Accessibility links

 
«Амнести Интернешнл» ұйымының баяндамасы Қазақстанда қайыршылықтың ұлғая түсетінін аңғартады

«Амнести Интернешнл» ұйымының баяндамасы Қазақстанда қайыршылықтың ұлғая түсетінін аңғартады


«Амнести Интернешнл» ұйымының белгісі.
«Амнести Интернешнл» ұйымының белгісі.

«Амнести Интернешнл» ұйымы мамырдың 28-і күні әлемдегі адам құқықтары мен бостандықтарының ахуалы туралы баяндамасын жариялады. Онда дүниежүзілік дағдарыстың салдарынан бұл саладағы жағдайдың күрделене түскені айтылған. Биылғы жылы қайыршылықпен күрес науқаны туралы бастама көтерілмек.

АДАМ ҚҰҚЫҚТАРЫ САЛАСЫНДАҒЫ ДАҒДАРЫС

Баяндама авторы Ирене Хан бүгінгі әлемдік дағдарыстың себебінен бүкіл планета бойынша сан миллиондаған әлеуметтік көмекке мұқтаж жандардың ауыр күй кешіп, қиын ахуалға ұрынып отырғанын тілге тиек еткен.

Бүкіләлемдік банктің болжауынша, былтырғы тамақ бағасының қымбаттауы себебінен қайыршылыққа душар болған жандардың қатарына биыл 53 миллион адам жаңадан қосылғалы отыр.

Халықаралық еңбек ұйымы дағдарыстың кесірінен шамамен 18-ден 51 миллионға дейінгі аралықтағы адам жұмыстан айрылуы мүмкін дейді. Тамақ өнімдері бағаларының өсуі аштық пен ауру – сырқаудың көбеюіне себеп боп отыр.

Баспанадан күштеп айыру (жалдау төлемақысын төлей алмағаны не үй алуға алған несиені қайтаруға мүмкіндігі болмауынан) және әлемдік экономикадағы дағдарыс себебінен жұмыстан босату – жұмыссыздар, кедейлер мен үйсіздер қатарын көбейтті.

Аталған ахуалды «Амнести Интернешнл» адам құқықтары саласындағы дағдарыс деп сипаттаған. Бұл дағдарыс тамақ жетпеу, жұмыс табылмау, таза су жетіспеуі, жер мен баспанаға қол жетпеу тәрізді мәселелермен байланысты. Осы себептер теңсіздікті өсіріп, адамдардың әлеуметтік ахуалын тұрақсыз етіп, ксенофобия және нәсілшілдік, күштеу мен репрессияларды өршітуде.

Бұл мәселелердің барлығы бүкіләлемдік ауқымдағы мәселелер болып табылады, сондықтан оларды шешу үшін халықаралық деңгейдегі ынтымақ-бірлікті, адам құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуді дұрыс жолға қоюды қажет етеді.

ҚАЗАҚСТАНДА КЕДЕЙЛЕР МИЛЛИОНДАП САНАЛАДЫ

Көптеген сарапшылар экономиканың қарқынды дамуы нәтижесінде қаншама адам кедейлік тауқіметінен құтылды десе де, олар айтқаннан әлдеқайда көп адам кедейшілік шеңгелінен құтыла алмай отыр, дейді«Амнести Интернешнл».

Бұндай ахуал, әрине, ғаламдық деңгейде, дегенмен де бұл «жаңа дамушы нарықтар» деп есептелетін мемлекеттердегі жағдайды анық сипаттайды. ТМД көлемінде соңғы бірнеше жыл бедерінде экономикасында қарқынды өсім байқалған жекелеген елдер де сол санатқа енеді. Олардың арасында Қазақстан да бар.

Кедейшілікпен күресетін БҰҰ агенттіктері мен өзге де халықаралық ұйымдарға Қазақстан үкіметінің берген ресми мәліметтерінде елдегі кедейлердің саны айтарлықтай азайғаны айтылған. Бұл, негізінен, соңғы жылдары мұнай бағасының толассыз өсуінің арқасында жылдам дамыған экономиканың нәтижесі.

Алайда, мәселеге тереңірек үңілсек, миллиондаған жандардың әлі күнге кедейшілік қамытынан арыла алмай келе жатқанын көруге болады. Бұл санатқа негізінен ауыл тұрғындары, ауылдан қалаға келген жұмысшы-мигранттар, қаланың өз тұрғындарының арасындағы әлеуметтік төменгі топтардың өкілдері енеді.

Қала тұрғындарының арасында әсіресе кедей зейнеткерлер, әлеуметтік жағынан әлсіз студенттер тобы, жалғызбасты адамдар, жұмыстан еріксіз айрылып қалғандар (әсіресе жастар арасында), оралмандар және басқалар ерекше көзге түседі.

Мұндай ахуал Орталық Азияның өзге елдеріне де тән (олардың кейбірінде жағдай тіпті нашар), «жаңа дамушы нарықтар» санатындағы әлемдегі көптеген елдерде де жағдай осындай.

Мәселен, Қытайда қала тұрғындары мен ауылдан келген жұмысшы-мигрантар арасындағы өмір сүру деңгейі алшақтығы үсті-үстіне өсе түсуде. Үндістанда қалалардағы ондаған миллион жан мен ауылдағы кедей топтар қайыршының тірлігін кешуде.

Бразилия мен Оңтүстік Американың өзге елдерінде байырғы халық өкілдері мен қала, ауылдағы кедейшілік тауқыметін тартып отырған топтардың халі түзелер емес, Африкада қайыршы саны өсіп барады.

Дамыған елдерде де дағдарыс үйсіз, жұмыссыз жандар мен кедейлердің қатарын көбейтті. Яғни, экономикалық дағдарыс себебінен бүкіл әлем бойынша әлеуметтік теңсіздік күшейіп отыр.

ӘЛЕМДЕГІ ӘРБІР ҮШІНШІ ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ ЛАШЫҚТА КҮНЕЛТУДЕ

Қазір дүние халқының көпшілігі қалаларда тұрады делінгенмен, миллиардтан астам жан жаман-жұтық үйлерде тұрып жатыр, яғни қаладағы әр үшінші тұрғын осындай лашық үйлерден құралатын кварталдарда қоныстанған.

Мұндай кедейлер кварталы әлемдегі әрбір ірі қалада кездеседі. Мумбайдағы (бұрынғы Бомбей) Дхаравиде 1 миллионнан астам жан тұрады. Кения астанасы Найробиде тұрғындардың 60 пайызы кедей-кепшік аудандарда тұрады, Африканың осы іспетті ең ірі кварталы боп есептелетін Киберада 1 миллионнан астам жан мекен етеді, т.т.

Осыларды айтқанда, Алматының Шаңырақ, Бақай, Әйгерім, Ұлжан және т.б. елдімекендері еріксіз еске түседі. Бұл кедейлер кварталында қазір Алматы қала әкімшілігінің ресми мәліметтері бойынша 130 мыңдай жан өмір сүріп жатыр.

2020 жылдары мұнда 500 мың адам тұратын болады деген болжам айтылады. Яғни, Қазақстанда тұрғындар саны Үндістандікінен 60 еседей аз болса да, 2020 жылға қарай үнділіктерден ең ірі қайыршылар кварталы тұрғыны саны бойынша тек екі еседей мөлшерде ғана артта болмақ.

Теңсіздік әртүрлі салаларға әрқилы жолдармен келеді, деп атап өтеді «Амнести Интернешнл» өз баяндамасында. БҰҰ-ның мәліметтері бойынша, әлем тұрғындарының 2/3 – нің құқықтарын заңды жолмен қорғауға мүмкіндіктері болмай отыр. Ал егер мемлекетте билік басында авторитарлық режим отырса, онда ахуал мұнан да қиындай түседі – бұл әсіресе БАҚ-та көкейкесті мәселені сөз ету, саяси билік орындарына сайлану секілді және т.б. мәселелерге байланысты боп отыр.

АЗЫҚ-ТҮЛІК БАРШАҒА ЖЕТКІЛІКТІ БОЛСА ДА, АДАМДАР ТОЙЫП ТАМАҚ ІШЕ АЛМАЙДЫ ЖӘНЕ АШТЫҚТАН КӨЗ ЖҰМУДА

Ас-су, тамақ жетіспеуі бүкіләлемдік мәселеге айналып отыр – қазір әлемде миллиардтан астам адам ашаршылық шеңгеліне іліккен күйде тіршілік етіп жатыр. Жыл сайын аштықтан миллиондаған адам өледі. Сонымен қатар, кей сарапшылардың пікірінше, Жер бетінде бар азық-түлік қоры әлемдегі барлық адамды тамақпен толық қамтамасыз ететіндей, тіпті 10 пайыз артылып қалатындай мөлшерде көрінеді.

Дағдарыс салдарынан Қазақстанда тұрғындар шығындарын барынша үнемдеп, негізінен ас-суға жұмсауға көшкен сыңайлы.

ЖҰМЫС ІЗДЕП ӨЛІМГЕ КЕЗІГУ

Дағдарыс салдарынан әлем бойынша компаниялар мен өнеркәсіп орындарының банкроттығы мен өндіріс көлемінің мәжбүрлі түрде қысқаруы жұмыссыздар санын көбейтті. Соның ішінде, жұмысшы-мигранттар да ауыр халге түсті.

«Амнести Интернешнл» ұйымының мәліметіне қарағанда, әлемдік экономиканың тұрақты дамуы кезеңінде жұмысшы – мигранттар өз отандарындағы отбасыларына жылына орта есеппен 200 миллиард доллар мөлшерінде ақша аударып отырған. Бұл халықаралық деңгейде даму үшін бөлінетін мемлекетаралық қаржыдан екі еседей көп.

Дағдарыс кесірінен жұмысшы – мигранттар шетелге көп кететін ең кедей елдердің тұрғындары қатты қиындық көруде, олардың қатарына: Бангладеш, Филлипин, Кения т.б. елдер енеді. Дәл осындай ахуалды Қазақстанмен көрші мемлекеттерден – Өзбекстан, Қырғызстан мен өзгелерден де байқау қиын емес.

Ал жұмысшыларды импорттайтын елдер жұмысшы – мигранттарды елге ендіруге қатысты заңдар мен ережелерді қатаңдатып жатыр. Баяндама авторы Ирене Хан, Жерорта теңізінен жасырын қайықпен жүзіп өтіп, Испанияда жұмыс табам деп теңіз толқынына батып кеткен солтүстікафрикалықтардың талайы жатқан моланы көзімен көргенін әңгіме етеді. Ол мола Канар аралындағы Тенерифеде екен. Ал Испан еліне жұмыс табу үшін ресми рұқсат алып кіру Африка тұрғындары үшін қазір тіпті орындалмас арман боп қалуда.

РЕЦЕССИЯ ТҮБІ РЕПРЕССИЯҒА ҰЛАСА МА?

Айтары жоқ, экономикадағы дағдарыс бұл оған ұшыраған әр үкімет үшін сынақ болып табылады. Егер бұл үкімет авторитарлық үкімет болса, онда халық арасында мұндай үкіметке қарсы наразылық сөзсіз өршиді әрі билікке қоғам тарабынан қысым да өспек. Егер билік қарамағында халық мұқтажын өтер материалдық ресурстар жеткіліксіз боп, халықтың билікке бағынудан таюының ықтималдығы өссе, онда мұндай үкімет репрессияларға баруы мүмкін.

Экономикадағы қиыншылық кезінде және осы себептен қоғамдық қатынастардың күрделеніп кеткен мезеттерінде, төзімділік пен жариялылыққа ден қойған дұрыс, сонда, әлеуметтік қиын ахуал тудырған ашу-ыза мен наразылықтың қуат-кернеуін сындарлы диалог арнасына, мәселенің оң шешімін табуға бағыттауға жол ашылмақ, делінген баяндамада.

«Амнести Интернешнл» сонымен қатар, авторитарлық режим орнаған елдерде интернетке мемлекет тарапынан бақылау қоюдың күшейіп отырғанына назар аударады. Аталған ахуалға қатысты, «Амнести Интернешнл» келесідей тұжырымға келеді:

«Биліктің есеп беруін талап ету құқығына ие азаматтардың болуы – бұл үкіметтің өз міндетін лайықты деңгейде атқаруының ең күшті кепілі. Үкімет экономиканың дұрыс дамуын қалпына келтіру жолдарын табуға тырысып жатқан кезеңде, бостандық – оны жаншып емес, ынталандырып отыру қажет құндылық болып табылады».

Баяндама соңында, «Амнести Интернешнл» биыл «Қадірлеуді талап етейік!» деген ұранмен жаңа кампания бастайтынын жария еткен.

Ұйымның айтуынша, бұл бастама аясында, ұлттық және халықаралық аумақта кедейлікке бастайтын әрі оны күрделендірер нәтижелерге әкелген адам құқығын аяқ асты етушілерді жауапқа тарту шаралары қолға алынбақшы.

«Біз қайыршылықты еңсеру үшін кедейшілікте өмір сүрушілер даусын талқылаулар ортасына жеткіземіз. Сонымен қатар, кедейлер өміріне тікелей ықпал етер шешімдер қабылданғанда, бұған олардың да белсенді қатыса алатын болуын табанды түрде талап ететін боламыз», делінген баяндамада.

ҚАЙЫРШЫЛЫҚТЫ ЖОЮ ҮШІН БЕС МӘСЕЛЕНІ ШЕШУ ҚАЖЕТ

«50 жыл бұрын ар – ождан тұтқындарын азат етуді талап ету үшін «Амнести Интернешнл» құрылған еді. Енді біз қайыршылық тұтқындары өз өмірлерін игі ахуалға айналдыра алуы үшін (оларды) «Қадірлеуді талап ететін боламыз!», - деп мәлімдейді Ирене Хан баяндамада.

Қайыршылық мәселесі сөз боп жатқандықтан, осы мәселені бүкіләлемдік деңгейде шешудің 5 әдісін айта кетейік. Ол әдістер 5 мәселені шешумен байланысты. Білгір сарапшылар пікірінше, бұл мәселелер келесідей жүйеленеді (бұлар қайыршылық ахуалда өмір сүрушілердің өмірін аман алып қалу үшін өздерінің маңыздылығы бойынша ретке келтіріле берілді):

Аштық, тамақ жетіспеуі мәселесі. Сапалы дәрігерлік қызмет көрсету мәселесі. Баспанамен қамтамасыз ету мәселесі. Білім беру мәселесі. Адамның лайықты өмір сүруіне мүмкіндік беретін экологиялық ортада өмір сүру мәселесі.

Аталған мәселелерді әлемдегі мемлекеттердің күш біріктіре отырып шешуі бүкілдүниежүзілік ауқымда қайыршылық пен кедейшілікті еңсерудің бірден – бір жолы болып табылады.
XS
SM
MD
LG