Accessibility links

Жабылған компаниялар, "әдемі сандар" және нығайған теңге. Салық реформасының нәтижелері

Қазақстанда үлкен даумен қабылданған салық кодексі жұмыс істегелі төрт ай болды. Үкімет оның нәтижесі өте жақсы, бюджетке түсім артты дейді, ал кәсіпкерлер арасында жаңа ереженің зардабын тартып жатқандар көп. Сарапшылар не дейді?

Ұлттық статистка бюросының дерегінше, салық кодексі күшіне енген 2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда 9,1 мыңнан аса компания жабылған. Былтырғымен салыстырғанда көрсеткіш 1,6 есе артқан.

Жабылған компаниялардың 99,8%-ы – шағын кәсіпорын (9,1 мың). Орта көлемдегі жабылған компаниялар саны былтырғымен салыстырғанда 2,4 есе өскен.

Бір тоқсанда нарықтан негізінен сауда саласында жұмыс істеген компаниялар кеткен (3 мың). Құрылыс саласында – 1000, өңдеу өнеркәсібінде 523 компания жабылған. Ең көбі Алматы, Астана, Шымкент сияқты мегаполистерде.

Статистика бюросы жариялаған дерекке сәйкес, биыл үш айдың ішінде Қазақстанда 59 мыңнан астам жас кәсіпкер бизнесін тоқтатқан. Оның көбі сауда саласында істеген.

Биыл Қазақстанда қосылған құн салығы 12-ден 16 пайызға өсті. Бұрын қосылған құн салығын жылдық айналымы 78 млн теңгеден асатын кәсіпкерлер төлейтін. Қазір бұл шек 43 млн теңгеге түскен. Бизнестердің жабылуына осы өзгеріс себеп деп санайтындар көп.

"ЖОСПАР 101 ПАЙЫЗ ОРЫНДАЛДЫ"

Тенденцияға назар аударған билік өкілдері бұл реформадан соң көбіне жасырын, жұмыс істемейтін компаниялар жабылуға мәжбүр болады деген.

Қазақстан премьер-министрінің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин. Астана, 11 желтоқсан, 2024 жыл.
Қазақстан премьер-министрінің орынбасары, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин. Астана, 11 желтоқсан, 2024 жыл.

Қазақстан премьер-министрінің орынбасары. ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин салық реформасының алғашқы нәтижесі жақсы дейді. Оның айтуынша, 2026 жылғы үш айда бюджетке түскен салық көбейген. Ал шағын және орта кәсіп санының азаюы бизнестің жаңа бағытқа өзгергенін білдіреді дейді ол.

Вице-премьердің жазуынша, биыл қосылған құн салығын (ҚҚС) төлеушілер саны да көбейген. "Салық реформасынан шағын және орта бизнес жаппай жабыла бастайды, ал бюджет кіріссіз қалады деген пікір жиі айтылып еді. Алайда шындық басқаша болып шықты" деп жазды Жұманғарин Facebook желісіндегі постында. Оның дерегінше, қаңтар–наурыз айларында бюджетке 4,1 трлн теңге түскен. Былтырғы осы кезеңімен салыстырғанда өсім – 26,1%. Жоспар 101,8%-ға орындалды дейді Жұманғарин.

"АСЫҒЫС ҚОРЫТЫНДЫ"

Алайда вице-премьер постының астына көп қолданушы, кәсіпкерлер мен азаматтар "қате қорытынды жасап отырсыз" деп пікір қалдырған.

"Бұл – асығыс жасалған қорытынды. Кемі жарты жыл күткен дұрыс. Қазір бизнес ішінде не болып жатқанын, бағалар қалай өзгергенін сырттан қарап түсіну қиын. Ал ішкі жағдай өте ауыр: бірінші тоқсанда пайда да, халықтың сатып алу мүмкіндігі де қатты төмендеп кеткен. Оның салдарын сіздер тек жылдың екінші жартысында көресіздер. Қазір көріп отырған салық түсімдері де толық картина емес. Көп бизнес 2025 жылдың аяғында алдын ала тауар алып қойды, себебі ҚҚС 12% кезінде алып үлгергісі келді. Сол себепті қазір өсім бар сияқты көрінеді. Шын мәнінде жағдай нашарлап жатыр", – деп жазды Ринат Хамиди есімді қолданушы.

"2 жылдан бері алғаш рет 3 айды минуспен аяқтадық. Қаңтар, ақпан, наурыз айында таза табыс мүлде түспеді. Барлық зат қымбаттады, сол себепті қызмет көрсету бағасын да 25% өсіріп едік, клиенттер саны 40% азайып кетті. Кейінгі үш айда қызметкерлер жалақысын өз қалтамнан төлеуге тура келді. Ғимарат жалдау ақысы 30% қымбаттады. Тағы осылай 4-5 ай жалғасса, бизнесті жабуға тура келеді", – деп жазды Мейірхан Амангелдиев.

Әлеуметтік желіде базар, сауда орталығы сияқты орындарда дүкен, қызмет көрсету орны сияқты шағын бизнес нысандары жабылып, сауда орындары бос тұрғанын көрсететін видеолар жиі таралады.

Вице-премьер Серік Жұманғарин "барлық пікірді оқып шықтым, сұрақ пен эмоция көп екен, ең өзектілерін Салық кодексі бойынша отырыста талқылаймыз" деп қайта жазба жариялады.

"ЖАУАПКЕРШІЛІК ЖҰМАНҒАРИННІҢ МОЙНЫНДА"

Салық кодексін мақұлдаған мәжіліс депутаттарының өзгерістің нақты әсері туралы пікірі әртүрлі. Бірі шағын және орта бизнеске ауыр соққы болғанын айтады, ал ендігі бірі түбегейлі баға беру үшін уақыт қажет дейді.

Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева. Астана, 26 қараша 2021 жыл.
Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева. Астана, 26 қараша 2021 жыл.

– Қандай салық түсті, қандай бизнестер жабылды, статистикаға қарау керек. Салық көбейгені бір жағынан өте жақсы үрдіс қой. Себебі әлеуметтік төлемдер бар, мектептер, жолдар салынуы керек, оның барлығы – салықтан түсетін ақша. – деді мәжіліс депутаты Снежанна Имашева Азаттыққа.

Депутат Олжас Құсбеков те салық түсімі көбейді деп қазір қуану ерте деген пікірге келіседі.

– "Балапанды күзде сана" дейді ғой. Бұл реформаның нәтижесі күзде көрінеді, – дейді депутат. Құсбеков "бизнесім жабылып қалды" деп өзіне хабарласқан адам болған жоқ деп сендірді. Оның ойынша, қазір бизнес жаңа салық тәртібіне бейімделіп жатыр.

Бұл салық реформасына наразы болған "Ақжол" фракциясының басшысы Азат Перуашевтің айтуынша, кей кәсіпорын айналымы 30-40 пайызға дейін азайған. Реформаның экономикалық салдары "өте ауыр болады" дейді ол. Оның белгілері кәсіпкерлер салық есебін өткізетін жарты жылдық межеден кейін белгілі болады, сонда реформаның саяси жауапкершілігі оны "еркек ретінде, мемлекеттік қызметкер ретінде мойнына алған" вице-премьер және ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің мойнында дейді Перуашев.

"САНДАР ӘДЕМІ, АЛ ХАЛЫҚТЫҢ ӨМІР САПАСЫ НАШАР"

Ұлттық экономика министрінің жазбасымен жаңа салық режимінің жұмыс істеп жатқан қазіргі нарықтағы ахуалға қатысты экономист Мақсат Халықтың пікірін сұрадық.

Азаттық: Сіздіңше қанша уақыттан кейін салық кодексінің артықшылығы мен кемшілігі туралы кесімді пікір айтуға болады? Жалпы ұлттық экономика министрінің есебін оқып, танысқаннан кейінгі пайымыңыз қандай?

Экономист Мақсат Халық. Алматы, 7 қазан 2019 жыл.
Экономист Мақсат Халық. Алматы, 7 қазан 2019 жыл.

Мақсат Халық: Шынын айту керек, былтыр осы салық кодексін қабылдап жатқан кезде экономист ретінде мен "үкімет қысқа мерзімде мақсатына қол жеткізеді, ә дегенде бюджет кірісін арттырады, белгілі бір дәреже бюджет тапшылығын жабуға қадам жасалады" дегенмін. Өйткені салық өскеннен кейін ә дегенде түсімдер ұлғаятыны түсінікті және "алға қойған межені орындадық" деп мақтанып айтады деген де болжам айтқанмын. Қазір ол мақтану тіпті ерте болғанын да көріп отырмыз. Негізінде бұл ең ерте дегенде жылдың аяғындағы қорытындыда нақты көрініс табады.

Осы жылғы бюджет түсімі едәуір жоғары болады деп ойлаймын. Себебі қосылған құн салығы өскен, бизнеске қойылған нақты меже бар.

Бұл өзгерістер көп бизнестің төлем қабілетін белгілі бір дәрежеде түсіріп жатыр. Олар қазір бұл салықты төлеуге дайын, бірақ көбі жабылу үстінде деп айтуға негіз бар. Ол компаниялар келесі жылы салық төлемейді деген сөз. Яғни келесі жылы қазіргі картина, келтіріліп отырған мәліметтер мүлдем басқа сипатта көрініс табарына сенімдімін.

Яғни үкімет биыл әлі де мақтана береді. Дей тұрғанмен, Жұманғариннің есебі шын мәнінде өткен жылға тиесілі. Дәл қазір есеп беретін уақыт емес деп айтуға толық негізі бар. Ең құрығанда жарты жыл күту керек еді деп есептеймін.

Азаттық: Үкімет шағын және орта бизнес субъектілері санының 5,3%-ға азаюын "трансформация" және ірілену деп түсіндірген екен. Дегенмен бұл тұжырым қандай деректерге негізделгені айтылмапты. Сіздіңше жабылған кәсіпорындар, шынымен, ірі бизнеске өтті ме, әлде жаңа салық режимінде қызметін тоқтатты ма?

Мақсат Халық: Шағын және орта бизнес өкілдерімен тығыз байланыстамын. Иә, белгілі бір дәрежеде трансформациядан өтіп, салық режимін өзгертіп жатқандар бар, жоққа шығармаймын. Дей тұрғанмен, көпшілігі жабылудың алдында тұрғанын айтып жатыр. Яғни, біраз азамат қазір тапқан табысын салыққа төлеп отырғанын айтады. "Дәл осы жағдай жалғаса беретін болса, алдағы уақытта компаниямызды аман ұстап қалу екіталай" деп жатқандарды де естідім. Қазіргі статистиканың өзі шағын және орта бизнестің кему тенденциясы бар екенін көрсетеді, алдағы уақытта ол ұғаймаса, азаймайды.

Үкімет салықты өсіруді емес, керісінше іскерлік бесенділіктің одан ары дамуына қолдау білдіріп, инфрақұрылым қалыптастырса ғана белгілі бір дәрежеде экономикалық өсімге қарай жылжитын едік. Ал бізде керісінше дәл осы экономикалық өсімді туғызатын іскерлік бесенділік көрсеткіші саналатын шағын және орта бизнеске салық жүктемесін арттырып отыр. Демек, бұл жағдай кері әсер ететін болады.

Азаттық: Қосылған құн салығы өсуінен болған инфляциялық әсер 2025 жылдың соңы мен 2026 жылдың басында өтіп кетті деген пікірге келісесіз бе?

Мақсат Халық: Ішінара келісемін. Өйткені 2025 жылдары қалай қосылған құн салығын өсіреміз деп мәлімдеме жасалған кезде нарықты өлшеп, алдын ала болжам жасайтын, нақты стратегиялық мақсаттар қоятын есі дұрыс компаниялар бағаны дереу өсірді.

Өйткені олар жаңа ережелерді ескеріп, нарықты байқап көру арқылы бағаны қаншалық өсіре алатынын тексеріп, қадамдар жасап көрді. Біз оны өткен жылы байқадық. Ал қазіргі және алда болатын қымбатшылық көбінесе шағын және орта бизнеске қатысты. Олар осы есептемелерін жүргізбеген, қанша салық төлейтінінен әлі нақты хабардар болмаған. Көптеген заңды тұлға жағдайды енді көріп, "мәссаған, осынша салық төлейді екенбіз" ғой деп отыр.. Демек, енді олар алдағы қаржылық есебінің бәрін қайта жүргізіп, тауар, қызметтерін қымбаттатады. Ол қымбатшылықты алдағы уақытта көреміз.

Азаттық: Halyk Finance сарапшылары жақында жарияланған есебінде биыл Қазақстанда жалпы экономиканың өсу қарқыны баялауды дейді . Алайда ресми ақпарат бойынша кейінгі айларда инфляцияның өсуі де баяулай бастаған. Теңге нығайып жатыр. Осы үш фактордан қандай қорытынды шығады?

Мақсат Халық: Макроэкономикалық көрсеткіштерді талдасақ, бірінші кезекте инфляцияның расымен сәл-сәл баяулау үдерісі бар. Бірақ әлі де екі таңбалы инфляция сақталып тұр. Яғни 10%-дан жоғары. Ал бұл баяу инфляция емес, қарқынды инфляция әлі сақталып тұр деген сөз. 10%-дан түссе, белгілі бір дәрежеде қалыпты инфляцияға қол жеткіздік деп айтуға болады. Қарқынды инфляция сын-қатер туғызып тұр.

Одан бөлек Таяу Шығыста болып жатқан жағдайлар, геосаяси фактордың ықпалы, энергетика ресурстарының қымбаттауы бар. Біз импорт елі болғандықтан, алдағы уақытта сырттан тауарлар қымбат болып келе бастайды. Яғни логистика да, тауар өндірісін өзі де қымбаттайын деп тұр. Ал Ұлттық банктің базалық пайыздық мөлшерлемесі несиені, тұтыну көлемінің азаюына әсер етіп, сұранысты төмендетті. Соның да әсерінен болса керек, инфляция сәл болса да баяулады.

Бұған қоса базалық пайыздық мөлшерлеменің жоғары болуы теңгелік инструменттерді қызықты етіп отыр. Қазір депозиттер 20% деңгейінде, Қазақстан резиденті емес шетелдіктер де, инвесторлар да келіп, осы жерден теңге сатып алып, теңгелік инструменттерге ақша салып жатыр. Осының барлығы теңгенің соңғы уақытта күрт күшеюіне ықпал етті.

Сондықтан қазір жалпы экономика аумалы-төкпелі, үлкен сын-қатерге толы кезеңде десек болады. Бұл жерде инфляцияға Ұлттық банк жауапты болғанымен, үкімет араласуы керек. Үкімет инфляцияны төмендеу үшін не істейді, қандай қадамдарға барады, сол өте маңызды. Бізде көбінесе шенділер базар аралап жүреді, белгілі бір дәрежеде сыртқы форманы ғана көрсететін қадамдармен шектеліп жатады. Ал инфляцияның себеп-салдары қандай, соған көңіл бөліп, осы мәселелердің барлығына Ұлттық Банкпен бірге жүйелі түрде кешенді қадамдар жасау керек. Әйтпесе белгілі бір дережеде экономикалық өсім бар, сандар әдемі, ал халықтың өмір сапасы мен төлем қабілеті нашар жағдайда.

Айдар
XS
SM
MD
LG