Accessibility links

Мәскеудегі саммитте Кавказ мәселесі талқыланады


Бүгін Ресей астанасы Мәскеуде Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымына мүше елдер президенттерінің саммиті басталды.

Бұл басқосуға қатысушылар негізінен Кавказ аймағындағы тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтауға байланысты мәселені, сонымен қатар, ҰҚКҰ-ның аумағындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі жұмысты одан әрі жетілдіру жайын ең алдымен шағын құрамда, одан кейін кеңейтілген отырыста талқылайды. Және, ҰҚКҰ-ның хатшылығының жұмысына байланысты бірқатар ұйымдастыру және экономикалық-қаржылық мәселелер қаралады.
Осы саммите Қырғызстан өзінің төрағалығын Арменияға өткізеді. Сөйтіп, келесі жылдың қыркүйек айына дейін Армения мемлекеті осы ұйымға төраға болады.
4 қыркүйек күні Мәскеуде өткен ұйымға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің кеңесі Ресейдің Кавказдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты қалыптастыруға байланысты әрекетіне қолдау көрсетті.
Сонымен қатар, министрлер Оңтүстік Осетиядағы оқиғаға байланысты мәлімдеме қабылдады. Онда ҰҚКҰ-ға мүше мемлекеттер Грузияның Оңтүстік Осетияға қарсы әскери күш қолдануының салдарынан бейбіт халықтың зардап шегуіне, Ресейдің бітімгершілік жауынгерлерінің қазаға ұшырауына және ауыр гуманитарлық дағдарысқа соқтыруына қатысты алаңдаушылық білдіретіндігі айтылған.
Көптеген сарапшылар Ресейдің Оңтүстік Осетия мен Абхазияға байланысты қадамына ұйымға мүше мемлекеттердің көзқарасы қандай екені және олардың дауға айналған елдердің тәуелсіздігіне қатысты ұстанымдары осы саммитте анықталатынын айтып отыр. Әзірге әлемде Оңтүстік Осетия мен Абхазияның тәуелсіздігін Ресейден соң тек Никарагуа мемлекеті ғана мойындады. Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымына мүше посткеңестік мемлекеттердің барлығы дерлік Ресейдің Кавказ аймағындағы бітімгершілік әрекеттеріне қолдау көрсетуі - олардың соңғы сөзі емес, дейді саясаттанушы Бөріхан Нұрмұхамедов:
Бөріхан Нұрмұхамедов: Дәл қазір Мәскеу өзін қолдайтын елдерді іздестіруде.
- АҚШ Грузияға 1 миллиард доллар көлемінде қаржылай көмек беретінін мәлімдеді. Одан соң, Еуропалық Одаққа мүше мемлекеттер де Грузияны қолдайтындығын айтып отыр. Тіпті, посткеңестік кейбір елдерге сапар шеккен АҚШ-тың вице президенті Дик Чейни Грузияны шұғыл түрде НАТО-ның құрамына қабылдауды қарастыру керектігі туралы мәлімдеді.
Осының барлығы Ресейдің жүйкесіне тиіп отырғаны айтпаса да белгілі. Дегенмен, Мәскеу де қарап отырған жоқ, ол өзіне қолдау көрсететін мемлекеттерді іздестіруде. Бүгін басталған Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының саммитінде ең алдымен Кавказ аймағындағы мәселелер талқыланады. Осы басқосудан соң, Ресейге қолдау көрсететіндерден бөлек, Оңтүстік Осетия мен Абхазияның тәуелсіздігін мойындайтын мемлекеттердің де аттары белгілі болуы мүмкін
Ресейлік және қазақстандық тәуелсіз кейбір басылымдарда Ресей мен Никарагуа мемлекеттерінің артынан Беларустың да Оңтүстік Осетия мен Абхазияның тәуелсіздігін мойындап қалуы әбден мүмкін екені айтылды. Себебі, таяуда президент Александр Лукашенко Сухуми мен Цхинвалидің тәуелсіздігін мойындауға дайын екенін мәлімдеді.
Ресейлік “РБК daily” басылымының жазуынша, Беларус басшылығының аталмыш екі мемлекеттің тәуелсіздігін мойындауға асықпауына, өз елінде 25 қыркүйек күні өтетін парламент сайлауы әсер етіп отыр. Себебі, Батыстың тарапынан жаңа сайланған парламенттің легитимділігіне байланысты теріс пікірлер көптеп айтылуы мүмкін.
Алматыдағы «Альтернатива» зерттеу орталығының директоры Андрей Чеботарев Беларустың мұндай қадамға баруы әбден мүмкін екенін айтады:
- Беларус онсыз да АҚШ пен Батыс мемлекеттері үшін көзге біткен сүйелдей. Және, Беларус өзін үнемі сынап отыратын Батыстан есе қайтару ретінде Кавказдағы екі мемлекеттің тәуелсіздігін мойындай салуы әбден мүмкін. Соңғы жылдары бұл мемлекеттің Ресеймен де қарым-қатынасы аздап салқындағанын ескерер болсақ, бұл Минск үшін Мәскеудің бұрынғы құрметін өзіне қайтаруға таптырмас мүмкіндік. Ал Беларус пен Грузияның арасында саяси-экономикалық қарым-қатынас бұған дейін де ауыз толтырып айтарлықтай болған жоқ. Сондықтан, Беларус Оңтүстік Осетия мен Абхазияның тәуелсіздігін мойындайтын болса, одан ештеңе жоғалтпайды.
Кейбір сарапшылардың айтуынша, дәл қазіргі уақытта Ресей Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі келісім ұйымына мүше мемлекеттердің қолдауына мұқтаж болып отыр. Бұл туралы ресейлік басылымдар да жазып жатыр. Сондықтан да, Дмитрий Медведев Мәскеудегі саммитте ұйымға мүше басқа да мемлекеттердің басшыларын Ресейді қолдауға үгіттеуі мүмкін.
“РБК daily” басылымы «Ресей премьер-министрі Владимир Путин Ташкентке сапарлап, ол жақта Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовке тиімді болатын бірқатар ұсыныстар жасап кетті. Сондай-ақ, түрлі-түсті революциядан сескенетін Қырғызстанның басшылары да өз территорияларындағы АҚШ-тың әскери базасын шығару туралы әңгіме қозғай бастады. Ал Ресейдің Тәжікстанға құны бір миллиард доллар тұратын қару-жарақ бергенін ескеретін болсақ, ресми Душанбенің Мәскеуді қолдайтыны онсыз да белгілі» деп жазыпты.
Ал қазақстандық кейбір сарапшылар, Ресей тарапынан қанша жерден қысым жасалғанына қарамастан, Қазақстанның Оңтүстік Осетия мен Абхазияның тәуелсіздігін мойындауы екіталай деп есептейді.
Жалпыұлттық социал демократиялық партиясы төрағасының орынбасары Әміржан Қосанов, қиын таңдаудың алдында тұрған Қазақстан басшылығы екі тарапқа да бірдей баға беру тиіс деген пікірде:
- Мәскеуге аттанған президент Нұрсұлтан Назарбаев пен Сыртқы істер министрі Марат Тәжиннің еліміздің сыртқы саясатына байланысты қандай шешім қабылдайтындығын білмеймін. Дегенмен, Қазақстан осы уақытқа дейін сыртқы саясатта көпвекторлылықты сылтауратып, көбінде жалпақшешейлік танытып келді. Әрине, біздің Ресеймен арадағы қарым-қатынасымызды, одан соң, екі елдің арасындағы 3 мың шақырымға жуық шекараны және Қазақстанда тұратын 4 миллион астам орыс диаспорасын ескермеуге болмайды. Десек те, Қазақстанның басшылығы екі мемлекеттің де қателіктерін бетке басып айтуы керек. Сол уақытта ғана біздің мемлекетіміз сыртқы саясаттағы сыннан аман-есен өтеді деп ойлаймын.
XS
SM
MD
LG