Үкімет басшылары кеңесінің келісімін ақпарат құралдарына мәлімдеген Ресей Федерациясының премьер-министрі Владимир Путин инфрақұрылым саласына инвестиция тарту жолдарына аса мән бердік деді. Ол әсіресе жоғарғы технологияларды өндіру саласына, энергетика, құрылысты дамыту жобаларына ақша құю жағын талқылағандықтарын айтты.
"Бұл тұрғыда ШЫҰ-ға мүше елдерге Қытай көмек қолын созатынын айтып отыр. Біз Қытай үкімет басшысы Уэн Цзябаоның бұдан былай ұйымға тұрақты қатысамыз деген ұсыныстарын қолдап, ризашылығымызды білдіреміз", - деді Владимир Путин.
Астанаға алғаш рет ат басын тіреген Қытай халық республикасының үкімет басшысы Уэн Цзябао әлемде болып жатқан, оның ішінде әсіресе АҚШ-тағы дағдарысты жіті бақылап отырғанын жеткізді. Әзірге қаржылық күйзелістің салқыны тие қоймаған Қытай Шанхай ұйымына мүше елдерге көмек қолын созуға әзір екендігін де айтты.
"ШЫҰ-на мүше елдердің ірі экономикалық жобаларын жүзеге асыру үшін біз төмен пайызбен несие беруге әзірміз. Сонымен бірге Шанхай ұйымын дамыту үшін құрылатын қорға алғашқы жарнаны біз төлеуге дайынбыз, Қытай жауапты мемлекет", - деді Уэн Цзябао.
Қытай елінің аталмыш ұйым аясындағы сауда-саттығы бүгінде 56 млрд. долларға жетіпті. Уэн Цзябао 2010 жылға дейін бұл көрсеткішті 100 млрд. долларға дейін көтеріміз деген сенімде. Ал ұйымға өздерінің "ШЫҰ жолдарының ақпараттық жүрдек жолы" деген жобасын ұсынып отыр. Бұл бағдарлама сауда-саттық қарым-қатынаста автокөлік жолдарын жақсартуға септігін тигізеді дейді.
Ал Қазақстан тарапы да Қытайдың бастамасына ұқсас "Батыс Қытай - Батыс Еуропа" деп аталатын халыкаралык автокөлік тасымалының дәлізі" деген жобаны алға тартты. Қазақстанның Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов Қытайдан Қазақстанға, Қытайдан Орталық Азияға, Қытайдан Ресейге, одан Батыс Еуропаға апаратын бұл дәліз әлемдік көлік тасымалы жүйесіне айналушы еді дейді.
Кәрім Мәсімов сонымен бірге Шанхай ұйымы аясында Энергетикалық клуб құру жөніндегі бастамаларының да күн тәртібінен түспегенін де айтты. Бұл тұрғыда ұйым аясындағы мұнай құбырлары Ортақ энергетикалық кеңістік құруға негіз бола алады деді. Қазақстан жағы сондай-ақ Қырғызстанда, Қытайда орын алған табиғи апаттарды ескере отырып, ШЫҰ аясында Төтенше жағдайлар жөніндегі орталық құрсақ деген ойды да ортаға салды.
Шанхай ұйымына қатысушы елдер Ауғанстан жайын да сөз етті. Бұл елге көмек көрсету үшін арнайы Кеңес құру мәселесін көтерді.
Айтпақшы, ШЫҰ-ға мүше елдер экономикалық дағдарыстан шығу үшін өзара банктер арасындағы қарым-қатынасты да дамытуымыз керек деді. Тіптен Қытай мемлекеті қараша айының басында аталмыш елдердің банк басшыларын өздеріне шақырып отыр.
Шанхай ынтымақтастық ұйымы 2001 жылы «Шанхай бестігі» негізінде құрылған-тын. Бүгінде бұл ұйымға Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Тәжікстан және Өзбекстан елдері мүше. Ал Үндістен, Пәкістан және Иран елдері бақылаушы дәрежесіне ие.
Астанада бас қосқан Шанхай ынтымақтастығы ұйымына (ШЫҰ) мүше елдердің үкімет басшылары бұл жолы елдерін әлемдік дағдарыстан қалай алып шығу тетігін іздеді. Осы мақсатта өзара қарым-қатынастарының барлық тиімді жолдарын іске асыруға дайын екендіктерін мәлімдеді.
Ұқсас
Жаңалықтар
Көз сала отырыңыз
-
Мәдениет алаңы
"Құтқарушы ақ адам". Орыс қалай қазақты құтқарушыға айналды?