Accessibility links

«Тұран Әлем Банк» борышкерлерге көмектесуден бас тартты


«Тұран Әлем Банкi» алдындағы пикет. Алматы, 23 қазан, 2008 жыл
«Тұран Әлем Банкi» алдындағы пикет. Алматы, 23 қазан, 2008 жыл

23 қазан күні «Халыққа баспана қалсын» қозғалысы «Тұран Әлем Банкінің» алдында кезекті наразылық акциясын өткізді. Банктің басты кеңсесіне жиналған борышкерлер оның басшылығынан өтелуі керек несие мерзімін 12 айға дейін шегеруді талап етті.

Алайда «Тұран Әлем Банкінің» басқарма төрағасы Роман Солодченко қозғалыс жетекшілерінің талаптарын орындай алмайтынын кесіп айтты.
Наразылық танытушыларға құқық қорғау органдарының қызметкерлері кедергі келтірген жоқ. Тіпті, пикетшілердің ұрандарын да тартып алуға әрекет етпеді. Борышкерлер Жолдасбеков көшесінің бойында жиналып, одан соң, аталған банктің кеңсесі орналасқан ғимараттың алдына келгенде, олардың алдынан «Тұран Әлем Банкінің» басқарма төрағасы Роман Солодченко шықты. Банк басшысы өз кабинетінде он адамды және ақпарат құралдарының өкілдерін ғана қабылдай алатындығын айтты.
Зәулім ғимараттың екінші қабатында өткен келіссөз сәтті басталмады. Жағдайдың бұлайша қалыптасуына бірнеше себеп әсер етті. Ең алдымен қозғалыс жетекшілері банк басшыларының баршаға ортақ бір шешімге келуге ыңғай танытып отырғанына қарамастан, өздерінің жазып алып келген үндеуін оқып, ондағы талаптар орындалмайтын болса, наразылық акциясын жалғастыра беретіндігін қатаң ескертті. Содан соң, олар президенттің тапсырмасымен құрылып жатқан «Дағдарыс қорын» мысал ретінде алға тартты.
"Тұран Әлем Банкінің" басқарма төрағасы Роман Солодченко, 23 қазан, 2008 ж.
Ескертетін бір мәселе, «Халыққа баспана қалсын» қозғалысына мүше 600 адамның 65-і осы «Тұран Әлем Банкінің» борышкерлері екен. Бүгінгі наразылық акциясының басты мақсаты 65 адамның өтелуі керек несиесін уақытша тоқтатқызуға бағытталды. Дегенмен, осы ұсынысты алға тартқан қозғалыс жетекшілерінің талабы орындалған жоқ. Себебі, банк басшыларына ең біріншіден, олардың сөйлеу мәнері, дөрекілігі және наразылық танытуды жалғастыра береміз деп қорқытқан әрекеттері ұнамай қалған көрінеді.
Аталған банктің басқарма төрағасы Р.Солодченко «Халыққа баспана қалсын» қозғалысының жетекшілеріне ешқандай көмек бере алмайтынын былайша түсіндірді:
«Біздің банкте несиесін уақытылы өтей алмай жүрген 2000-ға жуық борышкер бар. Бүгін сіздер айтып отырған 65 адамға көмектесетін болсақ, олардың артынан басқа да борышкерлер осындай талап қояды. Ал барлығына бірдей жеңілдік жасау мүмкін емес. Сіздердің ұсыныстарыңызға орай, біздің банк тек әрбір адамның мәселесін жеке-жеке қарап, содан соң бұл тығырықтан шығудың жолын ғана көрсету арқылы көмек қолын соза алады.


Келіссөз барысында қызу пікірталастар болды. Аталмыш қозғалыс жетекшісінің орынбасары Николай Комаров банк басшылығына өткен жылы Америкада басталған несие дағдарысының Қазақстанға да әсер ететінін біле тұрып, қарапайым халыққа ескерту жасамадыңдар деген айып тақты. Осы сөздерден соң екі тараптың арасындағы келіссөз түсінбестікке әкеп соқтырды. Тіпті, банктің басқарма төрағасы Роман Солодченко қатарынан бірнеше рет әңгімені тоқтатуға оқталды.
Сонымен, ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге қол жеткізе алмаған наразылық танытушылар банк басшылығына көңілдері толмай тарасты.

Бұл туралы видеоны қараңыз:
XS
SM
MD
LG