдаров жұма күні Азаттық радиосына науқастың жарақатының деңгейіне қатысты болжамдарының шет жағасын ғана шолып айтып өткен болатын. Сол күні дәрігер нақты диагноз дүйсенбі күні анықталатындығын, оның өзінде науқастың ата-аналарының келісімі болғанда да ғана хабарлай алатындығын ескертіп еді.

Дүйсенбі күні дәрігер Ж.Жанайдаров Азаттық тілшісіне былай деп хабарлады:

- Науқастың бас сүйегі мен бас миы жарақаттанған, бет сүйегі сынған. Жарақат өте күрделі. Бас миының жарақаты миға қан құйылған деген болжам туғызады.

Оның айтуынша, қазіргі таңда науқасқа консервативтік ем қолданылуда. Алайда дәрігерлер сынған сүйектің жарықтарын тазалау үшін операция жасау керек деген ұйғарымға келіп отыр.

- Операция жасау керек деп жатыр дәрігерлер. Соған біздің рұқсатымыз қажет екен, - деді Гүлдана Нұрпейісова.

Егер науқастың ата-анасы рұқсатын беріп жатса, онда дәрігерлер операцияны жақын күндердің бірінде жасайтындарын ескертті.

Бұған дейін хабарланғандай, ақпанның 5-і күні кешкі сағат тоғыздар шамасында тәуелсіз «Общественная позиция» газетінің тілшісі Бақытжан Нұрпейісовті белгісіз біреулер аяусыз соққыға жығып кеткен болатын. 19 жасар журналист үйіне қайтып бара жатқан жолда тарпа бас салған бөгде кісінің өзіне қарата айтқандарынан бір ғана «саясат» деген сөзді түсініп үлгерген.

Қазір бұл істі Алматы қаласының Бостандық аудандық полициясы тексеріп жатыр. «Общественная позиция» басылымының шеф-редакторы Розлана Таукина газет тілшісінің соққыға жығылуына оның журналистік кәсібі себеп болғандығына сенімді.
XS
SM
MD
LG