Accessibility links

 
Батыс Қазақстан облысында қайтадан ірі қара малда эмкар вирусы пайда болды

Батыс Қазақстан облысында қайтадан ірі қара малда эмкар вирусы пайда болды


Ұзынкөл ауылындағы ірі қара малдар. Батыс Қазақстан облысы.
Ұзынкөл ауылындағы ірі қара малдар. Батыс Қазақстан облысы.

Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданының Мереке ауылында 5 ақпаннан карантин жарияланды. Ветеринарлық қызмет ауылдағы жеке шаруа қожалықтарының біріндегі мал арасында «эмфизематоздық карбункул» (эмкар) ауруы барын анықтаған.

Мереке ауылындағы қосалқы шаруашылықтың бірінде 5 ақпан күні кенеттен мал өлді. Мал дәрігерлерінің өткізген сараптамасынан кейін өлген сиырға «эмифизематозды карбункул» атты індеттің жұққаны анықталды. Сол күннен бастап ауылда карантин жарияланды.

Облыстық ауыл шаруашылық департаментінің ветеринария бөлімінің бастығы Фарух Мұқанов облыста бұл ауру соңғы 3 ай ішінде екінші рет кездесіп отырғанын айтады.

- 2008 жылдың желтоқсанында Жәнібек ауданы Ұзынкөл ауылында осы инфекциядан 12 ірі қара мал қырылды. Ол кезде бұл қауіп залалсыздандырылды. Бүгінгі күні Мереке ауылында 1500 ірі қара малдың ішінен тек қана біреуінің өлімі тіркелді. Бұл вирус түрі адам өміріне аса үлкен қауіп тудырмаса да, одан адам уланып қалуы мүмкін. Бірақ, улануға қарсы әрбір ағза күресе бермейді. Қазіргі уақытта сол ауылдың аумағындағы барлық малды ауруға қарсы дәрімен егіп, алдын алу шараларын жүргізудеміз. Аталған дерттің қоздырғыштары ағза өзегінде 35 жылға дейін өмір сүруі мүмкін. Егер аурудың жаңа ошақтары байқалмаса, онда 19 ақпан күні карантин аяқталады, - деді Фарух Мұқанов.

Батыс Қазақстан облысының бас ветеринар дәрігері Асқар Алдаңғаров ірі қара малдың ішінде бұл жолы вирустың пайда болуының себебін малға қажетті дәрі-дәрмекті сатып алуға бөлінетін қаржының қысқаруымен байланыстырады.

- Біздің мемлекет Дүниежүзілік сауда ұйымының қатарына кіруге жоспарлап отырғандықтан, малды ауруға қарсы егу жұмыстарын жүргізу күрт қысқартылды. Себебі бұл егу түрінің құрамында адамдарға зиянды химиялық элементтердің үлесі жоғары. Сондықтан қазір бұл қауіпті аурудың пайда болу ошақтары кезең-кезеңмен байқалып отыр, - деді облыстың бас ветеринары.

Осы қауіпті жағдайға байланысты қазір облыстық ауыл шаруашылық департаменті тұрғындарға күмәнді өндірісте дайындалған ет тағамдарын пайдаланбауды ескертіп отыр.
XS
SM
MD
LG