Accessibility links

Тағы бір оппозициялық журналист сотқа тартылуда


Жендеттер қолынан қаза тапқан Айдын Халықовтың қарындасы Толқын Халықова
Жендеттер қолынан қаза тапқан Айдын Халықовтың қарындасы Толқын Халықова

«Тасжарған» оппозициялық газетінің тілшісі Гүлжанат Шонабай қылмыстық кодекс бойынша жауапқа тартылып, тергеу амалдары жүргізілуде.

Еңбекшіқазақ ауданы, Малыбай аулының тұрғындары, қазақ және ұйғыр азаматтарының арасында болған жанжалдан қаза тапқан қазақ жігіті Айдын Халықұлына қатысты оқиға ізімен жазылып, «Тасжарған» газетінде жарық көрген екі мақаласы негізінде қылмыстық жауапкершілікке тарту жөнінде журналистің үстінен арыз түсірген Еңбекшіқазақ аудандық ішкі істер басқармасы бастығының орынбасары Шалданбаев екен.
— Осы жазда Малыбай аулында орын алған оқиғаны қоғамдық ұйым өкілдерімен, журналистермен бірге барып, ондағы қазақтардың аянышты халін өз көзімізбен көріп, ауылдағы бас көтерер азамат Айдын Халықұлының қорлықпен өлтірілгенін естіп, ешбір қоспасыз таза шындыққа сүйене отырып мақала жазғанмын.
Арада екі ай өткен соң, маған құқық қорғау қызметкерлері хабарласып, «Сіздің үстіңізден, қазақ халқының ар-намысына тиетін және ұлтаралық татулықты қоздыратын мақалалар жазғаныңыз үшін қылмыстық іс қозғалды»,-деп мені ұйымдасқан қылмыспен күрес бөліміне шақырды. Барсам, Астанадан арнайы келген Ішкі істер министрлігіне қарасты тергеу комитетінің бас тергеушісі Ержан Артықбаев отыр екен. Оның аталған іспен айналысып жатқанына екі ай болыпты.
Маған — «ҚР Қылмыстық кодексінің 164 бабының 1,2 тармағына сәйкес, ұлттық және әлеуметтік араздық пен алауыздықты қоздыруға алғышарт болатын шындыққа жанаспайтын ақпараттар таратқаны үшін», деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалған.
Бас тергеуші Ержан Артықбаев тергеу барысында мені біраз қинады. Адвокат жалдауға қаражатым жоқ екенін айтып едім, өздері адвокат тауып берді. Сонан соң, бас тергеушіні жеке алып шығып, барлық мән-жайды айтып, осындай істі жүргізуден бас тартпайсың ба? деп едім, «Бұл менің қызметім. Әйтпесе, мұндай істі жүргізуге құлқым жоқ» деп айтты,-деді Гүлжанат Шонабай.
Кісі қолынан мерт болған Айдын Халықұлының қарындасы, Толқын Халықова:
— Ағам қайтыс болған кезде облыстардан, Алматыдан көп адамдар келді. Солармен бірге келген Гүлжанат Шонабай бізден сұхбат алған. Біз еш бүкпесіз болған жайды баяндап бергенбіз. Кейін біздің айтқандарымыздың негізінде мақала жарық көрді. Қылмыстық іс соған байланысты болу керек деп ойлаймын.Марқұм ағамның жетісінен соң, сіңлім Ләйлә мен бауырым Айқын екеуі қалаға келгенде, өз еріктерімен «Тасжарған» газетіне барып, сұхбат берген. Оларды да құқық қорғау қызметкерлері жауапқа тартқан болатын. Екеуі өздері куә болған жайды баяндап берген соң босатты.
«Тасжарған» газетіне әзір ешқандай кінә тағып отырған жоқ. Бірақ, газет тілшісінің үстінен қылмыстық іс қозғалған соң, оған газет те қатысады ғой»

«Тасжарған» газетінің бас сарашысы Ермұрат Бапи:
— Дегенмен, сот барысында судья жауапкершілікті екіге бөліп, газетті де қылмыстық іске тартуы мүмкін. Егер бірден газетке айып тағатын болса, халықаралық ұйымдар «Қазақстанда сөз бостандығына қысым жасалынып жатыр»,-деп дабыл қағады. Сондықтан, тілшіні ғана қылмыстық іске тартып, содан кейін газетті араластырып, сөйтіп, «Тасжарған» газетін үлкен қаржылық шығынға батырып я болмаса жауып тастау туралы ойлары болуы әбден мүмкін.
Тергеуші Ержан Артықбаев тергеу амалдары жүріп жатқандықтан аталмыш қылмыстық іс жөнінде қандай да бір түсініктеме бере алмайтынын ескертті. Ал, сөз бостандығы мен журналистер құқығын қорғайтын қоғамдық ұйым өкілдері бұл істен бейхабар болып шықты.
XS
SM
MD
LG