Accessibility links

"Солтүстік ағын" құбырындағы жарылысқа күдікті украин Италия түрмесінде аштық жариялады


Балтық теңізіндегі "Солтүстік ағын-2" газ құбырында жарылыс болғаннан кейінгі көрініс.
Балтық теңізіндегі "Солтүстік ағын-2" газ құбырында жарылыс болғаннан кейінгі көрініс.

Германияда "Солтүстік ағын" газ құбырларын жару ісі бойынша күдікке ілінген Украина азаматы Сергей Кузнецов Италия түрмесінде аштық жариялаған. Оның адвокаты Никола Канестрини айтты деп жазды ANSA агенттігі.

Адвокаттың сөзінше, Кузнецов 31 қазаннан бастап тамақ ішуден бас тартқан. Ол өзінің негізгі құқықтары сақталуын, соның ішінде дұрыс тамақтану, салауатты ортада болу, түрмеде лайықты жағдайда отыруды, отбасы мүшелерімен кездесу және ақпарат алу мәселесінде құқығы өзге тұтқындармен тең болуын талап етіп жатыр.

Канестринидің айтуынша, Кузнецов биыл тамыз айында Римини қаласында ұсталғаннан бері оған қажетті диета қамтамасыз етілмегендіктен денсаулығы нашарлаған. Қазан айының аяғында Италия соты Кузнецовты Германияға экстрадициялау туралы шешімді екінші рет мақұлдаған. Тергеу оны 2022 жылғы қыркүйекте "Солтүстік ағын-1" және "Солтүстік ағын-2" газ құбырларын жаруға күдікті деп санайды. Қорғаушы тарап кассациялық сотқа шағым түсіріп, іс жүргізу барысында заң бұзылғанын дәлелдеуге ниетті.

Сергей Кузнецов Германияның федералдық прокуратурасы оны қамауға алу туралы еуропалық ордер шығарғаннан кейін бірер күннен кейін Италияда ұсталған. Ол — "Солтүстік ағын" құбырындағы диверсия ісі бойынша алғаш ұсталған күдікті. Германияда оған "теракт жасау" және өзге де бірнеше бап бойынша айып тағылған. Украина азаматы өзіне тағылаған айыпты мойындамай отыр.

Тергеу дерегінше, Сергей Кузнецов алты-жеті адамнан құралған топты басқарған. 2022 жылғы қыркүйекте олар "Андромеда" яхтасымен Данияның Борнхольм аралы маңындағы газ құбырларына жақын барып, теңіз түбінде (70-80 метр тереңде) кемінде төрт жарылғыш құрылғы орнатқан. Тергеушілердің болжамы бойынша, диверсиядан кейін Кузнецов Рюген аралындағы Вик портына түсіп қалып, сол жерден Украинаға оралған.

XS
SM
MD
LG