Accessibility links

БТА-ның АҚШ банкроттық заңнамасы арқылы қорғану әрекеті сәтсіз аяқталды


БТА банк ғимараттарының бірі. Алматы, 2 ақпан 2009 жыл
БТА банк ғимараттарының бірі. Алматы, 2 ақпан 2009 жыл

БТА банкі америкалық банкроттық заңнаманы шетелдік сотта қаралып жатқан өзінің ісінде қорғану үшін қолданбақ болған. Алайда АҚШ-тың федералдық сот қазысы өз шешімі арқылы банктің бұл өтінішін қанағаттандырудан бас тартты.


АҚШ БАНКРОТТЫҚ СОТЫНЫҢ СОҢҒЫ ШЕШІМІ

"Соттың жоғарыда айтылған шешімі халықаралық ауқымдағы банкроттық туралы істерде АҚШ-тың банкроттық жөніндегі сотының құзіретін шектейді" деп жазады «Уолл-стрит джорнал».

Манхэттендегі АҚШ-тың Банкроттық жөніндегі Федералдық сотының қазысы Джеймс Пек БТА банкінің америкалық банкроттық заңнаманың «автоматты түрде тоқтату» туралы бабын қолдану туралы өтінішін қабылдамады. Мұндай өтінішті банк өзін Швейцарияда жүріп жатқан сот ісінде қорғау үшін берген екен.

«Автоматты түрде тоқтату» туралы бапты қолдану несие берушілерге банкроттық туралы сотта іс қозғалғаннан кейін қарызгерден борышын қайтарып, оның мүлкін тұтқындауға тыйым салады. Бір көңіл аударатыны, мұндай істер жүзеге асырылып жатқан банкроттық рәсімімен тіке байланысты болмауы қажет. Бұл бап сотқа банкроттық рәсімінің басталғаны жөніндегі мәлімдеме түсе салысымен, дереу күшіне енеді.

«Заңды бұлайша түсіндіру американдық банкроттық жөніндегі сот жүйесін түбірімен өзгертер еді» деп мәлімдеді аталған жайтқа байланысты сот қазысы Джеймс Пек. Бұның нәтижесінде, аталған құзіретті орын «дүние жүзі бойынша сот ақпаратын жинау, сұрыптау және жіктеу жөніндегі ұйымға» айналар еді. Және де, осының нәтижесінде, АҚШ соты бұл елмен болмашы ғана байланысы бар фирмаларға қатысты жүріп жатқан шетелдік сот процестерінің одан әрмен жалғаса беруге құқығы бар ма, жоқ па соны анықтап отыруға тиісті болады екен.

БТА банкінің өкілдері сот қазысы Джеймс Пектің америкалық банкроттық жөніндегі заңнамасының 15-ші тарауының негізінде бұл банкті АҚШ-та қорғауға алу туралы шешімі банкке артықшылық берді деп мәлімдеген болатын. Яғни олар, банк «автоматты түрде тоқтату» туралы бапты қолдана алады деген мәлімдеме жасады, ал бұл аталған банктің қарызын қайтару жөніндегі сот істерін тоқтатып тастайды. Джеймс Пектің бұл бұрынғы шешімі былтыр Тұран Әлем банкі Қазақстанда қайта құрылымдау, яғни реструктуризациялау процесін басынан өткергеннен кейін қабылданған еді.

БТА БАНК ПЕН ОНЫҢ МИЛЛИОНДАРЫ

БТА банкінің арызын қабылдамай тастаған шешімінде сот төрешісі Джеймс Пек «автоматты түрде тоқтату» туралы баптың тек АҚШ территориясында күшке ие екенін білдірді. Алайда шетелде жүріп жатқан сот пен борышкер компанияның АҚШ-тағы мүлкінің арасында «дәлелденген қарым-қатынас» табылған жағдайда бұл шешімнің күші жүрмейді.

Аталған шешім шетелдік фирмалардың америкалық банкроттық жөніндегі заңнамасын жауапкершіліктен құтылып кету үшін қолдануына бөгет қояды. Көптеген фирмалардың банкроттық бойынша АҚШ-қа келіп сотқа жүгінетін себебі, өз елдерінде мұндай заңнама жоқ. Сондықтан басқаша борышын өтеуге дәрменсіз қаржы институты ретінде танылуы мүмкін емес.

БТА банкі мен франциялық Banque Internationale de Commerce банкі арасындағы дау Швейцарияда туындаған еді. Бұл даудың барысында Banque Internationale de Commerce банкінің швейцарлық бөлімшесі БТА банкінің екі бірдей швейцарлық банктегі активтерін тұтқындамақ болған. Banque Internationale de Commerce-тің бұл арқылы көздегені Тұран Әлем банкі өзінен қарыз ретінде алып, қайтармай кеткен 20 миллион доллар көлеміндегі несиесін төлету екен.

2010 жылғы наурыздың 2-сі Нью-Йорктің оңтүстік округының банкроттық бойынша соты қазақстандық банктің реструктуризациялау туралы өтінішін қанағаттандырған еді. Бірақ, швейцариялық арбитражды сот 2010 жылғы щілденің 19-ы франциялық кредитор банктің БТА-дан қарызын қайтару туралы талабын толық қанағаттандырады.

Қазақстандық банк осыдан кейін америкалық банкроттық жөніндегі сотқа қайта арыз беріп, Banque Internationale de Commerce банкін сот шешімін құрметтемегені үшін жауапқа тартпақ болады. БТА банкінің өкілдері француз банкі «автоматты түрде тоқтату» туралы бапты бұзды дегенді тілге тиек етеді.

Әйтсе де, сот қазысы Джеймс Пек Banque Internationale de Commerce банкін сотты құрметтемегені үшін жауапкершілікке тартуға ешбір негіз таппады.

Жоғарыда айтылған он бесінші тарау негізінде, әлемнің басқа түкпірінде банкроттыққа не қайта құрылымдауға ұшыраған шетелдік компаниялар америкалық банкроттық жөніндегі заңнама арқылы қорғана алады.

«БҰЛ АҚЫЛҒА СЫЙМАЙТЫН ЖАЙТҚА АЙНАЛАР ЕДІ»

«Шетелдік борышкердің (оның елінің АҚШ-тан қаншалықты алыс орналасуына байланыссыз) басы дауға қалған әрбір істің барысына араласуы жайлы американ сотына өтініш білдіре беруі орынсыз нәрсе болар еді» дейді Джеймс Пек. Себебі бұл әрекет банкроттық туралы істе кімнің кінәлі екендігі жайлы дәйектерді негізінен шетелдік юрисдикция шеңберінде дәлелдеу туралы заңдық ұстанымға қайшы нәрсе.
Қандай да бір компанияның банкроттығы жайлы істі қарап жатқан шетелдік сот қазысы әлгі борышкерді заңға тарту үшін америкалық банкроттық жөніндегі соттан рұқсат сұрап отырса, бұл «ақылға сыймайтын жағдайға» душар етер еді.

«Ешбір жөні түзу борышын төлеуге дәрменсіз режим АҚШ-тағы банкроттық жөніндегі сотқа мұншама зор экстратерриториалдық билік беріп қоймас еді», деп түсіндіреді сот қазысы Джеймс Пек.

Активтерінің көлемі жөнінен елде екінші орын алатын БТА банкі Қазақстанда өзінің қарызын қайтаруға шамасы жоқ екенін жариялаған болатын. Банк шамамен 12 миллиард долларға тең борышын қайта құрылымдау үшін әртүрлі шара қолданып көрді.

АҚШ-тағы байланыстары тек Нью-Йорктің корреспонденттік банктеріндегі шоттардан тұратын БТА банкі жоғарыда айтылған он бесінші тараудың заңдық аясында өз мүддесін қорғау үшін биылғы ақпан айында өтініш берген еді деп атап көрсетеді «Уолл-стрит джорнал».

Бұл мәселе бойынша ақпарат беруді сұраған Азаттық радиосының тілшісіне БТА банкінің баспасөз қызметі кейінірек хабарласуды өтініп, жауап беруді созбақтап отыр.
XS
SM
MD
LG