Accessibility links

Грузия ТМД-ның құрамына соңғы болып кіріп, бірінші болып кетпек


Бейсенбі күні достастық мемлекеттерінің сыртқы істер ведомства басшыларының Бішкекте өткен басқосуында Грузияның келесі жылдың тамыз айында ТМД-ның құрамынан шығатыны белгілі болды.

Әрине, бұл мемлекеттің достастық елдерінің құрамынан кететіндігі осының алдында да айтылып жүрді. Үстіміздегі жылдың тамыз айында болған Кавказдағы соғыстан соң, Грузияның басшылығы осы жағдайды ресми түрде мәлімдеген еді. Ал кеше Бішкекте бас қосқан аталған ұйымның сыртқы істер министрлері бұл мәселеге байланысты кейбір техникалық шешімдерді мақұлдады.

Әсіресе, осы жағдайға орай, Ресейдің көптеген басылымдары түрлі көзқарастағы мақалаларды жарыққа шығарды. Тіпті, солардың кейбірінде Батыс пен АҚШ-қа арқа сүйеп отырған Михаил Саакашвилидің Оңтүстік Осетия мен Абхазияны өзінің қол астына алған Кремльге ғана емес, тамыз айында болған соғысқа байланысты Ресейдің сөзін сөйлеген ТМД-ның құрамындағы мемлекеттерге де өкпесі қара қазандай деп айтылды.

Ұлттық зерттеу институтының директоры Бөріхан Нұрмұхамедов те, Грузияның ТМД-ға деген реніші бар болса, онда оның орынды екенін айтты. Саясаттанушының сөзіне қарағанда, достастық мемлекеттерінің құрамындағы Ресей Грузияның тұтастығына қарсы агрессия танытқанда, басқалары Мәскеуге қолдау білдіріп, Тбилисиден теріс бұрылды.

-Менің көптеген әріптестерім ТМД-ны президенттердің клубы деп атайды. Солардың сөзімен айтар болсақ, бұл клубтың кейбір мәселелерге қатысты ықпал ететінін жоққа шығармаймын. Бірақ, оны аймақтық интеграциялық ұйым деуге келмейді. ТМД аясында мәселен, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ҰҚКҰ, ЕурАзЭС, Орталық Азия және Ресей-Белоруссия сияқты ұйымдар бар. Осы аталған ұйымдар нақты бір істермен айналысады. Ал ТМД Кеңес үкіметі қирап жатқанда, оның құрамындағы мемлекеттердің жанжалсыз бөлінуі үшін әдейі құрылды. Грузияның достастық мемлекеттердің құрамынан кетуінде саяси астар басым. Оны жоғарыда атап өттім. Бірақ, бір нәрсені ескеруіміз керек, ТМД кеңістігіндегі көпжақты келісімдерден гөрі, екі жақты қарым-қатынастар анағұрлым дамыған. Сондықтан да, Грузияның болашақта осы ұйымның құрамындағы мемлекеттермен достық, экономикалық, саяси келісімдерін одан әрі жалғастыра беруге мүмкіндігі бар. Грузияның ТМД-дан бөлінуіне оның өзіне және осы құрылымға да ешқандай экономикалық, әлеуметтік кері әсері болмайды-деді ол.

Бішкектегі басқосу кезінде Ресей мемлекетінің Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Грузияның қадамын тәуелсіз мемлекеттің шешімі деп бағалады. «Дегенмен, осы жағдайға байланысты өкініш білдіруге болады. Өйткені, ТМД-ның ынтымақтастығынан ешкім ұтылып жатқан жоқ»- деді ол. С.Лавровтың сөзіне қарағанда, Грузияның достастық елдерінің құрамынан бөлінуінен ешқандай кері әсер болмайды. Сондай-ақ, ол «соңғы жылдары Грузияның қатысуы консолидациядан гөрі, ТМД-ның құлдырауына бағытталған болуы керек» - деген сөз айтты.

Әңгіменің арқауы болып отырған ТМД-ның тарихына көз жүгіртер болсақ, ол 1991 жылы Беларуссия, Ресей және Украина республикаларының бастамасымен құрылды. Дәл қазіргі уақытта оның құрамында жоғарыда атаған мемлекеттерді айтпағанда, Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия , Қырғызстан, Молдова, Тәжікстан және Өзбекстан бар. Бұдан бөлек, ассоцияциялық мүше ретінде Түркіменстан да кіреді.
Тоқсаныншы жылдардың басында посткеңестік мемлекеттердің басым бөлігі ТМД-құрамына өтіп жатқанда, Грузия әліптің артын бағып, біраз уақыт бойы басқалары жасап жатқан шешімге тәуекел етпей отырды. Тек 1994 жылы ғана бұрынғы Кеңес Одағының құрамындағы соңғы мемлекет ретінде ТМД-ға қосылды. Егер де, Грузия өзінің шешімін орта жолда өзгертпейтін болса, ол ТМД-ның құрамына соңғы болып өтіп, бірінші болып шыққан мемлекет ретінде қалады.

Айта кететін бір мәселе, бүгін Бішкекте басталған ТМД-ның саммитіне Украина президенті Виктор Ющенко да келген жоқ. Ресейлік ақпарат құралдарының таратқан мәліметіне қарағанда, Ющенко іс-сапармен Италияда жүр. Бұдан басқа, оның Бішкек саммитіне келмеу себебін, 7-ші желтоқсан күні өтетін Жоғары Рада сайлауына дайындық жүргізуімен байланыстырған. Ресми Мәскеу Киевтің ТМД-ның құрамынан шығатындығына байланысты өтініш бермегендігін мәлімдеді.

Ал қазақстандық сарапшылар болса, Виктор Ющенконың Бішкекке келмеуінен саяси астар іздеп әуре болудың керегі жоқ деп айтты. Саясаттанушы Нұрлан Айдын кезінде ТМД басшыларының кездесуіне Түркіменстанның бұрынғы президенті марқұм Сапармұрат Ниязовтың да қатыспағандығын сөз қылды. «Сондықтан да, Ющенконың бүгін басталып жатқан саммитке келу-келмеуі анау айтқандай маңызды рөл ойнамайды. Себебі, ТМД - ның құрамындағы мемлекет басшыларының үстел басында бас қосып, ананы-мынаны ғана әңгімелейтін беделі жоқ ұйым. Оған үлкен маңыз берудің керегі жоқ» - деді ол Азаттық радиосына берген сұхбатында.

Осы жағдайларға байланысты Грузия мен Украинаның елшіліктеріне және Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметіне хабарластық. Бірақ, олардан жауап алудың мүмкіндігі болмады.
XS
SM
MD
LG