Accessibility links

Орхустан от шықпасын


Орхус орталығының кеңсесі. Атырау, 21 мамыр 2010 ж.
Орхус орталығының кеңсесі. Атырау, 21 мамыр 2010 ж.

Бір топ атыраулық мемлекеттік емес ұйым жетекшілері ЕҚЫҰ елшілігінің енжарлығы кесірінен аймақтық Орхус орталығы Орхус конвенциясы мен ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы абыройына нұқсан келтірді деп мәлімдеп, Венаға хат жолдады.


АТЫРАУДАҒЫ ОРХУС ҮЙЛЕСТІРУШІСІН КІМ САЙЛАДЫ?

ЕҚЫҰ өкілдігі жұмысына сенімсіздік білдірген мемлекеттік емес ұйым өкілдері Каспий өңірі бойынша Атырауда былтыр құрылған Орхус орталығы үйлестірушісі қызметіне таңдау күңгірт, әрі күмәнді жағдайда жасалды дейді.

«Табиғи ресурстарды қорғау басқармасының бастығы Еламан Ілиясов үйлестірушіні іріктеу комиссиясына жетекшілік ете отырып, өзі үйлестіруші болып сайланды. Біз бұл жайлы ЕҚЫҰ орталығының басшысы, елші Александр Кельчевский мырзадан сұрағанымызбен ол бұл сұраққа мүлде жауап берген жоқ» деп жазылған шағым хатта.

-Былтырғы желтоқсанда Орхус орталығын ашу туралы меморандумға қол қою кезінде іріктеу комиссиясына тікелей қатысқан адамды ЕҚЫҰ орталықтың жетекшісі етіп қалайша сайлаған? деп сұраған едім Кельчевский мырзадан. Бірақ ол менің сауалыма мән де берген жоқ. Ал Экофоумдағылар бұл саяси шешім болды деп түсіндірді ,- дейді «Глобус» қоғамдық бірлестігі жетекшісі Галина Чернова.
"Глобус" ҮЕҰ жетекшісі Галина Чернова АМӨЗ сөз сөйлеп тұр. 10 желтоқсан 2009 ж.

Г.Чернова – Каспий өңірі аса маңызды аймақ болғандықтан Орхус орталығын осы жерде құрылуы жөніндегі ұсынысты бұрыннан жасап келе жатқан белсенді. Өзін бұрынғы ЕҚЫҰ елшілігімен тығыз қарым-қатынас жасап, бірқатар экологиялық тыңдаулар өткізуге ат салысқандықтан үйлестіруші болмаса да, хатшылық қызметін атқаруға тұрарлық эколог санайды.

Енді Венадан хабар күтіп отырғандарын айтқан ол, егер жан-жақты тексеру қажет деп шешілмесе ендігі 15 күн ішінде немесе бір айда жауап келуі тиіс деп тұспалдайды. Орхус процедураларына сай талап-тілектері мүлде қараусыз қалмайтынына сенімді.

Бұған қоса азаматтық қоғам өкілдерінің мәлімдеуіне сүйенсек, Атыраудағы аймақтық Орхус орталығы мемлекетік және коммерциялық мекемелерден тиісті экологиялық ақпарат алуға қолдау көрсетпейді.

ОРХУС ОРТАЛЫҒЫ ЭКОЛОГТАРДЫ ҚОЛДАМАЙ МА?

«Орхус орталығының зауыттан ақпарат алу уақытын әдейі созуы салдарынан Атырау мұнай өңдеу зауытының бензол шығаратын хош иісті көмірсутекті цехтарының қоршаған ортаға ықпалын бағалау жобасына экологиялық сараптама жасап, қоғамдық тыңдау өткізу туралы біздің жоспарымызды бұзды. Зауыт экологиялық сараптама үшін талап етілген ақпаратты берудің орнына мемлекеттік емес ұйымдардан құрылтайшылық құжаттарды талап етті. Ал Орхус конвенциясына сәйкес тұтас бір ұйым тұрмақ, тіпті бір адамның болса да, қоршаған ортаға байланысты жолдаған сауалына жауап беруі міндетті» делінген Венаға жолданған шағым хатта.

- Орхус орталығы дер кезінде көмектеспегендіктен АМӨЗ-дің жаңа зауытына байланысты қоғамдық экологиялық зерттеулерімізді жүргізе алмадық, - дейді Галина Чернова.

Сонымен бірге олар Консультативтік кеңес мүлде жабық, оның жұмысына бақылау жасауға жергілікті мемлекеттік емес ұйымдар тартылмағандығына да реніш білдіреді. Орхус орталығының қазіргі алынған штаты жергілікті қоғамдық ұйымдардың экологияға байланысты талаптары қолдарына түссе ғана стратегиялық жоспарлары мен тізімдеріне енгізеді. Бұл Орхус орталығының беделіне нұқсан келтіретіне түсінбейтін тәрізді дейді қоғамдық ұйымдар өкілдері.

-ЕҚЫҰ қызметкері Мәдина Ибрашева біздің Орхус орталығы туралы жергілікті азаматтық позицияларымен белгілі болған мемлекеттік емес ұйымдардың пікірлерін жеке амбициялардан туындаған айғай- шу деп бағалады, - дейді «Демос» қоғамдық ұйымы жетекшісі Тоғжан Қизатова.

«Жақын маңда Атырау облысында бірнеше ірі жобалар жүзеге аспақ. Олардың қатарында Солтүстік Каспийдегі мұнай өндіру зауыты, екі мұнайхимия кешені құрылысы, «Теңізшевройл» ЖШС газ өндіру зауытының үшінші кезеңі бар. Бұл жобалар тек қоршаған ортаның сыртқы экологиясына ғана емес, аймақтың әлеуметтік-экономикалық жағдайын да түгелдей өзгертетін болады. Сондықтан біз мұндай адамдарға азаматтық қоғамның аса маңызды сегменті - Орхус орталығын сеніп тапсырып отыра алмаймыз» деп хабарлайды мемлекеттік емес ұйым өкілдері шағым хатта.

Сондықтан жыл аяғына дейін Орхус орталығы қызметкерлеріне байқау жариялап, олардың Орхус конвенциясы туралы білімдерін сынақтан өткізу керек дейді олар. Бұған қоса Батыс Қазақстандағы азаматтық қоғам өкілдері көбірек енгізілген іріктеу комиссиясын құруды, әрі бұл комиссия мүшелерінің Орхус орталығындағы қызметтерді иеленуіне тиым салуды, мемлекеттік емес ұйымдар мен БАҚ өкілідерінен құрылған жаңа Консультативтік кеңес құруды талап ететіндіктерін мәлімдеген.

«ОЛАРДЫҢ ТАЛАПТАРЫ МАҒАН ЕМЕС ЕҚЫҰ-ҒА БАҒЫТТАЛҒАН»

Алайда аймақтық Орхус орталығы үйлесірушісі Еламан Ілиясов ЕҚЫҰ-ның Венадағы штаб пәтеріне Атыраудан жолданған хатты осы орталыққа жетекшілік етуден дәметкен кейбір жекелеген адамдардың амбициясы ғана деп санайтынын айтады.

Бұл жайлы Азаттық тілшісімен арнайы жолыққан Еламан Ілиясов өзінің ашық сайлау жағдайында өткен комиссия шешімімен сайланғанын көлденең тартып, «мені таңдағанда мемлекеттік органдарды жақсы білетін адамды іздеген болар» деген тұжырым жасады.
Еламан Ілиясов, Орхус орталығының үйлестірушісі. Атырау, 21 мамыр 2010 ж.

- Атыраудағы Орхус орталығы Табиғат қорғау министрлігі, облыстық әкімшілік, ЕҚЫҰ орталығы мен Қазақсанның Экофорумы бірігіп төрт жақтан қол қойған меморандум нәтижесінде құрылды. Ал өз басыма келетін болсам, мен қандай нәрсеге болсын байыппен қарайтын адаммын. Менің ол арыз-шағымдарда шаруам жоқ. Өйткені, олардың талабы маған емес ЕҚЫҰ-на бағытталған. Сондықтан өз жұмысымды жалғастыра беремін,- деді даулы мәселе жайлы Еламан Ілиясов Азаттық тілшісіне.

Бұдан бөлек ол сәуірдің 28-інде Атырауда өткен Консультативтік кеңес үстінде мемлекеттік емес ұйымдардың осы мәселені ЕҚЫҰ елшісі Александр Кельчевскийден тағы сұрағанын еске алды.

-Бізге қойылған талаптар шағым хатта жазылғаннан да көп еді. Бірақ бір таң қалатыным, сол кеңестің соңында қабылданған хаттамаға барлығы Орхус орталығы жұмысына қанағаттанатындықтарын айтып, қол қойып кетті. Ал АМӨЗ-дің хош иісті көмірсутекті жобасына байланысты сауал біз үшін алғашқы тәжірибе болды. Олардың заңгерлерімен болған тайталаста жеңіліп қалғанымызбен, бәрібір жобаны қолға алдық, - дейді Еламан Ілиясов.

Алдағы уақытта Венадағы ЕҚЫҰ штабынан қандай жауап келетінін назарымыздан тыс қалдырмаймыз. Ал ЕҚЫҰ қызметкері Мәдина Ибрашева болса, Азаттық тілшісіне саяси ұйым болғандықтан ережелер мен мандатқа сәйкес ешқандай сауалға жауап беруге құқығы жоқ екендігін айтты.

Атыраудағы аймақтық Орхус орталығы 2009 жылғы қыркүйектің 21-інде құрылған. Бұл орталық Қазақстанның батыс аймағындағы Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарын қамтиды. Оның негізгі міндеті – мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам арасындағы экологиялық ақпараттардың қол жетімділігіне мүмкіндік беретін кеңесу, пікірлесу алаңы болу.

Аймақтық Орхус орталығының үйлестірушісі болып Атырау облыстық табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу жөніндегі басқарма бастығы Еламан Ілиясов сайланған. Ал оның орынбасары қызметін «Таң» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Шынар Ізтілеуова атқарып отыр.

Қазақстан Орхус конвенциясын 2000 жылғы қарашада бекіткен. Бұл конвенцияда қоршаған ортаны қорғау мәселелерін көпшіліктің қатысуымен шешуге қатысуға халықаралық-құқықтық актілері баяндалған.
XS
SM
MD
LG