Accessibility links

Долинка түрмесінің бір топ сотталушысына қатысты шешім шықты


АК 159/6 тәртіппен түзеу мекемесі. Қарағанды облысы Долинка елді мекені 21 мамыр 2010 жыл.
АК 159/6 тәртіппен түзеу мекемесі. Қарағанды облысы Долинка елді мекені 21 мамыр 2010 жыл.

12 қарашада Қарағанды қаласының Шахтинск қалалық сотында бір топ сотталушының негізгі жазаларына түрме ішіндегі тәртіпті бұзды деген айыппен тағы бір жыл түрме жазасы қосылды.

Айып тағылғандардың ішінде интернетке тарап кеткен атышулы бейнежазбаның "басты кейіпкері" Евгений Карауш та бар.

- Шахтинск соты, сотталушылар Андрей Корольков, Мұрат Аташев, Валерий Михайлов пен Евгений Карауштарға негізгі жазаларының үстінен әрқайсысын қосымша тағы бір жыл бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарды, - деді Азаттыққа Қарағанды облыстық прокуратурасының баспасөз хатшысы Нұрбек Құсбақов.

Сотталушылар қылмыстық кодекстің 360-бабы бойынша, яғни «қылмыстық атқару мекемесі әкімшілігінің талаптарына қасақана бағынбау» деген айып бойынша кінәлі деп танылды.

Жазаланғандардың бірі Евгений Карауштың анасы Галина Добровольскаяның сөзінше, прокурор сотталушыларға 6 жыл сұрған екен.
Дегенмен, сот олардың өзара сөз байланысып, түрме басшылығына бірлесіп қарсылық көрсетпегендігін негізге ала отырып бір жылдан ғана жаза тағайындаған.

ТӘНІН ТІЛУ - ҚҰҚЫҒЫН ТАЛАП ЕТУДІҢ БІР ЖОЛЫ

Евгений Карауштың анасы Галина Добровольская ұлының өзіне қатысты ұрып-соғу әрекеттеріне, колониядағы санитарлық-әлеуметтік жағдайдың нашарлығына наразылық танытқанын айтады.

- Ұлым тек өз құқығын талап етті. Ал оны сол үшін ұрып-соққан. Оны тыңдайтын құлақ болмаған соң, тәнін тілуге дейін барды, - дейді Галина Добровольская.

Биылғы мамыр айында интернетте Қарағанды облысындағы Долинка түрмесінде мекеме қызметкерінің жазасын өтеушіні соққыға жығып жатқан сәттін көрсеткен бейнетаспа тарап кеткен еді. Көп ұзамай бейнежазбадағы соққыға жығылған тұтқын Евгений Карауш деген болжам шықты. Осы материалдан кейін прокуратура мен құқыққорғаушылар АК159/6 қатаң тәртіптегі түрме жағдайымен танысқан.

Тексерушілердің жасаған қорытындысымен келіспеген бір топ тұтқын маусым айында қарындарын тіліп, ауруханаға түскен еді.
Кейіннен бейнежазбаны әуесқой таспаға түсірген Максим Кожанов есімді тұтқынның жансыз денесі колония ішіндегі санитарлық бөлімде асылып тұрған жерінен табылды. Сол кезде түрме басшылығы даулы бейнетаспаға қатысы болған «сотталушы қосымша жазаға ұшыраудан қорқып өзіне-өзі қол жұмсауы мүмкін» деп жорамал жасаған. Алайда адам құқығын қорғаушылар бұл пікірмен келіспейді.

Қарағанды облыстық прокуратурасы «бейнежазбаға түскен адамдардың бәрі тұтқындардың өздері, олардың біреуіне түрме қызметкерлері таяқ пен қызмет киімін беріп, әртіс қып ойнатқан» деп мәлімдеді.

«ӨЗГЕЛЕРГЕ САБАҚ БОЛСЫН»

Айып тағылғандардың ішінде интернетке тарап кеткен аты шулы бейнежазбаның "басты кейіпкері" Евгений Карауштың анасы Галина Добровольскаяның сөзінше, бұл сот процессі "өзгелерге сабақ болу үшін" ұйымдастырылған.

Ал адам құқығын қорғаушы Вадим Курамшин соттың дәл бүгін шешім шығарғандығына назар аударуды сұрайды.

- Сот процесі алты рет кейінге шегеріліп келді. Мен төрт рет Шахтинскіге барып қатыспақ болғанымда, сот отырысының кейінге қалдырылғандығын айтып шығарып салды. Ал бүгін таңертең ой да жоқта Қарағанды облыстық қылмыстық-ақтару жүйесі департаменті, ресми ақпарат құралдарының барлығын сотқа келуін өтініп, шақырып жатқандығын білдім. Бұл - қылмыстық-ақтару жүйесі департаменті дәл бүгін соттың шешімі шығатындығын алдын ала білгендігін байқатады, - дейді радиомызға Курамшин.
XS
SM
MD
LG