Accessibility links

Диханға операция жасату үшін ата-анасына Израилға баратын жол қаражаты ғана жетіңкіремей тұр


Екі жасар Дихан Торғаев. Отбасылық альбомнан алынған сурет.
Екі жасар Дихан Торғаев. Отбасылық альбомнан алынған сурет.

Туғаннан кемістігі бар Дихан Торғаевтың ата-анасы Израилге баруға дайындалып жатыр. Олар емге қажетті қаржыны жинап үлгерді, 2 желтоқсанда сәбиге операция жасалады. Сол кезде ол өз еркімен тыныс алып, сөйлеуге мүмкіндік алады.

КЕЙІНГЕ ҚАЛДЫРЫЛҒАН ОПЕРАЦИЯ

Екібастұз қаласының екі жасар тұрғыны Дихан Торғаевтың ата-анасы Ғалия және Махамбет Торғаевтар жолға дайындалып жатыр, олар 27 қарашада сапарға шығуды жоспарлаған. Израилге бара салысымен дәрігерлер Диханның денсаулығын тексеруді бастайды екен. Ғалия мен Махамбет Торғаевтар операцияға қажетті қаржыны жинап қойыпты, бірақ жол қаражаты табылмай тұр.

- Жолға ақша таппаған күннің өзінде біз қарызданып-қауғаланып Израилге жолға шығамыз деп отырмыз, - деді Диханның әкесі Махамбет Торғаев.

Кішкентай Диханның ата-анасы Израилге ертерек барулары керек еді, бірақ емге қажетті қаржыны уақытында жинап үлгермеген. Ғалия Торғаеваның айтуынша, сәбиге көмек көрсетілетін ауруханадағылар бұл жағдайды түсіністікпен қабылдап, операция мерзімін кері жылжытқан.
Екі жасар Дихан Торғаев.

Енді 2 желтоқсанда Диханға операция жасайды, бірақ олар Израилге одан сәл бұрын барулары тиіс. Соған байланысты Торғаевтар отбасы 27 қарашаға билетке тапсырыс беріп қойыпты.

- Бұдан ертерек баруымыз керек еді, қаржының аздығынан жолға шыға алмадық. Сол кезде дәрігерлер операция жасайтын мерзімді өзгертті. Осы жолы белгіленген уақытқа үлгермей қалсақ, келесі кезекке дейін жарты жыл күтуге тура келеді. Израилдік дәрігерлер вирустық аурулар азаятын мерзімді әдейі таңдап отыр. Бұл емнің шипа болуы үшін керек, - деді Ғалия Торғаева.

Ал Диханның әкесі болса өзінің отбасына көмек қолын созғандарға алғысы шексіз екендігін білдірді. Азаттық радиосы Диханға көмек көрсету мақсатында қоғамдық акцияға ерекше көңіл бөлген еді.

- Біздің алғысымыз мол! Диханның да көңілі көтеріңкі, тыным таппай жүгіреді, бірақ сөйлей алмайды. Жаратқанның көмегімен барлық қиыншылық артта қалар деп сенеміз. Азаттық радиосына ерекше ризашылық білдіргім келеді. Жақында үйге бір қарт кісі келді. Ол Диханның жағдайын өз көзімен көрейін деп Семейден арнайы келіпті. Баламыз жайында ол кісі Азаттық радиосынан естіпті. Біз жұрттың ниеті мен тілектері үшін ризамыз, - деді Махамбет Торғаев.

Енді Диханның ата-анасы операция күнін күтіп отыр, ем шипалы болады, сәбидің тілі шығып, өз еркімен тыныс алады деп сенеді. Әзірге Дихан ымдап қана түсіндіреді, түсіндіре алмағаны үшін жылайтыны да бар.

АЗАТТЫҚ ОҚЫРМАНДАРЫ – ДИХАНҒА

Кішкентай Диханның қолқа-өкпе жүйесінің дамуында туа бітті ақау – трахеобронхомаляция, дауыс шымылдығының параличі бар. Дихан өмірінің алғашқы үш айында жасанды тыныстату аппаратында жатты. Одан соң хирургиялық жолмен оның тамағына трахеотомиялық түтікше орнатылды, ол әлі күнге соның көмегімен тыныс алып келеді.

Дихан Торғаевтың өздігінен тыныс алуы және сөйлеуі үшін оған операция жасалуы керек. Қазақстанда ондай операция жасалмайды, Ресейде жасөспірімдерге ғана жасалады. Ондай операцияның Израилде жасалатынын анықтаған Диханның ата-анасы сол елге Диханның мәліметтерін жолдаған болатын.

Израилдік клиника дәрігерлері балаға операция жасауға келісім берді, бірақ жол жүруге және операция жасатуға бұл отбасы үшін қомақты қаражат керек. Дәрігерлер емнің құны - 30 мың доллар болады деп отыр. Көпшіліктің, соның ішінде Азаттық оқырмандарының қайырымдылығымен қажетті қаржының ауқымды бөлігі жиналды.

Дихан Торғаевқа қаржылай көмектесемін деушілер төмендегі реквизиттер бойынша ақша жіберулеріне болады.

Дихан Торғаев үшін веб-мани:

U203174074383
E390476178564
R472536602524
Z179885508190

Дихан Торғаев үшін Яндекс-әмиян:

41001323827976

Теңгемен ақша аудару үшін:

«Казкоммерцбанк» акционерлік қоғамының Екібастұздағы бөлімі
РНН 451600039542
БИК 193201737
Алушы: ТОРҒАЕВА ҒАЛИЯ ҚАТАЕВНА
РНН 450420016234
ИИК теңгелей шоттың № 032759931
Экономика секторының коды 9

Шетел валютасымен (АҚШ доллары) ақша аудару үшін:

АО Евразийский банк Алматы қаласы
РНН 600900063755
БИК 190501948
ИИК 082870118
шот № 4057091510003745
Алушы: ТОРҒАЕВА ҒАЛИЯ ҚАТАЕВНА
РНН 450420016234

Торғаевтар отбасының пошталық мекен-жайы:

Индексі: 141208
Павлодар облысы
Екібастұз қаласы
Энергетиктер көшесі, 69 үй, 89 пәтер.

Ұялы телефон: +007-701-580-08-82
Пәтер телефоны: (+007-7187) 33-08-51

Электронды адрес: torgaeva2009@mail.ru
XS
SM
MD
LG