Accessibility links

Дағдарыс қазақстандық металлургияға да әсер етті.«Қазақмыс» акциясының құны бес есе төмендеді


Arcelor Mittal-дың құрамындағы Ленин атындағы шахта
Arcelor Mittal-дың құрамындағы Ленин атындағы шахта

Шетел баспасөзінің жазуына қарағанда, әңгіме акция курстарының төмендеуі, жұмысшылардың жаппай қысқартылуы және еңбек қауіпсіздігінің сын көтермейтіндігі туралы болып отыр.

Таяуда «Қазақмыс» корпорациясы мен ресейлік «Металлоинвест» металлургия комбинатының бірігуі туралы келісімнің жүзеге аспай қалғаны туралы да жазылған еді. Британдық Financial Times келісімнің жүзеге аспау себебін әлемдік қор нарығындағы дағдарыс пен шикізат бағасының төмендеуінен көреді. «Соңғы алты айдағы металл бағасының төмендеп кетуінен өндіруші сектор қатты зардап шекті, бұл өз кезегінде келісімнің жүзеге асуына кесірін тигізді», — деп жазады басылым.
Әлішер Османовқа тиесілі ресейлік «Металлоинвестің» келісімнен бас тартуына себеп болған Лондон қор биржаларындағы «Қазақмыс» акцияларының арзандап кетуі. Кейінгі жылы «Қазақмыс» акциясының бағасы бес есеге арзандап кеткені мәлім болды.
Ресейлік «Ведомости» газетінің мәлімдеуінше, «Металлоинвест» пен «Қазақмыс» келісімінің жүзеге аспағаны белгілі болғаннан кейін Лондонда «Қазақмыстың »акциялары 7,3 пайызға құлдырады, ал компанияның капиталы 2,66 миллиарда долларды құрады.
«Қазақмыстың» ең ірі акционері, директорлар кеңесінің басқарма төрағасы Владимир Ким 45,76 пайыз акцияның иесі, ал атқарушы директор Олег Новачукке 6,53 пайыз акция тиесілі.
Associated Press агенттігі Ресей мен Қазақстанның металл өндірушілері біріккен жағдайда компанияның нарықтық капиталы 50 миллиард долларға жуық ақшаны құрауы мүмкін еді дейді. «Қазақмыс» әлемдегі мыс өндірушілердің қатарында оныншы орында тұр, компания өткен жылы 5,3 миллиард долларға мыс сатты, оның ішінде таза пайда 1,4 миллиард долларды құрайды.
Қазақстандық тағы бір ірі өндіріс орны ArcelorMittal Temirtau компаниясы қиын жағдайларға қарамастан өздерінің инвестициялық жоспарларын мәлім етті. Ресейлік RBC daily басылымы әлемдік болат өндіруші ірі компания ArcelorMittal- дың бөлімі болып табылатын бұл өндіріс орны Қазақстандағы зауыт құрылысына 7 миллиард доллар инвестиция бөлгелі отыр. Бұл жоба жүзеге асатын болса, Теміртаудағы өндіріс күші екі есеге артып, жылына 10 миллионға жуық болат өндіріледі.
Қиын дағдарыс кезінде осындай ірі жобаны жүзеге асыру таңданыс туғызады. «Әлемдік металлургия нарығындағы және Қазақстанның қазіргі жағдайына қарағанда ірі көлемдегі инвестиция бөлу көңілге қонбайды. Оның үстіне қазан айының басында ArcelorMittal Temirtau өндіріс көлемінің 40 пайызға азайғанын айтып, 4200 жұмысшысын демалысқа жібергені туралы хабарлаған болатын, — деп жазады басылым.
ArcelorMittal-дың президенті және негізі акционері, тегі үнді, британдық бизнесмен Лакшми Миттал. Ол Forbes журналының рейтингінде 38 миллиард доллар табысымен бесінші орында тұр.
«Арселор Миттал Теміртау» және «Қазақмыс» компанияларында еңбек қауіпсіздігі саласының жағдайы тым нашарлап кеткен. Тіпті дағдарысқа дейінгі жақсы уақыттың өзінде қазақстандық индустрияны түгелдей иемденген олигарх-миллиардерлер жұмысшылар өмірін жақсарту мен сақтауға лайықты көңіл бөлген жоқ.
Мұндағы жағдайды немістің Rote Fahne News сайты да өте нашар деп бағалайды. «Биыл шахтада 38 адам, металлургия өндірісінде 5 адам қаза болды. Әлемдік денсаулық және еңбек қауіпсіздігі жөніндегі концерннің комиссиясы Қазақстандағы қазанның басында болған отырысында еңбек қауіпсіздігінің жоғары деңгейін қабылдауды талап етті», — деп хабарланған сайтта.
«Қазақмыс» кәсіпорнының да жағдайы жетісіп тұрған жоқ. Өткен аптада France Press агенттігі Сәтпаев қаласындағы мыс кенішінде алты жұмысшының қаза тапқанын хабарлады. Бұл оқыс оқиға кеншілердің жоғарыға көтерілуі барысында болған. «Мұндай жағдайлар кен орындарында бұрынғы Кеңес Одағы кезінде де болып тұратын», — дейді агенттік тілшісі — бұл еңбек жанжалдарының тууына себеп болатын, мысалы қаңтар айында әкімшілік еңбек жағдайын жақсартуға келіспеген кезде «Қазақмыс» шахталарында 300 кенші жоғарыға көтерілуден бас тартып, ереуіл жасаған.
XS
SM
MD
LG