Accessibility links

"Салафит" атанған діндарды полиция есірткі қылмысы бойынша айыптап отыр, оның отбасы болса үрей құшағында


Атыраулық діндар Серікбай Латипуллаев есірткі сақтаған деген айыппен абақтыда отыр (суретті оның ұлы Сұлтан түсірген). Атырау, 23 сәуір 2009 ж.
Атыраулық діндар Серікбай Латипуллаев есірткі сақтаған деген айыппен абақтыда отыр (суретті оның ұлы Сұлтан түсірген). Атырау, 23 сәуір 2009 ж.

Атырау полициясы көшеден ұстап әкеткен Серікбай Латипуллаев есімді азаматтан заңсыз есірткі мен қару табылғанын алға тартып, оған айып тақты. Алайда жақын-туыстары Серікбайды дәстүрден өзгешелеу діни-сенім нанымы үшін заң орындары қудалап отыр деп санайды.

АТЫРАУЛЫҚ ДІНДАРДЫ ПОЛИЦИЯ КӨШЕДЕН ҰСТАП АЛЫП КЕТКЕН

Серікбай Латипуллаевтың туысқаны Шарифолла Сайфуллин, Азаттық тілшісіне Серікбайды заң өкілдері көшеден ұстап, күш көрсетіп алып кеткенін айтып берді.

– Сәуірдің 4-і күні машинамен келе жатқан Серікбайды жол полициясы қызметкерлері тоқтатқан. Көліктен шыққан Серікбайға тарпа бас салған бір топ маска киген арнайы топ қызметкерлері мен полиция өкілдері оның қолын артына қайырып, ұрып-соғып машинаға салып алып кеткен. Сол жерде шалбарының артына тапанша салып, шұлығына есірткі затын тығып жіберген. Оның: «маған салып қойған заттарыңды шығарыңдар» деп айқайлағанын естіген және осы оқиғаны көргендер де бар. Серікбайды ұстап әкететін күні біз намаз оқуға баратын «Әт-тақуа» мешітінің айналасын полиция қызметкерлерінің торып жүргенін байқаған едік. Онсыз да қуғында жүргендіктен, полицияның беймезгіл тобырынан секемденіп, сол күні үйден ұзап шықпадық, – дейді Шарифолла.

Серікбай Латипуллаевтың әйелі Лиза күйеуі ұсталған соң түн ортасында заң адамдары үйіне келіп, тінту жүргізгенін айтады:

– Біз үйде шәй ішіп отырғанбыз. Кешкі сағат 18.20-да кіші баламыз Сұлтан әкесіне телефон шалып, мектептен алып кетуін сұрады. Серікбай баласын алып келуге кеткен. Содан көпке дейін жоқ болып кетті. Түнгі 11-де үйімізге жүздеріне маска киген 15 шақты арнайы топ адамдары мен полиция қызметкерлері лап қойғанда зәреміз қалмады. Алғашында олардың дүрсілдетіп есікті сабалағандарынан қорқып ашпаған едім, содан соң олар Серікбайды алып келді. Күйеуімнің дауысын естіп есікті ашқанымда оның беті қан-жоса, үстіндегі киімдері топырақ, былғаныш екенін көрдім. Мұны бірден байқаған үйдегі Серікбайдың апайы: «Сені ұрған ба?» деп сұрап еді ол: «иә» деп жауап берді. Полиция қызметкерлері үйдің ішін тінтіп шықты. Ал одан есірткі, қару таптық деп отырғандары – таза жала. Біздің наразылығымызға полиция қызметкерлерінің бірі тіпті: «кімге не тастау қажет болса, соны тастаймыз» деп қоқан-лоқы жасап, «қарсылық көрсетсеңдер сендерді де апарып қамап тастаймыз» деп қорқытты, – деді Лиза Азаттық тілшісіне.

Серікбай Латипуллаев пен әйелі Лиза абақтыдағы кездесу сәтінде (суретті олардың ұлы Сұлтан түсірді). Атырау, 23 сәуір 2009 ж.
Шарифолла Сайфуллиннің айтуынша, үйге тінту жүргізгендер Серікбайға қажылыққа барған адамдар әкеліп берген «сидр» шөбін есірткі деген күдікпен алып кетіпті. Оған қоса, Серікбайдың апайының қызы интернеттен шығарып оқып жүрген көркем әдеби кітаптар – «Сожженная заживо» және «Мемуары принцессы» романдарын теріс бағыттағы кітаптар ретінде тәркілеген.

Ұсталған діндардың туысқандары Азаттық тілшісіне Серікбай Латипуллаевты заң қызметкерлері наркологиялық диспансерге апарып, сараптама жасатқан кезде одан тексеруге алынған зәрге есірткі қосқанын байқап қалып, Серікбайдың «мен бұл сараптамамен келіспеймін, қайта жасалсын» деп шу көтергенін айтып берді. Оның талабы бойынша дәрігер қайта сараптама жасағанда бәрі таза болып шықты дейді олар.

Қамауда отырған Серікбай Латипуллаевтың адвокаты Гуля Жұмаханованың айтуынша, қазір одан «табылған» заттар арнайы сараптамаға жіберілген екен.

Атырау облыстық ішкі істер басқармасының ұйымдасқан қылмыспен күрес бөлімінің бастығы Асқар Темірғалиев Серікбай Латипуллаев тек Қылмыстық кодекстің 259-шы бабына (есірткі) сәйкес тұтқындалғанын мәлімдеп отыр.

Азаттық тілшісінің: «Серікбай Латипуллаев бұрын-соңды есірткіге байланысты істі болып па еді?» деген сұрағына полицияның өкілі: «Жоқ, болған жоқ» деп жауап берді.

«САЛАФИТТЕР» РЕТІНДЕ БИЛІКТІҢ «ҚАРА ТІЗІМІНДЕМІЗ»

Шарифолла Сайфуллиннің сөзіне сүйенсек, қамауда отырған Серікбай Латипуллаев дін жолына түскеннен бері бұрын кәсіпкер ретінде айналысқан арақ-шарап саудасын тоқтатқан, тіпті, кейбір қалған тауарларын сатып, пайда табудың орнына сындырып та тастаған көрінеді.

– Осындай харам әркеттерден бойын аулақ ұстайтын адамды есірткімен айналысады дегендері ақылға сыймайды. Бұл адамға Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен Ішкі істер депртаментінің қызметкерлері тікелей қиянат жасап отыр, – деп есептейді Шарифолла Сайфуллин.

Шарифолла Сайфуллин, Атырау, 25 сәуір 2009 ж.
Ол, Серікбай секілді, өзінің де діни сенім-нанымына байланысты 2003 жылдан бері заң орындарының жасақтаған «қара тізімінде» тұрғанын айтады:

– 2003 жылы Атырауда, жеке кәсіпкер ретінде тапқан өз қаражатыма мешіт салдым. Алайда, кейін онда «экстремистік бағыттағы адамдар жиналады екен» деген алыпқашпа әңгімелер көбейіп кеткен соң, оны муфтиятқа тапсыруды жөн көрдім. Содан бастап ел ішінде қандай да бір оқыс оқиғалар бола қалса, құқық орындары соны бізге таңуды шығарды. Әрқилы сұрақтармен шақырып алып, «елден кеткің келмей ме?» деп түрткілеп, мазалай береді. Серікбайды да, мені де «салафиттер» деп атайды. Ал біз тек «таза діннің», әу баста ата-бабаларымыз ұстаған діннің жолындамыз, – дейді Шарифолла Сайфуллин.

Шарифолла Сайфуллиннің айтуынша, Серікбай Латипуллаев өзінің аяқасты қамауға алынуының бір себебі - діни дәстүрге сай қойған сақалына байланысты ма деп ойлап, абақтыда оны жып-жылмағай етіп қырып тастапты.

– Бізді не үшін мазалайтынын, тыныш өмір сүруімізге мүмкіндік бермейтіндерін түсінбеймін. Діни экстремизмге де, уаххабилерге де, терроризмге де, саяси партиялар жұмысында да араласым жоқ. Сонда намаз оқып, мұсылман болғанымыз үшін кінәліміз бе? Әсіресе мына Серікбайды ұстап әкеткеннен бері мен де алаңдаулымын. Үй-ішімнің де шырқы бұзылды. Балаларым «әке, сені неге полиция шақырады?» деп мазасызданатын болды. Төртінші балаға аяғы ауыр әйелім де: «сені ұстап алып кетсе біз қалай күн көреміз?» деп сары уайымға салынып жүр. Осыдан барып амал жоқ, кету жайын ойланады екенсің. Бірақ, Қазақстан менің жалғыз Отаным. Одан кетіп, бала-шағамды шұбыртып қайда бармақпын? – дейді ол.

«БИЛІКТІҢ ҚУДАЛАУЫНА ШЫДАМАҒАН ДІНДАРЛАР ШЕТЕЛГЕ БОСЫП КЕТТІ»

Бұған дейін де Атырауда діни көзқарасы үшін билік тарапынан қысым көріп, тіпті, мәжбүрліктен шет мемлекеттерге бассауғалап кеткен адамдар болғанын еске алады Шарифолла Сайфуллин:

– Чехияға, басқа мемлекеттерге кетіп қалған жігіттердің де көргендері осы болған еді. Олардан басқа, мәселен, Египетте Ақан Сапаров деген азамат бала-шағасымен қаңғып жүргенін білемін. Елге келгісі келеді, бірақ, мұнда келсе себепсіз түрмеге жауып тастайды ма деп қорқады.

Шарифолла Сайфуллин өзін негізсіз кінәлап, қудалауды тоқтатуды сұрап Ұлттық қауіпсіздік комитетіне, облыстық және қалалық прокуратураға арыз жазғанын айтады. Ол бұл шағым хатының бір көшірмесін Орталық Азияның адам құқығын қорғау жөніндегі мұсылман комитеті ұйымының төрағасы Мұрат Телібековке де жолдапты. Онда өзіне көрсетіліп отырған психологиялық, моральдық қысымнан құтқаруды өтінген.

«БАЛАЛАРЫМ ӘКЕСІН ІЗДЕЙДІ»

Тұтқындағы Серікбай Латипуллаевтың зайыбы Лиза Латипуллаева болса, қазір өздерінің жағдайларының өте ауыр екенін де жасырмады:

– Үйден шыға алмаймыз. Себебі, полиция менің күйеуіме тыйым салынған заттарды ашық салып, жала жауып отырғанда, маған немесе басқа туысқандарымыздың қай-қайсысына болса да кез келген уақытта тағы бірдеңе салып кетуі әбден мүмкін деп ойлаймыз. Сондықтан жалғыз жүрмейміз, топ болып, туыстарымызбен бірге жүруге тырысамыз.

Лиза Латипуллаева әсіресе 12 жасар баласы Сұлтанның жағдайына қатты алаңдап отырғанын айтады. Беті-аузы қан, қолына кісен салынған әкесін көргеннен бері баланың ұйқысы мүлде нашарлап кетіпті.

– Түнде ылғи шошып оянады. Әкесін сағынып, әрі уайымдап, үнемі жылаумен жүр. Оның үстіне қала кішкентай ғой. Бәрі бір-бірінен естіп, балаға келіп әкесі жайлы сауалдар қояды. Осының бәрі баланың жүйкесін жұқартып отыр.Оған арнайы психиатр маманның көмегі қажет. Үлкен баламыз да қатты уайым үстінде, – дейді Лиза Латипуллаева.
XS
SM
MD
LG