24 қыркүйекте Каспий теңізінде әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде жел күшейіп, 12 әскери суға кетіп қаза тапты. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен 25 қыркүйек елде аза түту күні деп жарияланды. Оқиғаның анық-қанығы.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Каспийдегі оқу-жаттығу кезіндегі 12 әскери қаза тапқан, екеуі әлі іздестіріліп жатыр. Бір сарбаз ауруханаға жеткізілген. Ведомство алғашында тоғыз сарбаздың қазасы жайлы хабарлаған. Кейін қаза болғандар саны 12-ге жетті.
Министрлік опат болған сарбаздардың есімін де жариялады. Марқұмдардың көбі - әскерге шақырылған қатардағы жауынгерлер.
- Олжас Мұхтарұлы, аға лейтенант;
- Сержан Аяпберген, матрос, қатардағы жауынгер;
- Өмірбек Өмірзақ, матрос, қатардағы жауынгер;
- Алмас Көбенов, матрос, қатардағы жауынгер;
- Ақылбек Төлеген, матрос, қатардағы жауынгер;
- Жеңіс Темірғалиев, матрос, қатардағы жауынгер;
- Мейрамбек Бердіханов, матрос, қатардағы жауынгер;
- Әсет Жаңабай, матрос, қатардағы жауынгер;
- Азамат Мадихан, матрос, қатардағы жауынгер;
- Дастан Бегей, матрос, қатардағы жауынгер;
- Ақжайық Гилаж, матрос, қатардағы жауынгер;
- Олжас Диханбаев, матрос, қатардағы жауынгер.
Қазір Мансур Гумаров пен Мирас Тұрдыбекұлын іздестіріп жатыр. Ал Ақжол Темерхан ауруханаға түскен. Дәрігерлер жағдайы ауыр деп хабарлады.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскерилердің туыстарына көңіл айтып, үкіметтік комиссияны оқиғаның мән-жайын анықтауды және қаза болған әскерилердің отбасына көмек көрсетуді тапсырды. Бұған қоса, президент 25 қыркүйекті қаралы күн деп жариялады.
Қорғаныс министрлігі "қаза болғандардың отбасыларына қажетті барлық көмек пен қолдау көрсетілетінін" хабарлады.
Іздеу-құтқару жұмыстарына әскери-теңіз күштерінің, төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, авиация және басқа да қызметтер жұмылдырылды. Оқиға орнына қорғаныс министрі Дәурен Қосанов бастаған қорғаныс министрлігінің комиссиясы шұғыл барған.
Бас прокуратура Ақтау гарнизонында әскери жаттығу кезінде опат болған сарбаздардың өліміне байланысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Жедел тергеу тобы құрылды. Тергеушілер оқиғаның жай-жапсарын анықтап, тиісті сараптама жүргізілетіні айтылды. Бас прокуратура тергеу ерекше бақылауда болатынын хабарлады.
Әзербайжан сыртқы істер министрлігі Қазақстанға Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде әскерилердің қаза табуына байланысты көңіл айтты.
ӘСКЕРИ ЖАТТЫҒУ ЖИЫНЫ ТУРАЛЫ НЕ БЕЛГІЛІ?
Қорғаныс министрлігі 22 қыркүйекте Каспий теңізінің қазақстандық секторында "Хазар қорғаны-2026" оқу-жаттығуы басталғанын хабарлаған. Жаттығу жиынына қарулы күштер әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы, бірінші дәрежелі капитан Қанат Ниязбеков басшылық ететіні айтылған.
Ведомство оқу-жаттығу жиынына 500-ден аса әскери қызметші, әскери кеме экипаждары, жаалау бөлімшелері, ҰҚК шекара қызметінің жағалау күзеті, әуе қорғанысы күштері қатысып жатқанын мәлімдеген.
Ақпарат құралдарының мәліметі бойынша, оқиға болған жерде жел екіпіні қатты, теңізде толқын күшті. 24kz телеарнасының оқиға орнынан хабарлауынша, ауа райының қолайсыздығы іздестіру жұмыстарына кедергі жасап тұр.
"Қазгидрометтің" мәліметі бойынша, екінші күн қатарынан Маңғыстау облысында желдің екпіні секундына 15-20 метрге жетеді.
2015 жылы да Ақтаудағы "Орталық - 2015" оқу-жаттығу кезінде төрт әскери қызметкер суға кетіп қаза болған еді. Сол кезде алты БТР-80 көлігі мен 52 әскери қызметкер теңізге шығып, қатты желдің салдарынан көліктер суға батып кеткен. Төрт сарбаз да опат болған. 2016 жылы күзде Ақтау гарнизон соты алты офицер мен әскери қызметкерді "жаттығу жүргізу ережесін бұзғаны үшін" 2,5 жылға дейін түрмеге кесті.