Accessibility links

Азиядағы қауіпсіздікке терроризм ғана емес, құрылыстағы дағдарыс та әсер етеді


Астанада Азиядағы ынтымақтастық диалогына қатысушы елдердің Сыртқы істер министрлерінің кеңесі өтіп жатыр.

Бұл Астанада өтіп отырған АЫД елдері Сыртқы істер министрлерінің жетінші мәжілісі. Биыл Қазақстан АЫД-ның төрағасы болып отыр. Кездесу барысында мәмілегерлер Диалог шеңберіндегі Азия ынтымақтастығына қатысты маңызды мәселелер, нақтырақ айтқанда, энергетика мен азық-түлік қауіпсіздігі, көлік қатынастары, қаржы және ақпараттық технологиялардың дамуы мәселелерін талқылауда.
Сонымен бірге, бүгін Астанада ««Қазіргі кезеңдегі мәселелер және қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қосқан Қазақстан үлесі» деп аталатын халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болды. Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің ұйымдастыруымен өткен бұл конференцияда ғаламдық терроризм қаупі, есірткі тасымалы, әлемдік қаржылық дағдарыс, экстремизм және басқа да ғаламдық мәселелер туралы әңгіме болды.
Солтүстік Кавказ мәселелерін насихаттаушы, редакциясы Чехияның астанасы Прагада орналасқан Саucasustimes.com ақпарат агенттігінің құрылтайшысы және бас редакторы, журналист Ислам Текушев Азаттық радиосының тілшісіне конференцияда аймақтағы табиғи ресурстарды бөлу мәселесіне баса назар аударылды деп хабарлады.
Конференцияға қатысушы Ресей, Франция, Түркия, Чехия және Қазақстан өкілдері ғаламдық экономикалық дағдарыс ахуалы тұрақсыз мемлекеттерге көбірек қауіп төндіреді, әлеуметтік қиындықтарды күшейтеді деп санайды. Сарапшылардың пікірінше, мұның барлығы потскеңестік кеңістікте жаңа жанжалдар туғызуы ықтимал. Конференцияға қатысушылар Оңтүстік Осетияның жағдайына ерекше тоқталды. Оңтүстік Осетиядағы соғыс Орта Азия елдерінің өз аймақтарындағы қауіпсіздік мәселелеріне басқаша қарауды ескертті.
Сондай-ақ, Ислам Текушевтің пікірінше, әлемдегі экономикалық дағдарыс Орталық Азия елдерін тұралатуы мүмкін. «Батыстың көмегінен бас тартып, Ресейге иек артып отырған, сөйтіп Қазақстанды энергетика саласында қыспаққа алмақшы болған Өзбекстан жалғыз қалуы мүмкін. Ресей әрқашанда өз серіктестерінің сенімін ақтамауымен ерекшеленген ел. Ол Орталық Азияда инвестициялық келісімдерге қол қойғанымен, оны орындамай, өзін «шөп қорыған ит» секілді көрсетіп отыр», — дейді Ислам Текушев.
Сонымен бірге Ресейдің құрылыс нарығындағы дағдарыс өзбек, қырғыз, тәжік жалдамалыларын жұмыссыз қалдыруы мүмкін. Бұл өз кезегінде Орта Азия елдеріне қаржының құйылуын тежейді. ТМД елдерінің, әсіресе, Орталық Азияның алдында тұрған бұл мәселелерді шешу кешенді түрде қарастыруды керек етеді.
XS
SM
MD
LG