Accessibility links

Тіркеу тәртібі күшейтілмек


Шаңырақ тұрғындары жер телімдерін тіркеуге қатысты арыз айтып тұр. Алматы, 28 наурыз 2009 ж.
Шаңырақ тұрғындары жер телімдерін тіркеуге қатысты арыз айтып тұр. Алматы, 28 наурыз 2009 ж.

Таяуда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне «Халықтың көші-қоны» туралы заң жобасы келіп түсті. Бүгінде қалың көпшілік осы заң жобасын талқылауда. Заң жобасы ішкі, сыртқы көші-қон үрдістерін реттеу мақсатында дүниеге келіп отыр.


ІШКІ КӨШІ-ҚОНДЫ ТІРКЕУ ТӘРТІБІН ЕНГІЗУ КІМГЕ КЕРЕК?

Осы заң жобасының 3-бөлiмi iшкi көшi-қонды реттеуге арналыпты. Оның 57-бабының 2-тармақшасы тiркеу мәселесiне арналған. Онда «бұрынғы тiркелген жерiнен есептен шыққан күнiнен бастап, 15 жұмыс күнiнiң iшiнде мемлекет аумағындағы тұрғылықты жерi бойынша тiркелуi мiндеттi. Бiр елдi мекенде тiркеуi бар және 30 күнтiзбелiк күнге дейiн өзге елдiмекенде жүрген адамдар тұрғылықты жерiнен есептен және әскери есептен шықпай-ақ, тiркеле беруiне болады. 58-баптың 3-тармақшасы бойынша, iшкi көшiп-қонушылар уақытша тұрған орнында 15 жұмыс күнi iшiнде тiркелуге мiндеттi. Тiркеу кезiнде Қазақстан Республикасының заңнамалық негiзiндегi белгiленген мөлшерде мемлекеттiк баж салығы салынады. Тiркеудiң тәртiбiн Қазақстан Республикасының үкiметi айқындайды» делiнген. Бұл жайында бізбен кездесуінде Парламент депутаты Уәлихан Қалижан мәлім етті.

Бұл ішкі көші-қон үрдістерін реттеудің орнына одан әрі ушықтыра түседі дейді сарапшылар. Алматыдағы ең проблемасы мол Алатау ауданында тұрақты тіркеу былай тұрсын жерлері мен үйлерін заңдастыра алмай жүрген отбасылардың саны Алатау ауданы әкімшілігінің ресми есебі бойынша 6 мыңға жуықтайды. Ал, қоғамдық ұйымдар бұл санды бұдан әлдеқайда көп деп отыр.

«Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Асылбек Қожахметов Алатау ауданындағы заңсыз нысан иелерінің саны әлі нақты емес деген ой айтады.

- Біздің есебімізі бойынша, 8 мың адам бар, ал кейбіреулер бұл санды 16 мыңға жеткізіп жүр. Тағы біреулердің есебі 40 мыңға жетеді. Былтыр заңсыз салынған нысандардың 2000-ға жуығы заңды құжатқа ие болды.
Маржан Балбаева, Алатау ауданы әкімінің орынбасары

Алматы қаласы Алатау ауданы әкімінің орынбасары Маржан Балбаева қазір бұл отбасылардың 3 мыңға жуығы мемлекеттік жер актісіне ие болды дейді.

- Алатау ауданы құрылған кезде, 4523 отбасы бар деп инвентаризация жасағанбыз. Қазір 5000-нан астам отбасы құжаттарын тапсырып, 3000-ға жуығы қажетті құжаттарын алды.

Бірақ, бұл отбасылар жер актісіне ие болса да, тұрақты тіркеуге әлі қол жеткізе алмай отыр. Оның себебі үй жайының құжатының әлі рәсімделмеуі. Маржан Балбаева қолында мемлекеттік жер актісі бар адамдарды Алатау ауданы әкімшілігіне тіркеуге алатындықтарын жеткізді.

- Біздің әкімшіліктің ғимараты өз балансымызға өтті. Сөйтіп, біз мемлекеттік жер актісіне ие болғандарды осы ғимаратқа тіркеп жатырмыз, - дейді ол.

ОРАЛМАНДАР ҚАЙДА ТІРКЕЛЕРІН БІЛМЕЙДІ

Дегенмен, Алатау ауданындағы заңсыз нысандардың ішінде заңдастыруға жатпайтын үйлер де бар екен. Қытайдан қоныс аударған Бақытбек Мәсіпханұлы тұрақты тіркеуінің жоқтығынан көресіні көріп жүргенін айтады.

- Қазақстанға келгеннен кейін тіркеу деген проблема алдымыздан шықты. Азаматтық алу үшін тіркеу керек. Әйелің жүкті болу үшін тіркеу керек, балаң дүние есігін ашу үшін тіркеу керек, баламыз мектепке баруы үшін, оқуға түсуі үшін, ауруханаға қаралу үшін, қойшы әйтеуір аттап бассаң тіркеу алдыңнан шығады. Алматыда дүниеге келген қызыма туу куәлігін алдым, бірақ, оған төленетін әлеуметтік жәрдемақыларға қол жеткізе алмадым. Көші-қон квотасын ала алмадым, себебі тіркеусіз жүрмін.

Бақытбек Мәсіпханұлы «Шаңырақтағы» «Тұйық сай» аталатын жерге 31 отбасы заңсыз үй салып алғандарын айтады, келесі Ащыбұлақ сайында тағы 16 отбасы бар. Бұның барлығы алыс-жақын шетелдерден көшіп келген оралмандар. Қытайдан қоныс аударған Мүлікұлы Өтей 8 баласымен келіпті. Осында келгелі туған екі немересінің туу туралы куәлігін әлі алмай жүрген көрінеді.
Қарсылық митингісіне шыққан Шаңырақ тұрғыны. Алматы, 23 шілде 2009 ж.

- «Ұлжандағы» әкімнің есеп беру жиынында Алатау ауданының әкіміне де бетпе-бет кездесіп, тілдескен едік. Ол кісі Ащыбұлақ сайын жақсы білмейтіндігін айтып, келіп көруге уәде берген. Бірақ, әлі күнге дейін қарасын көрсете қойған жоқ. Біздің талабымыз осы сайды келіп көріп, нақты бір жауабын берсе. Ащыбұлақ сайының басы тұйық, Үлкен өзен емес, Рысқұлов көшесімен шектеліп қалады екен. Ол жерде судың қаупі онша керемет емес. Барлық мәселе тіркеуге келіп тіреліп тұрғандықтан, біз көші-қон квотасына да ене алмадық. Осында келген соң туған екі немерменің де туу туралы куәлігін ала алмай жүрміз.

Су қорғау аймағы мен газ аймағындағылардың мәселесі бүгін ертең шешіле қоймайды дейді Маржан Балбаева

- Су қорғау және газ қорғау аймағындағы және ЛЭП-ке жақын орналасқан үйлердің мәселесі бүгін-ертең шешіле қоймайды. Осы проблемалы зонада 1500-дей отбасы бар екен. Ең әуелі заңдастыруға жататын үйлердің мәселесін бітіріп алайық. Содан кейін осы отбасылардың мәселесіне көшеміз. Бәлкім, бұл проблеманы шешуге көмектесуін сұрап қала әкіміне хат жазамыз. Мүмкін басқа жерден жер телімін бөліп беруге көмектесетін шығар.
Гүлсара Алтынбекова, Алматы қаласы көші-қон департаментінің басшысы

Ал, оралмандардың қалада тұрақты тіркелу мәселесіне Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Көші-қон комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің төрайымы Гүлсара Алтынбекова былай уәж айтады:

- Тұрақты тіркеу мәселесі келушілердің өз мойнында. Тарихи отанына оралу деген – туған-туыстарын сағалап келу деген сөз. Осы жердегі туған-туысқандары оларды кепілдікке алуы керек. Ал, ешкімі жоқ адамдарға көші-қон басқармалары «Нұрлы көш» бағдарламасы арқылы ғана көмектесе алады. Онда ол Алматы мен Астанадан алыс қалаларға көшіп келуі керек. Үкімет жағынан тұрақты тіркеуге бөлінген ақша жоқ. Ол жағынан еш көмектесе алмайды.

Бірақ, заңдастыруға жатқызылған жерде отырған отбасылардың да көбі құжаттарының екі жыл бойы заңдастырылмай жатқандығын айтады. Мырзабек Ақайбек те Қытайдан келген оралман, ол кісі тіркеудің жоқтығынан ұлын жұмысқа тұрғыза алмай жүргендігін айтады.

Ал, Байбесік ауылының тұрғыны Тоқтагүл Кәмелбек ауданы әкімі бұндағы заңсыз құрылыстардың заңдастырылатыны жайында уәде бергендігін жеткізді.

Байбесік ауылын тұрғызуға мұрындық болған оралмандардың «Асар» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Қайрат Бодаухан бұл сөзді растап отыр.

Қазір Қазақстан парламенті мәжілісінің қоржынына түскен «Халықтың көші-қоны туралы» заңы осындай түйткілдерді көлденең тартады. Ал, оның нақты заңға айналу-айналмауы үшін көпшіліктің талқысы керек.
XS
SM
MD
LG